Намаз оқымағанның бәрі кәпір ме?

Oinet.kz 06-06-2019 1854

Screenshot_3.jpg

        Дінімізде иманнан кейін ең бағалы ғибадат намаз. Исламның екінші шарты. Маңдайын сәждеге тигізіп, бес уақыт намазын қаза етпеген пендені Алла тағала тозақ отынан сақтап, пейіштен орын береді.

       Кеңес үкіметі қанша ғасыр қыспаққа алып, ата-бабамызды исламнан алшақтатқысы келгенімен біздер мұсылмандығымызды жоғалтпай, намазды серік еттік. Иманның беріктігінен міне бүгінгідей зайырлы, дін бостандығы орнаған   мемлекетке қол жеткізіп отырмыз. Мұсылманмын деп шүкіршілік етіп, иман келтіріп, кедергісіз намазға жығылып жүрген бүгінгі жастар әрине бақытты. Алайда жігері тасып, ақыл-ойы толысып келе жатқан жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру аға буынның міндеті. Қазіргідей ислам атын жамылып, өз мүддделері үшін халықты пайдаланып жүрген миссионерлер қаптаған кезеңде жастарды олардың теріс уағыздарынан сақтауымыз қажет. Өкінішке қарай астыртын әрекет етіп жүрген кереғар ағымдардың әсерінен кейбір жастарымыздың санасы уланып жатыр. Олар әдейі намазға енді ғана бет бұрып жатқан ұл-қыздарымыздың басын айналдырып, кейбір әрекеттердің, қалыптасқан қағидалардың бұрыс екеніне сендіріп, салт-дәстүрімізден, қазақилығымыздан, бірлігімізден айыруға тырысуда. Ең қауіптісі олар жастарды мейірім, шапағат, бауырмалдылық қасиеттерінен айырып, қатігездікке баулуда. Соның бір айғағы намазхан жастардың өзге намаз оқымайтын жамағаттың барлығын кәпір санап, жек көрушілік сезімдерінің пайда болуы.

           Көкірегі иманға жаңа оянып, бейнебір басқа әлемге енгендей күй кешіп, рухы толқып жүрген кезде, сезімге әсіре берілген діни білімі таяз кейбір жандар осыған ұқсас қате әрекеттерге жол беріп жатады. Яғни олардың түсінігі бойынша намазға жығылмаған адамдардың барлығы имансыз, олармен бірге жүру, сөйлесу, тамақтану күнә секілді. Жалпы жамағатты қойғанда Алла жолында парызымды өтеп жүрмін деп теріс жолды таңдағанын аңдамағандар  тіпті дос-жаран, туыстары, отбасымен сыйыспай жүр. Ең сорақысы туған әке-шешесімен ұрысып, оларды намаз оқымағандығы үшін жазғырып, бір дастархан басында отырудан бас тартып жүргендері расымен де үлкен проблема, трагедия. Анасының әзірлеген асынан дәм ауыз тимей, оны кәпірге балаған перзентің болашағы бұлыңғыр екені даусыз. Қоғамда кездесіп жатқан осы проблемаға алаңдаушылық білдірген мамандар  кісіге осындай кезде дұрыс бағыт берілмесе, бара-бара жүрегі қатайып, қатігездікке ұрынатындығын ескертеді.  Мұндай адамға айтқан уағызын жылы қабылдамаған адамдардың бәрі дұшпан болып көріне бастайды. Әуелі жанұясымен сыйыспай, кейіннен жора-жолдастарынан айырылып, артынша туысқандарынан суи бастайды. Сөйтіп өзі өмір сүрген қоғамнан бүтіндей жиреніп, тек өз өзімен шектеледі де, аяғында тарығып тығырыққа тірелгенде  теріс жолға түсіп кетуі де мүмкін.

         Жас буынның намазға жығылғандарына бір жағынан қуансақ, екінші жағынан басқа діннің, ағымның жетегінде кетіп қалмады ма екен деп сезіктеніп отыратын дәрежеге жеттік. Әрине бес уақыт намаз оқу әрбір мұсылманның парызы. Алайда парызын өтемей жүргендерді кәпір санау мұсылмандыққа жат қылық емес пе? Ардақты Әз Пайғамбарымыздың алдына (с.ғ.с.) Әбу Бәкірдің қызы Әсма (Алла екеуіне де разы болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің шешем әлі пұтқа табынатын жан. Маған келіп тұр. Мен не істейін?», – деген сәтте Алла Елшісі: «Шешеңе қолыңнан келер бар жақсылығыңды жаса!», – деген екен. Ал енді пұтқа табынатын шешесіне жақсылық жасауды бұйырған кешегі Ислам діні бүгін қалай ғана саған адал ақ сүтін беріп, мәпелеп өсірген, ғұмыр бойы сенің өміріңді тілеген ата-анаңа «кәпір» деп қарсы шығуға шақыруы мүмкін? Ол ғана емес, дініміз, тіпті, Аллаға сенбейтін адамдарға жақсылық жасауға да тыйым салмайды. Керісінше олардың өзіне әділдікпен қарым-қатынас жасауға шақырады.  Кісінің намаз оқымағандығы яки қандай да бір басқа ауыр күнә жасауы оны діннен шығарып, кәпір қатарына қоспайды.  Ал намаз оқымағандығын желеу етіп айналасындағылардан жиреніп, анасының әзірлеген тамағынан бас тарту, тіпті, бассыздық. Құранның «Маида» сүресінің бесінші аятында намаз оқымақ түгілі мұсылман да емес кітап иелерінің тамағын жеуге анық рұқсат етілген. Ал енді Алладан басқа тәңір жоқ деген жүрегінде иманы бар ең жақын адамың – анаңның әзірлеген тамағын тәрк ету – оны еврей мен христиан құрлы көрмеу деген сөз.

           Қару кезенбей-ақ қоғамды осылай іштен ірітіп отырған радикалды топтардан келер қауіп күн санап өсіп барады. Олардың ертеңгі күні елді адастыру үшін тағы қандай айла табарын кім білсін?  Білетініміз кереғар ағымдармен күрес тоқтамақ емес. Мәселен жақында ғана еліміздің  Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Қазақстанда 21 ұйым экстремистік және лаңкестік деп танылып, олардың қызметіне республика аумағында тыйым салынғандығын мәлімдеді. Жағымды жаңалыққа сүйсіндік. Дегенмен жақындарынан, туыстарынан жиреніп, «кәпірлердің» санын көбейтіп,  санасы уланып үлгерген жастардың бетін бері қалай қаратпақпыз?!   


       Файзулла Тайталиев, Оңтүстік Қазақстан облысы  ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының»  бөлім меңнерушісі:  

                                        «Үкімді біз емес Алла бекітеді»

          Дін мәселесі өте өткір. Өйткені мұның негізін адам емес, Алла бекітеді. Сондықтан үкім шығару, яғни кәпір, мұнафық, мүшрік деп адамдардың атынан үкім шығару пенденің араласатын мәселесі емес, оны Алла белгілейтін жайт.  Бұған Құран аяттарында дәлелдер жетерлік. Сондықтан анау кәпір, анау мүшрік, анау адасқан деп үкім шығаруға араласпай, оны Аллаға қалдырған жөн. Қазіргі күндегі көптеген талас-тартыс, келіспеушілік, пікір қайшылықтарының басты себебі сауатсыздық. Сауатсыздық жайлаған жерде осы секілді кикілжіңдердің барлығы табылады. Сондықтан ең бастысы білім мен ғылымға жүгініп, кез келген мәселеде терең зерттеу мен зерделеу қажет. Мәселенің мәніне терең үңілмеген жерде шолақ ой, шолақ пікір жүретіндігі талассыз. Ал бұл адамды опық жегізеді, өкіндіреді. Сондықтан кез келген салада сауатты болу, білімді көтеру келеңсіздіктердің алдын алатын тамаша тәсіл. Намаз оқымағандығын бетіне басып, сен кәпірсің деп жүргендердің діни сауатын көтерсек жағдай оңалады деген ойдамын.

 

Естай Амантай, Қарағанды облысы Теміртау орталық мешітінің найб имамы:

                         «Намаз оқымағандар Алланы сүймейді деген сөз емес»

