Неке жүзігін тағу шарт па , күнә ма?

Oinet.kz 06-06-2019 1867

photo_77409.jpg

            Жігіттің үйленгенін, отбасылы екенін, ал қыздың тұрмыс құрғанын әдетте саусағындағы неке жүзігіне қарап ажыратып жатамыз. Екі жас шаңырақ көтергеннен кейін  бір-біріне неке жүзігін тағу рәсімге айналған. Ерлі-зайыптылар тойға дейін сақина таңдап, оны тағуға асығады. Жүзік  бүгінгі күні үйленудің басты шартына айналғандай. Көптеген жастар  жүзікті отбасылық өмірдің нышаны ғана емес ерлі-зайыптының махаббатын арттырып, араларындағы қарым-қатынасты нығайтады дегенге  сенеді. Алайда соңғы уақытта саусағында неке жүзігі жоқ  жұптарды көптеп көріп жүрміз. Мұны олардың  сақина сатып алуға жағдайының жоқтығынан емес, діни ұстанымдарымен байланыстыра аламыз. Әсіресе бес уақыт намазын қаза етпейтін және хиджап киген әйелдердің саусағынан неке сақинасын ұшырастыруыңыз екіталай. Себебі неке жүзігін тағу шариғатқа қарсы әрекет деп түсініп, оны батыс елдерінің салтына еліктеушілік деп қабылдайды. Неке жүзігін таққан адамдарға теріс көзқараспен қарайды.  Зерттеулер бойынша неке жүзігінен бас тартқандардың көбісі жат ағымның жетегіне ергендер екен.  Ия, дәстүрлі емес ағымдардың уағыздарына саналары уланғандар көптеген дәстүрді жоққа шығаруда. Елдегі бірлікті, ынтымақты бұзуды ниет еткендердің де негізгі мақсаты адамдарды салт-дәстүр, қалыптасқан қағидадан алшақтатып, отбасынан, жақындарынан бөлектеу, соңында оны қоғамнан түбегейлі  шеттету.

          Неке жүзігінің шығу тарихына үңілсек бұл бұйым ерте заманда сонау Мысыр елінде пайда болған деседі.  Адамзат тарихында осыдан 5 000 жыл бұрын пайда болған алғашқы неке жүзіктері бүгінгідей алтыннан жасалмаған. Египеттіктер оларды Ніл өзенінің жағалауында өсетін қамыстардан дайындаған көрінеді. Бертін келе отау құрған екі жастың жүзік тағуы Еуропа елдеріне де жетіп, дәстүрге айналды. Қазіргі таңда бұл рәсім көптеген мұсылман елдерінде де қалыптасқан. Соның ішінде қазақ халқы да бар. Мұсылман қауым некеге тұрарда қасиетті Құран Кәрімге, шариғатқа сүйенеді. Яғни шариғаттың заңы бойынша жаңа өмірге қадам басады. Ал осы шариғатта неке жүзігі туралы не айтылған? Жалпы ол шынымен де батыстан келген дәстүр ме, әлде ислам діні де оған рұқсат берген бе? Жастардың неке жүзігін тағуды харамға балауы қаншалықты ақиқат?

          Теолог мамандар, имамдар шариғатта неке жүзігін тағу шарт деп жазылмағандығын растайды. Демек неке жүзігін тағу күнә ма деген сұрақтың  туындауы заңды. Ханафи мәзхабының ғұламасы Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи былай дейді: Бір әрекетімізді өзге діндегілерге ұқсап кетеді деуіміз үшін  екі шарты бар. Біріншісі, аталмыш әрекеттің өзі шариғатта тыйым салынған болуы керек (мысалы, темекі шегу, арақ ішу, бөтен қыз бен еркектің билеуі сияқты, т.б.); Екіншісі,  шариғатқа теріс келмегенімен ол әрекетті өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жасаған болуы.

Ендеше, отбасы құрғысы келген мұсылман қауымы  мына талаптарды ескеретін болса, «неке жүзігін» тағуға рұқсат: Біріншісі – неке жүзігін тағарда ер кісі алтын емес, күміс жүзік таңдауы ләзім. Әйелге алтын жүзік болады. Екінші талап – неке жүзігін тағарда батыстағыларға еліктеу ниеті болмауы тиіс. Міне, осы екі талапты ескеретін болсақ, неке жүзігін тағудың шариғатқа еш терістігі жоқ екен. Сондай-ақ неке жүзігі туралы танымал шейх Ибн ‘Усаймин былай дейді: “«Дибләтул-хутуба» (неке жүзігі) дегенде жүзікті айтады, ал жүзік өз негізінде хәлал (рұқсат етілген) болып табылады. Алайда  бұл (жүзіктер) ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты күшейтеді деген жалған наным-сенімге алданбау қажет. Кейбір адамдар қалыңдыққа беретін жүзігіне өздерінің есімдерін жазады, қалыңдық болса өз кезегінде де тура соны істейді. Олар мұнысымен «бұл біздің бір-бірімізге деген ынтызарымыздың себебі болады» деп пайымдайды. Мұндай жағдайда неке жүзігі харам болып табылады. Себебі не шариғатта, не шынайы болмыста мұндай байланысқа жүзік түрткі болады деуге негіз жоқ. Сондай-ақ (құда түсетін) күйеу жігітке қалыңдықтың саусағына жүзік тағуына болмайды. Өйткені қалыңдық ол үшін (қолын тигізуіне болмайтын) бөтен әйел. Тек неке қиылғаннан соң ғана оның әйелі болады”.

      Ендеше, неке жүзігін тағу харам деп байбалам салып жүргендер мұны тек отбасылық өмірдің нышаны деп қабылдаса игі. Дінді, шариғатты алға тартып сақина таққан адамдарға күнәһар ретінде қарау дұрыс емес. Себебі  радикалды топтардың мақсаты жастардың арасында туындаған  осы секілді сауалдарға өздеріне пайдалы жауапты тауып, елді адастыру, түптеп келгенде мұсылман қауымын бір-біріне жау етіп көрсету. Сондықтан әркімнің сөзіне ере бермей тек Құран Кәрім мен хадистердің жолымен жүрсек адаспасымыз хақ. Ал неке жүзігі туралы  мамандардың пікірі қандай     екен?


Серік Құрманов,  Қарағанды облыстық мешітінің имамы:

                                       «Шариғатта айтылмаған»

        Неке жүзігі қазіргі таңда екі жастың отбасы болғандығын білдіретін басты нышанның біріне айналды. Ол дәстүрге айналғанымен, неке жүзігі – ислам дінінде некенің шарты болып табылмайды. Яғни шариғатта айтылмаған. Сондықтан шаңырақ көтерген жастар неке жүзігін тағуды парыз, шарт деп санамау қажет. Тек бойдақ еместіктерін, отбасылы адам екендіктерін білдіру үшін тақса еш айыбы жоқ.   


Болатбек Наурызбаев,   «Али-Мұса»  мешітінің имамы:

                                             «Парыз бен дәстүрді ажырата білу керек»

          Неке жүзігін тағу туралы шариғатта айтылмағаны рас.  Қысқаша тарихын айтатын болсақ Рим империясы кезінде үйленген жас жұбайларды   қолдарына білезік тағып қосатын болған. Кейін заманның өзгеруіне байланысты білезік кішірейіп саусаққа өткен. Ал неке жүзігі деген түсінік ислам дінінде  жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.с) ең кішкентай саусағына   жүзік  тағып жүретін болған.  Оның жүзігі күмістен жасатылған. Негізі ер адамға  күміс тағу абзалырақ, өйткені шариғатта алтын тағу ер адамға харам саналады.  Ал айел затына  алтын сақина таққан жарасады. Айтайын дегенім ер адам болсын, әйел болсын сақина тағу ешқандай күнә емес, бүгінгінің  «діндарлары» айтып жүрген секілді оны тақса ешкім кәпір болып қалмайды. Тек адамдар шариғаттың парызы мен дәстүрдің аражігін ажырата білсе болды.

 

Қуат Ерғалиұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:

                            «Еліктеушілік сиппатта болмасын»

              Кейбір деректерде «неке жүзігін тағу» дәстүрі сонау ертеректе (Исламнан бұрын) Мысыр елінен шыққан делінсе, кейбір зерттеушілер  оның түп тамыры көне Грекия жерінде жатыр деседі. Неке тағу рәсімі  қазіргі таңда біздің елімізде де әдетке айналған. Қоғамымызда неке жүзігін тағу үйленгендіктің белгісі саналады. Неке жүзігін тағу шариғатта жоқ. Некесін қиып жатқан мұсылман екі жас батыс еліне еліктеп, соларға ұқсау үшін неке жүзігін тағатын болса, олардың бұл рәсімдері хадисте айтылғандай мұсылман еместерге ұқсау болып есептеледі. Бұл – күнә. Хадисте мынадай сөз бар: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады». Бүгінде неке жүзігі қоғамымызда екі жастың үйленіп, үй болғандығының, бұл жұптардың басы бос емес екендігінің белгісі. Сол себепті, үйленгелі жатқан мұсылмандар бұл қадамға  қоғамымызда қалыптасқан дағды бойынша барып, «неке жүзігі – үйленгеннің нышаны» деп қана ниеттенсе  неке жүзігін тағудың (ер кісілерге күміс неке жүзігін тағу шартымен) еш әбестігі жоқ.  

Дерек пен дәйек: Ислам діні бойынша Айт күндері жүзік тағу мүстаһаб және де оны елге көрсету үшін, мақтану ниетімен тағу харам болып табылады.

Әбдіғаппар Сманов: «Надандыққа надандықпен жауап беруге болмайды»
Абдулла қажы Жолдасұлы: «Шектен шығушылық – тығырыққа тірейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу