Әл-Қаида – №1 террорлық ұйым

Oinet.kz 15-04-2019 1289

Screenshot_27.jpg

«Әл-Қаида» сөзін араб тілінен негіз, қағида немесе іргетас деп аударуға болады. Батыс пен Шығыс елдері Әл-Қаиданы уахабилік бағыттағы халықаралық деңгейдегі террорлық ұйым деп есептейді. Совет Одағының шектеулі әскери контингенті Ауғанстаннан шығарылғаннан соң, Әл-Қаида ұйымы қолындағы бар күшін Америка мен Батыс елдеріне, сондай-ақ осы екі алпауыттың ықпалында болған мемлекеттерге жұмсады. Ұйымның негізгі мақсаты – ислам елдерінде зайырлы режимдерді құлатып,  Ұлы Ислам Халифатын құру болып табылады. 

Әл-Қаида 1998 жылы Кения мен Танзаниядағы АҚШ-тың елшіліктерінде жарылыстар ұйымдастырды. Бұл жарылыстарда 12 американдық қаза тапты. АҚШ елшіліктеріне қарсы ұйымдастырылған жарылыстарда негізінен жергілікті тұрғындардан 213 адам қаза тауып, 4 мыңға жуық адам жарақат алды. Осы кезден бастап Америка әкімшілігі Әл-Қаиданы әлемдегі №1 террорлық ұйым деп жариялады. 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні «Әл-Қаида» ұйымы тарапынан басып алынған екі жолаушылар ұшағы Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығына келіп соғылып, егіз мұнараны қиратқан болатын. Әл-Қаида сондай-ақ Пентагон мен Пенсильвания жеріне де шабуыл жасады. Бұл террорлық шабуылдардан 3 мыңдай адам қаза тапты. 11 қыркүйектен соң Әл-Қаида АҚШ-тың басты жауына айналды. Сол кезден бастап Американың Ұлттық қауіпсіздік концепциясында ислам фундаментализмі ел қауіпсіздігіне қатер туғызатын негізгі фактор ретінде қарала бастады. Осылай Америка дүние жүзілік ауқымда «Терроризмге қарсы соғыс» деген ұранмен түрлі деңгейдегі соғыстарды жүргізе бастады. 2001 жылдың 20 қыркүйегінде Америка халқы мен Конгресіне  жолдаған сөзінде президент Буш ресми түрде терроризмге қарсы соғыс жариялады. «Бұл соғыс Әл-Қайдадан басталады, бірақ онымен аяқталмайды. Әлемдегі әрбір террорлық ұйымды іздеп табамыз, тоқтатамыз және оны жоямыз. Бұл соғыс бостандыққа жаны қас топтарға қарсы қаратылған соғыс болады, бұл соғыс, біріншіден – әрбір террорлық ұйымды талқандауға, ал екіншіден – еркіндіктің, американдық құндылықтардың кең қанат жаюын қамтамасыз етеді» - деді АҚШ президенті. Ал 2001 жылы 26 қазанда Буш қол қойған «Патриоттық акті» деген атпен тарихқа енген заңға сәйкес арнайы қызметтердің өкілеттік аясы кеңейтіліп, олар күдікті деген адамдарды  жасырын тыңдау, сондай-ақ электрондық тәсілдермен  тұрғындарды қадағалау құқығын алды. Азаматтық қоғам тарапынан бұл «Патриоттық акті» адамдардың конституциялық құқықтарына қол сұғу деп бағаланды. 

ӘЛ-ҚАИДАНЫҢ ТАРИХЫ

Әл-Қаида ұйымының тарихы сонау Ауған соғысынан бастау алады. Совет Армиясының Ауғанстанға басып кіруін Америка әкімшілігі агрессия мен экспанционизнің өрескел көрінісі деп бағалап, осы агрессияға тойтарыс беру мақсатында «Циклон» операциясын қолға  алды. Осылай Пәкістанның барлау қызметі арқылы ауған мұжаһидтеріне үлкен көлемде қаржылық көмек бере бастады.  АҚШ орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Роберт Гейтс  өзінің естеліктерінде Американың арнайы қызметтері ауған мұжаһидтеріне Совет Армиясының Кабулға кіруінен жарты жыл бұрын көмектесе бастағанын, яғни советшіл билікке оппозицияда болған күштерді қаржыландырып  отырғаны жайлы жазады. Сол кезде Президент Картердің Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болған Збигнев Бжезинскийдың айтуынша, 1979 жылы 3 шілдеде АҚШ президенті Кабулдағы советшіл биліктің қарсыластарына жасырын түрде көмек беру жайлы дерективаны бекітеді. Кеңесші Бжезинский мырза АҚШ-тың бұл әрекеттері Мәскеудің Ауғанстанға өз әскерін енгізу ықтималын арттыратыны  жайлы Президент Картерге баяндама жасайды. Бжезинский : «Біз Совет елін Ауғанстанға кіруге мәжбүрлемедік, бірақ Кабулға әскер кіргізуінің алғы шарттарын қамтамасыз еттік, шынтуайтына келгенде – біз Мәскеуді алдап, «ауған қақпанына» түсірдік» - дейді. «Сіз ислам фундаментализімінің нығаюына, болашақ терроршыларды қаруландыруға, оларға кеңес беріп, ұйым ретінде қалыптасуына қолғабыс жасағаныңызға өкінбейсіз бе?» деген сауалға әлемнің №1 геосаясатшысы саналатын Бжезинский: «Жоқ, мен мүлдем өкінбеймін, сол кезде мен Картерге «Советтер өз Вьетнам соғысына тап болды» деп айттым. Советтер Ауғаныстанда он жылға жуық соғысты, бұл соғыста олар әбден қажыды, әскерінің рухы мұқалды, ақыр соңында бұл соғыс Совет Одағы атты империяның құлауына себеп болды. Әлемдік тарих үшін бір топ терроршылардың болуы маңызды ма, әлде Орталық Еуропаның Советтің бұғауынан азат етіліп, «қырғи қабақ соғыстың» аяқталуы маңызды ма?» деп жауап берген. Осылай, о баста Әл-Қаида ұйымының негізін – Америка президентінің әкімшілігі мен Орталық барлау басқармасы салған. Ия, Совет Одағы құрдымға кетті, бірақ түрлі террорлық ұйымдарды Америка өз мүддесі жолында әлі де ұтымды пайдаланып келеді. 

Ауғанстанда Совет әскерлеріне қарсы жарияланған жиһадқа көптеген араб жалдамалы әскерлері қатысты. Олардың басым бөлігі Абдулла Аззам мен Усама бен Ладен Пешевар қаласында ашқан «Мактаб-әл-Хидаматтан» даярлықтан өткен болатын.  

Совет Армиясының шектеулі контингенті 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылғаннан соң, Әл-Қаиданың басшысы Бен Ладен Саудияға қайта оралады. 1990 жылы Ирак Кувейтті оккупация жасап, Саудия қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төнген кезде, Усама бен Ладен король Фахдке өз көмегін – мұжаһидтерін Ауғанстаннан Саудияға тастауды ұсынады. Бірақ Саудия королі Усама бен Ладеннің көмегінен бас тартып, АҚШ-тың көмегіне жүгінді. Осылай Американың әскері араб жеріне енген кезде, Усам бен Ладен «американдық солдаттар екі киелі орынды – Мекке мен Мәдинаны арамдайтын болды» деп мәлімдеме жасағаннан соң, Саудияның ресми билігі Усама бен Ладенді елден айдап шығады. Бен Ладен өз жақтастарымен Суданға аттанады. 1994 жылы Усама бен Ладен Саудия азаматтығынан маһрум етіледі, ал оның 7 миллион доллар шамасындағы жыл сайынғы мемлекеттік көмек ақыдан айырылған туыстары Усама бен Ладеннен безіп, бауырынан бас тартқанын ресми түрде жария етеді.

УСАМА БЕН ЛАДЕННІҢ ОТБАСЫ 

Әкесі – түбі йемендік Мұхаммед бен Ладен Сауд Арабиясындағы құрылыс саласында байыған алпауыттардың бірі бо­лған. Ол өз карьерасын қарапайым жұ­мысшыдан бастап, 1931-жылы «Сауди бен Ладен групп» атты компания құрған. Бірте-бірте байып, атағы шет мемлекеттерге дейін жайылған, көп елдерде бизнесін дамытқан. Сауд Арабиясына адал қызмет етіп, король әу­ле­тінің назарына іліккен, Фахд әулетімен жақын қарым-қатынаста болған. Бү­гінде оның байлығы – 100 миллионнан 5 миллиард долларға дейін жетеді деп есептеледі. Жалпы, бен Ладендер әулеті Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісі, кеме жасау, құрылыс, телекоммуникация салала­рында қызмет етеді, олардың табысынан алынатын салық ел бюджеті кірі­сінің басым бөлігін құрайды деген деректер бар.  Аталмыш әулеттің ықпалында бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары бар. Кейбір ақпарат көздерінде жариялан­ған деректерге қарағанда, Усама бен Ладенге мирасқа туған әкесінен мол байлық қалған, ол – әлемдегі көптеген фирмалардың қожайыны, қыруар қаржысы Батыс Еуропадағы өзге адамдардың, кейбір қайырымдылық қорларының есеп-шоттарында сақтаулы екені айтылады. Ал Мұхаммед бен Ладен 1967-жылы АҚШ-та болған ұшақ апаты кезінде қаза табады.  Усама – осы әйгілі адамның 17-ші баласы, оның 10-шы әйелінен туған жалғыз ұлы. Жалпы, Мұхаммед бен Ладеннің 52 баласы болыпты. Ол Усаманың анасымен бала туыла салып ажырасыпты, Усама өгей әкесі Мұхаммед әл-Аттас деген кісінің тәрбиесінде өскен. 

АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, Бен Ладен 2 мамырға қараған түні Америка әскерінің арнайы тобы тарапынан Пәкістан астанасының маңындағы Абботабад қаласындағы бекініп отырған үйінде өлтірліген. 

         Кімдер көбірек зардап шекті?

  АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясының зерттеулеріне қарағанда, Әл-Қаиданың 2004-2008 жылдары ұйымдастырған террорлық актілерінен қаза тапқандардың 88 пайызы – Батыс елдерінің азаматтары емес, керісінше мұсылмандар, соның ішінде – ирактықтар. Зерттеу авторларының пікірінше, террорлық актілерден мұсылман мемлекеттері мен сол елдердің тұрғындары көп зардап шегеді. Осы тұрғыдан алғанда американдық ислам қайраткері –  Фейсал Абдул Рауфтың мәлімдемелері мен ұсыныстары «ислам терроризмі»  атты мәселеге жаңа бір өзгеріс болған сияқты. 2010 жылдың 23 тамызында Нью-Йорктегі Әл-Фара мешітінің имам ы – Фейсал Абдул Рауф Нью-Йорктегi 2001 жылы қирап қал­ған әйгiлi егiз ғимараттың орнына мешiт салу туралы бастама көтердi. Бұл күтілмеген  мәлiмдеме АҚШ қоғамын әжептеуір әбіржітті.  Бастамаға қарсы болғандар «Мешiтке орын жоқ!», «Мұсылмандардың бәрi терроршы емес, бiрақ терроршылардың бәрi – мұсылман» деп жазылған плакаттарды ұстап, көшеге шықты. Мешiт салу туралы бастама көтергендердi Нью-Йорктiң мэрi Майкл Блумберг қолдады. «Дiни наным-сенiм бостандығы – АҚШ iргетасының негiзгi» - деп мәлiмдедi қала мэрi. Бұл мәселе аз уақыттың iшiнде саяси түс алып, Америка қоғамының түрлі деңгейдегі топтары ішінде қызу талқылана бастады. АҚШ президентi Барак Обаманың өзi мешiт салуды қолдағанымен, Сенаттағы жетекшi партияның басшысы Гарри Рид Обаманы қолдаудан бас тартты. Бұл – Америка парламентінде  өте сирек кездесетiн жағдай екенін айта кету керек.  

   Қорыта айтқанда, Әл-Қаида жайлы жазылған кітаптар мен түсірілген фильмдердің санын ешкім анық айта алмаса керек. Әрине, имам Фейсал Абдул Рауфтың пікірі іспеттес ойлар өте сирек айтылады. Негізінен Әл-Қайда ұйымына қарсы көзқарастар жүйесінде Батыстық, яһудилік-христиандық ұстаным басым түсіп жатады. Жалпы әлем деңгейінде қоғамдық пікірді американдық-британдық ақпарат құралдары қалыптастыратынын, ал сол пікірге негізделген, әлемдік саясатқа бағыт беретін  шешімдер Америка мен Батыс Еуропаның алпауыт мемлекеттері тарапынан қабылданатынын айта кету керек. Міне, Усама бен Ладен мен оның Әл-Қаида ұйымының қысқаша баяны осындай.


Абдулла қажы Жолдасұлы: «Жастарды кейбіреулер теріс пиғылда пайдаланып жүр»
«Ислам мемлекеті» ұйымы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу