Туыла салысымен сөйлеген сәбилер кімдер?
Әбу Һұрайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Бесікте үш адам сөйлеген:
1. Иса пайғамбар;
2. Жүрейжге құдайшылығын айтқан сәби;
Израйыл ұрпақтарының ішінде Жүрейж деген тақуа болды. Бірде ол намазын оқып жатқанда, шешесі шақырады. Сонда ол: «Шешеме жауап берейін бе, намазымды жалғастыра берейін бе?» - деп екі ойлы боп тұрады. Шешесінің шақыруына Жүрейж жауап қатпағаннан кейін, шешесі: «О, Құдай, Жүрейжді жезөкшенің жаласына қалдырмай жанын алма», – деп дұға қылады. Жүрейждің Құдайға құлшылық ететін мінәжатханасы болды. Бір әйел оның сол мінәжатханасына келіп, оны зинақорлыққа азғырады. Ол бас тартады. Әлгі әйел бір қойшыға барып, оны азғырып, одан бала тауып алады да: «Мына бала Жүрейжден болды», – деп, жала жабады. Бүкіл ел Жүрейждің үйіне келіп, оның мінәжатханасын бұзып, оны далаға қуып, ауыздарына келген сөзді айтып, балағаттап кетеді. Жүрейж не істерін білмей, дәрет алып, намаз оқып, Құдайға жалынады. Сосын балаға келіп: «Айналайын, сенің әкең кім?» – дегенде, бесіктегі бала: «Менің әкем – қойшы», – деп жауап қатты. Жұрт Жүрейжден кешірім сұрап: «Алтыннан мінәжатхана соғып берейік», – деді. Жүрейж: «Жоқ, саз балшықтан-ақ соғып беріңдер», – деді.
3. Шешесінің дұғасына керісінше дұға жасаған сәби
Израйыл ұрпақтарының ішінде бір әйелдің емізілетін баласы болды. Оның жанынан бір көрікті атты кісі өтті. Әйел: «О, Алла, балам осы кісі сияқты болсын», – деді. Сонда әлгі шақалақ анасының омырауын жібере салып: «О, Алла, мені оған ұқсатпа», – деді. Сосын емуін қайта жалғастыра берді.
Сосын әлгі сәбидің шешесі бір күңнің жанынан өтті. Ол: «О, Алла, баламды мына сияқты қыла көрме», – деді. Сәби сол кезде анасының омырауын жібере сала: «О, Алла, мені осы сияқты қыл», - деді. Шешесі баласына: «Неге?» – деді. Сонда бала: «Атты кісі – жәбір беруші залым, ал әлгі күң әйелді адамдар «ұры, жезөкше» дейді. Бірақ, ол ондай емес», – деді[1].
Иә, бұл екі оқиға – хадисте айтылғаны. Ал, енді Иса пайғамбардың туыла салысымен сөйлеуі қалай болған еді? Соны түсіндірейік.
Мінәжатханада тынбай құлшылық жасаған хазірет Мәриям есейіп бойжеткен қыз болды. Бір күні сонда құлшылық жасап отырғанда, қасына адам кейпіндегі Жәбірейіл періште пайда бола кетті. Хазірет Мәриям өзінің қасында бейтаныс адамның тұрғанын көргенде, не істерін білмей қатты қорықты. Ол есін дереу жиып: «Егер сен тақуа болсаң да, сенен Алла Тағалаға сиынамын», – деді. Бейтаныс кісі оған өзінің Хақ Тағала жіберген «Рух» екендігін айтып, көңілін орнықтырды. Сосын іле-шала: «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін»,[2] – деп түсіндірді. Хазірет Мәриям бала күнінен талай рет Жаратқанның нәсіп еткен кереметтерін көріп өскен болатын. Тіпті, Раббысының оған қыстың күні жаздық жеміс, жаздың күні қыстық жемісті нәсіп етуінің сыры болашақта баласының да сондай мұғжиза болып дүниеге келетініне әзірлік еді. Әйтсе де ол таңырқағанын жасыра алмай: «Маған бір адам жақындамаса, қалайша бала болады? Сондай-ақ суық жүріске салынбасам», – деді. Жәбірейіл періште оған: «Ол солай», – деді. Өйткені Раббың: «Бұл маған оңай. Менен адам баласына бір үлгі әрі бір рақым. Бұл (үкімі әлдеқашан шығып қойған) біткен іс еді»[3], – дейді. Хақ Тағаланың құдіретінде шек жоқ. Ол бір нәрсеге «бол» десе сол сәтте бола қалады деп түсіндіреді.
Жәбірейіл періште осыдан кейін хазірет Мәриямға қарай үпіреді де, ғайып болып кетеді. Хазірет Мәриям ол кездері он бес жастар шамасында болатын. Көп кешікпей бойында жүктілік белгісі байқала бастады. Исрайыл халқы бір күні осыны байқап қалып, бір-бірлеріне өсектеді. Хазірет Мәриям өте тақуа және ұяң, ар-намысы таза қыз еді. Болған жайды ел-жұртқа ашық та айта алмай әбден қиналды. Төзімі таусылған ол бір күні алыс жаққа сапар шекті. Сол жерде толғақтың келуін күтті. Бір мезет жалғыз түп қураған құрма ағашының қасына жақындай беріп еді, толғақ қысып қатты қиналды. Бір жағынан жанына батқан өсек, енді бір жағынан ащы толғақ жанын қинады. Шыдай алмай: «Бүйтіп қорлық көргенше, өлгенім артық қой», – деді мазасыз күйде.
Кейбір деректерде бұның қыс кезінде болғаны айтылады. Ол толғаққа шыдай алмай қураған құрма ағашынан ұстаған кезде әлгі ағаш бірден көгеріп әп-сәтте жеміс бере кетеді. Бұл керемет Хақ Тағаланың оған деген демеуі мен жәрдемі еді.
Бала дүниеге келгенде, Жәбірейіл періште оған дауыстап: «Уайымдама! Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты. Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілкіле. Саған жас құрма түседі», – дейді. «Ей, Мәриям! Сол құрмадан жеп, судан іш. Көз айым бол. Сосын балаңды алып, ел ішіне барғаныңда, сені көрген халық қаумалап мына халіңді түсіндір деп сұрай қалса, оларға: «Рақымды Алла үшін бүгін ораза ұстадым. Сол себепті бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» деп айт», – дейді. Бұл жерде оның ұстаған нәзір оразасы – үнсіздік оразасы. Сол заманда осындай оразаның түрі болған. Осылай ауыз бекіткен адам әсте біреуге аузын ашып, тіл қатпайды. Бар-жоғы айтқысы келген нәрсесін ыммен жеткізеді[4].
Хазірет Мәриям жаңа туған сәбиін құндақтап, құшағына алып, ел ішіне қарай жолға шығады. Ол жасынан тақуалығымен танылған қыз болатын. Мәриям қыздың әрбір іс-әрекеті мен қылығы ел ішіне аңыздай тарайтын. Енді міне, сол бойжеткен қыз сәбиін көтерген күйі, өздеріне бет алып келеді. Қала халқы оны көрген кезде, беттерін кезек-кезек шымшып, көздерімен ішіп-жеп бара жатты. Ақырында бәрі оны қаумалап алып: «Ей, Мәриям! Бұл қылығың қалай? Сен туралы ел аузында жүрген өсекке сенбей жүр едік. Бұл не масқара?» – десе, енді бірі: «Әй, Харунның қарындасы! Көзі тірісінде әкеңнің жаман қылығын көрмеп едік. Марқұм тірі жанға қиянат жасапты дегенді естімеген едік. Байғұс шешеңнің де ешқандай жамандығы жоқ болатын. Сонда сен кімге тартып мұндай арсыздыққа барып жүрсің? Біз сені мінәжатханада күндіз-түні құлшылық қылып, бала болып ойнап көрмеген, бойжеткенде ер кісінің жүзін көрмеген тақуа қыз деп мақтан тұтушы едік. Мына ісіңді бізге қалай түсіндірмексің?!» – деп шулай кетеді. Олар аузына келгенін айтып кінәлаған кезде, ол үнсіз тұра берді. Бір кезде халық көп жиналып, бұған қарсы дөрекі сөздер айта бастағанда хазірет Мәриям өзінің аузын бекіткенін сондықтан сөйлей алмайтындығын, ал олардың сұрақтарына құшағындағы сәби баланың жауап беретінін меңзеп балаға ишарат етеді. Бірін-бірі ентелеп, Мариямды қаумалап тұрған халық: «Әй, мына қыз не деп тұр өзі! Есінен ауып қалған ба? О заман да, бұ заман құндақтағы жаңа туған сәбидің сөйлегенін кім естіген! Бұл қыз жамандық істегенімен қоймай, бізді мазақ еткісі келіп тұр ма?!» – деп даурыға бастайды. «Ал, қане, Мәриям, айта қойшы, бұл сәбимен қалай сөйлесеміз?» – дейді оған қарап. Сол сәтте ана құшағындағы сәбиге тіл бітіп: «Рас, мен Алла Тағаланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар етті. Сондай-ақ қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды. Мені шешеме мейірімді етіп, бір зорекер және қиқар қылмады. Маған туылған күнімде, өлер шағымда және тірілтілетін күнімде амандық болады»[5], – дейді.
Сәби Иса: «Мен Алланың құлымын» деп бастайды. Бұл сөз – яһуди мен христиандарға берілген жауап. Өйткені кейін христиандар оны «тәңір» деп танып кетті. Һәм анасының мейірімді және оған құрмет етемін деуі арқылы оның бейкүнәлығын және орнының қашанда биік екендігін білдіреді.
Хазірет Мәриям Құдыста көп тұрмады. Өйткені бұл баланың әкесі Зәкәрия деп жала жауып, оны шейіт еткен болатын. Осыдан кейін олар хазірет Мәриямға да жамандық жасауға жоспар құрып жүрген еді. Ол Алланың әмірімен баласын алып жоғары аймаққа кетті. Ол жердің шөбі шүйгін, жемісі мол, суы кәусар, ауасы ғажап еді. Кейбір деректерде оның Мысырға кеткенін айтады. Бұл жерде ол он екі жыл тұрған соң Құдысқа оралып, Насыра ауылына орналасты. Хазірет Иса отызға келгенге дейін осы жерде тұрды. Отызға толғанда, оған пайғамбарлық міндеті жүктеліп, Исрайыл ұрпағына жіберілді. Ол алғашқы кезде өзінің пайғамбар ретінде жіберілгенін және Раббысынан бір хикметпен келгенін, сол себепті Алладан қорқып өзіне бағыну қажеттілігін алға тартып, халықты дінге шақырады. Алла Тағала елшісіне көптеген мұғжизалар берді[6].
[1] Бухари, Муслим
[2] «Мәриям» сүресі, 18-аят.
[3] «Мәриям» сүресі, 19-21-аяттар.
[4] Сабуни, Нубууә, 255-бет; А.Л.Казанжы, Пейгамберлер халкасы, 250-255 беттер
[5] «Мәриям» сүресі, 30-33
[6] «Пайғамбарлар тарихы», 273-276 беттер, Алматы: "Көкжиек-Б" баспасы, 2011.
Дереккөз: muslim.kz