          Өкінішке қарай жастарымыздың арасында осындай қателіктерге бой алдырып жатқандары бар. Бұл енді шектен шыққандық деп есептеймін.  Шариғатта ата- анамыз түгілі, көшедегі ұлты мен діні басқа адамды кәпір деуге құқымыз жоқ. Кәпір деп, намазы жоқ адамды емес, мүлдем дінсізді,  құдайға сенбейтін адамды айтады. Кейбір бауырларымыздың кәпірге шығарып жүрген адамдарының көбі Алланы бір деп таныған, аузында «лә иләһа иллалаһы» бар  жандар шығар.  Алла Елшісі «Лә иләһа иллалаһ» сөзі кісіні түбі жұмаққа кіргізетіндігін: «Кімде-кім Алладан басқа тәңірдің жоқтығына иман келтірсе, жұмаққа кіреді», – деп сүйіншілемеп пе еді?! Ендеше айналамыздағыларды жаппай «кәпір» деп кінәлағаннан гөрі оларға дін құндылығын қалай жеткізсек деген уайым әрдайым көкейімізде тұруға тиіс. Ал енді шариғатта «жынды болса да ата-анаңды байлап бақ» деген.  Демек, мына жарық дүниеге келуімізге себепші болған әке-шешемізді құрметтеп, оларды қартайған шағында бағып қағу балалық борышымыз, мұсылмандық міндетіміз.

 

Абдусамат Қасым, дінтанушы:

                                             «Күнәһар болады»

        Намаз маңызды ғибадат. Намаз оқымау – дүние мен ақырет азабына себеп. Ақыреттегі азап туралы Құранда былай айтылады: «Олар жәннатта тұрып күнәһарлардан: «Сақар жаһаннамына түсулеріңе нендей себеп болды?» – деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», – деп жауап қатады». Ал намаз оқымайтын адамның үкіміне келер болсақ, мұны екіге бөліп қарау керек. Кімде-кім намаздың парыздығын біле тұра мойындамаса, діннен шығады. Өйткені намаз айқын аят, хадис және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Ал жалқаулық, немқұрайлылық себебімен намазды тастаған жан күнәһар болады. Бірақ кәпір емес. Имам Ағзам мәзһабы бойынша, жалқаулық жасап, намазды тастаған адам намаздың парыздығын теріске шығармайынша, діннен шықпайды. Бірақ күнәһар болады. Дегенмен оларды жазғырып, айыптап, қарым-қатынас жасаудан бас тартуға болмайды.

 

Серік Ибадуллаев, исламтанушы:

                                                   «Діннен безушіліктің нақ өзі»

             Ислам дінінде бір адамның сырт пішініне қарап, оның рухани күйі жайлы тон пішуге болмайды. Намаз оқымайды, дінге немқұрайды қарайды деп бір адамды кәпір деуге тіпті болмайды. Шын мәнінде, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзінің адамдардың жүрегін ақтарып, иманын тіміскілеуге бұйырылмағандығын ескерткен. Яғни, Алланы бір деп, өзін мұсылманмын деп білетін жанға мұсылманша қарым-қатынас жасау керектігін нақты айтқан. Ал бір хадисінде: «Егер бір адам өзінің бауырына: «Ей, кәпір!» – деп айтса, ол айтқандай болса да (сол сөзден) ол екеуінің бірі бәлеге ұшырайды. Олай болмаса (айтқан адамы кәпір болмаса) ол сөз өзіне қайтады (өзі кәпір болады)» – деп қатаң ескерткен. (Бұл хадисті Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.) Сондықтан да біреуді кәпір деп айыптау Ислам сенімінде аса қауіпті мәселе. Қазірде намаз оқитын кісілердің кейбірінің, әсіресе, бәзбір жастардың мұсылманшылыққа бет бұрдым деп намаз оқымайтын адамдарға деген көзқарасының теріс жаққа күрт өзгеруі «ақиқат жолды таптым» деген эйфориялық көңіл-күйдің, жастарға тән максималистік өрліктің әсерінен туындаған. Қазірде бұлар тек қазақ қоғамының ғана емес, бүкіл мұсылман үмбетінің бас қатырар мәселесіне айналып отыр. Өзін мұсылман санайтын адамды кәпірге телу барып тұрған антұрғандық, діннен безушіліктің нақ өзі. Жастарымыз мұндай кертартпа ағымдардан барынша аулақ болып, қазақ халқының сан ғасырлардан бері қалыптасып, дәстүрімен бірге өрілген, имандылық пен ибалыққа, тағылым мен тәрбиеге, әдеп пен ұстамдылыққа, байыптылық пен байсалдылыққа негізделген нағыз мұсылмандық діни құндылықтарынан айнымағаны жөн деп білемін.

 Мұрағаттан, 2015 ж

Зайырлы мемлекет дегеніміз не?
Әбдіғаппар Сманов: «Надандыққа надандықпен жауап беруге болмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу