«Ислам мемлекеті» ұйымы

Oinet.kz 15-04-2019 1108

234697718-800x480.jpg

Украин казактарының атаманы Тарас Бульба поляк ханшайымына ғашық болып, жау тарапына өтіп кеткен ұлына: «Өзім тудырдым – өзім өлтіремін!» деп, сатқын ұлын өз қолымен өлтіреді. Сол сияқты Америка бастаған Батыс коалициясы Таяу Шығыста  Халифат үлгісіндегі билікті құруға әрекет етіп жатқан «Ислам мелекеті» деп аталатын ұйымның Ирак пен Сириядағы позицияларын әуеден атқылап жатыр.  Сирияны бомбылау үшін Америка Сирияның ресми билігінің келісімін де, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімін де қажет еткен жоқ. Сирия билігі АҚШ-тың бұл әрекетін тәуелсіз елге қарсы бағытталған агрессия деп жариялап отыр. Бұл коалицияға  АҚШ, Британия, Франция, Канада, Австраалия және басқа да Батыс елдері, сонымен қатар Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн сияқты елдер еніп отыр. Көптеген ислам дінін ұстанған елдер бұл араб мемлекеттерін мұсылман әлемі мүдделерінің сатқыны деп жариялады. 

Батыстық коалицияның Ирак пен Сирияның аумағын бомбылауын мұсылмандар  яһудилер мен христиандардың ислам әлеміне қарсы күресі ретінде бағалауда. 

Жуырда Ирактың премьер-министрі Нұри әл-Мәлики Сауд Арабиясы Сириядағы азаматтық соғыстың басталуына, жүз мыңдаған адамның өлімі мен миллиондаған адамның босқынға айналуына себеп болды  деп мәлімдеді. Ал «Independent» газеті «Таяу Шығыстағы мұсылман-шиаларды үлкен қасірет күтіп тұр, біз суннилер 1 миллиардпыз, аймақтағы шиалардан әбден шаршадық» деп айтқаны жайлы ақпарат таратты. 

Айта кету керек, уахабилік мемлекеттік идеологиясы болып табылатын Сауд Арабиясы Корольдігі – өзін суннилер әлемінің көшбасшысы санайды. Саудия – халқының саны, құнарлы жері мен ішімдік суының тапшылығы, әскері мен мұнай өндіру саласында жалдаулы мамандарға тәуелділігі жағынан алғанда бүкіл суннилердің көшбасшысы мәртебесіне сай келмейді. Таңқаларлығы – басқару режимі демократияның ауылынан алыс жатқан Саудияның ханзадалары АҚШ президенттігінен үміткер болған республикашы-сенатор, түрлі-түсті революциялардың  қолдаушысы,  атышулы  Джон Маккейн тарапынан қашанда қолдау тауып отырады. CNN телеканалының хабарлауынша, Маккейн мырза өзінің Саудия ханзадаларымен тығыз байланыста екенін, сондай-ақ Саудия ханзадалары мен Катар елі Сириядағы мемлекеттік төңкерісті қаржыландырып отырғанын мәлімдеген. АҚШ сенаторы Джон Маккейн  2013 жылы Сириядағы ресми биліккке қарсы көтеріліске шыққан суннилерді қолдап-қуаттау мақсатында жасаған сапары кезінде түсірілген суреттер ішінде бүгінде Ирак пен Сирияның біраз жерін басып алып, сол территорияда Халифат үлгісіндегі мемлекет құрылғанын жариялаған  «Ислам мемлекеті»  ұйымының басшыларымен, сондай-ақ Халифаттың бүгінгі лидері – Әбу Бакр әл-Бағдадимен түскен суреттері әлемдік ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығын дүр сілкіндірді. Британияның «Telegraph» басылымының жазуынша, марқұм Саддам Хусейннің «Баас» партиясы басшыларының бірі – Америка «терроршы» деп жариялаған генерал Әл-Доури де сол атышулы сенатор Джон Маккейнмен кездесулер өткізген. АҚШ өзі «терроршы» деп жариялаған әскерилермен өз мүддесі жолында бүгінде тығыз байланыс орнатты.  

Әзірге Американың Таяу Шығыс аймағындағы саясаты өзгерген жоқ: Иран санкциялар құрсауында, Ресеймен қарым-қатынасы нығая бастаған Египеттің  сыртқы істер министрлігінің алдында терактар ұйымдастырылды, Ливияның басшылары өлтіріліп, халқының соғыс отына оранғаны қашан, ал басқару режимі зайырлы сипаттағы Иордания «Ислам мелекетіне» қарсы шайқасқа өзінің құрлық әскерлерін дайындап жатыр. Осылай АҚШ Таяу Шығыс аймағындағы елдерді бір-біріне қарсы қойып, олардың бірігуіне, қай салада болсын ынтымақтасуына жол берер емес. Ресми Вашингтон Иранды көршісі – Ирак елінде шиалармен шайқасып жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы соғысқа қатысуға итермелеп жатыр. Әзірге ресми Тегеран бұл «ойынға» кіруден бас тартуда. 

«Ирак және Шамдағы (Сирия) Ислам мемлекетінің» (қазір «Ислам мемлекеті» деп атала бастады)  әскерлеріне Ирактың «Баас» партиясының офицерлері басшылық етуде. Соңғы кезде Батыс баспасөзінде Америка мен Еуроодақ елдерінде исламшылар тарапынан террорлық актілер болу ықтималы жайлы көп жазылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, Батыс басшылары Ирак пен Сирияға құрлықта ұрыс қимылдарын жүргізуге арналған қарулы күштерін кіргізуге дайындап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, Батыстың Құрлық әскерлерінің мақсаты – «Ислам мемлекеті» күштерін жою емес, Сириядағы демократиялық жолмен сайланған ресми билікті, сол елдің президенті Башар Асадты тағынан тайдыру. Ал зайырлы мемлекет болып табылатын Сирияны құлату – аймақты халифаттандыруға жол ашпақ. 

Американың қолдауын тауып келе жатқан курдтар ұзақ жылдар бойы Иракта өздерінің тәуелсіз мемлекетін құруды армандап келеді. Курдтар өз тәуелсіз мемлекетіне Сирия мен Түркиядағы курдттар тығыз жасайтын территорияларды да қосып алмақ. Сарапшылар: « Курдстан мемлекетінің құрылуы уақыт пен қаржыны күтіп тұр, бұл ең құнды екі ресурсты Америка қамтамасыз етпек» - дейді. Ал Американың президенті Барак Обама жуырда «Таяу Шығыстағы тұрақсыздық – АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне төніп тұрған ең үлкен қатер, біз бұл қатерді жою жолында аянып қалмаймыз» деп мәлімдеді.   

Түркия парламенті Ирак пен Сирияда Халифат үлгісіндегі мемлекет құру үшін шайқасып жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы түрік әскерлерін аттандыру жайлы шешім қабылдады. Өз әскерлерін Сирия мен Иракқа аттандыру мен қатар Түркия өзінің Инжирлик аймағында орналасқан әскери базасына Батыстық коалицияның әскери әуе күштерін орналастыруға рұқсат берді. Түріктер 2003 жылы бұл әскери базаны Иракқа қарсы соғысып жатқан Америкаға беруден бас тартқан болатын. Жуырда Түркия президенті Режеп Эрдоғанмен кездескен Америка президенті Барак Обама Стамбулды айтқанына көндіріп, айдауына жүргізді – Түркияны «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы Коалицияға қосылуға мәжбүр етті. Түркия ұзақ жылдардан бері Еуроодаққа мүше болуды армандап келді, бірақ Еуропа елдері ресми Стамбулды батыстық құндылықтарды бойына толық сіңіре алмады, либералдық көзқарастардан ислами ұстанымдарды жоғары қояды деген сылтаумен өз Одағына әлі әзір жақындатар емес. Соңғы кезде Туркия да есек дәме болудан шаршап, Еуроодаққа мүше болу арманынан бас тартып, өз құндылықтарына бет бұрғандай. 

Түркия – НАТО әскери-саяси альянсының Ислам дінін ұстанатын жалғыз мүшесі. НАТО – христиан әлемінің әскери блогы. Кезінде Кіші Буш мырза Ауғанстан мен Иракқа қарсы басталған агрессиясын алғашында «Крестілер (шармықшылар) жорығы» деп жариялап, соңынан – мұсылман әлемінің Америкаға қарсы ашу-ызасы арта бастағанда – «демократия орнату жолындағы күрес» деп алдап соққан болатын. Түркияның – НАТО әскери блогының мүшесі ретінде белгілі міндеттемелері бар. Әскери блоктың мүшелері «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күресіп жатқанда, Стамбұлдың бұл акцияға қосылмай қалуы – Батыс елдері тарапынан наразылық тудырмақ. Бұған қосымша бұл «майданда» Түркияның өз мүддесі бар: шиалардың өкілі болып табылатын Сирияның президенті Башар Асадты тағынан тайдыру – ресми Стамбұлдың көптен көксеген арманы. Екіншіден, Коалицияның құрамында болу – Курдстан тәуелсіз мемлекетін құрмақ болып жатқан Ирак курдтерін бақылауды, қажет болып жатса – оларға қарсы әрекет жасауды оңай етпек. Қазекең мұндайда: «Бәленің сыртында болғанша, ішінде бол» демеуші емеспе еді.

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының өкілдері Ирак пен Сирияда Халифат үлгісіндегі мемлекет құрмақ болып жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымына үндеу жасап, Бүкіләлемдік Ислам Халифатын құру жолында тізе біріктіріп, осы ұйыммен одақтасуға дайын екенін мәлімдеді. Батыс елдері бірінші болып, соңынан БҰҰ «террорлық ұйым» деп жариялаған «Талибан» қозғалысы ұзақ жылдар бойы Американың Ауғанстандағы контингентімен шайқасып келеді. Негізінен пуштын ұлтынан тұратын Молда Мұхаммед  Омардың басқаруындағы талибтер бүгінде Ауғанстанның басым бөлігін – 70 пайзға жуық территориясын  бақылап отыр. Бұл ұйымның ұстанымы ілгеріден белгілі: талибтер ауған елін шариат заңдары негізінде басқарылатын елге, ең бастысы – Америка   мен басқа да аймақтағы  геосаяси ойыншылардан мүдде-мұратынан тәуелсіз елге айналдыруды аңсайды. «Талибан» қозғалысы Ауғанстанға  жаңадан президент болып сайланған Ашраф Гани Ахмедзайды Американың адамы деп санайды. Ұзақ жылдар бойы АҚШ-тың бақылауындағы Әлемдік банкте үлкен лауазымдарда болған Ахмедзай Американың азаматы болатын. Сайлаудан кейін орын алған дағдарыс кезінде, Ахмедзай Вашингтон тарапынан қолдау тауып, ағымдағы жылдың 7-і желтоқсанында президенттік өкілеттігін атқаруға кіріскелі отыр. Ауғанстанның жаңа президенті Кабул мен Вашингтон арасындағы ынтымақтастықты бұрын-соңды болмаған деңгейге көтермек. Ашраф Ғани Ахмедзай мырзаның бұл мәлімдемелері «Талибан» қозғалысының ашу-ызасын тудырап отыр. «Талибан» қозғалысы да өз кезегінде «Ислам қозғалысы» ұйымымен ынтымақтастық орнатып, өза ара қарым-қатынастарын одақстастық дәрежесіне көтермек. Осылай 40 жылға жуық уақыттан бері қайғы-қасіреті аяқталмай келген Ауған елі тағы да екіге бөлініп отыр. Батыс әлемі өз құндылықтарын әмбебап құндылықтар деп санайды. Мойындау керек: саясат пен экономика саласындағы либералдық (еркіндіктер қағидаты) құндылықтарды ұстанған елдер өмірдің қай саласында болсын елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Ал бұл либералдық медальдың екінші жағы бар. Либералдық әсіре сылтауға бой алдырса  – бүгінгі Еуропа елдеріндегідей бір жыныстылардың некелесуі болмысқа айналып, ер мен әйел, әке мен бала арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан қатынастарға сызат сызат түседі. Либеральдық медальдың бұл жағы,  мысалы қазақтар киелі деп санайтын ата-баба заңдарына да, шариғат талаптарына да мүлдем кереғар болып отыр. Сондықтан қазақтың бүгінгі билігі Халифат құруды мақсат етіп отырған «Ислам мемлекеті» ұйымы тарапынан да, сол ұйымды талқандауға кіріскен Батыстық коалициядан да аулақ болып, бұл тұрғыда дербес саясат ұстанғаны жөн сияқты.   

«Ислам мемлекеті» ұйымы Америка бастаған Батыстық коалицияның әуе операцияларын тоқтату мақсатында Америка мен Британияның біраз азаматын жария қаза етті. Барак Обама мен Дэвид Кэмерон  «Ислам мемлекетінің» бұл әрекеттері коалиция мүшелерін тізе бүгуге емес, қайта тізе қосып, тұтас майдан құруға үндейді» деген мәлімдемелерді қардай боратуда. Ирак пен Сирия жерінде басталған зұлмат ұзаққа созылатыны анық: әдеттегідей бұл соғыста қарапайым қара халықтан жасақталған қатардағы әскер мен айыпсыз, үлкен саясаттқа қатыссыз бейбіт тұрғындардың қаны төгіледі. Терроризм мен сол ылаңға қарсы күрестің тарихы мен тәжрибесі осы қасіретті аксиоманы дәлелдеп келеді.  


Әл-Қаида – №1 террорлық ұйым
Мың құбылған «МҰСЫЛМАН БАУЫРЛАР»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу