СубханАлла сөзінің 10 қасиеті
Алла Тағала жақсы көретін сөздердің бірі Алланы еске алу болып табылады, үнемі сол сөздерді айту арқылы мұсылман тыныштық пен берекетке бөленіп, Алла Тағаланың разылығына қол жеткізеді. Бұл сөздерде көптеген қайыр бар, адам Алла Тағаланы еске алып отыру үшін жаратылған. «СубханАлла» - Алла Пәк, - деп қуанғанда, бір нәрсеге тәнті болғанда, таңғалғанда әрі осының бәрін бізге сыйлаған Аллаға ризашылығымызды білдіргенде айтамыз. «СубханАлла» деп айтудың нендей қасиеттері бар?
1. Алла Тағаланың ең жақсы көретін сөздерінің бірі - СубханАлла уәл хамдулиЛләһ уа лә иляәһа илля ЛЛәһ уаЛЛаху акбар (Алла Пәк, барлық мақтау Аллаға, Алладан басқа құдай жоқ, Алла Ұлы).
2. Хадисте айтылғандай, егер адам «СубханАлла уәл хамдулиЛләһ уа лә иляәһа илля ЛЛәһ уаЛЛаху акбар», - деп айтса, ол осы сөздің әрбір әрпі үшін он сауап алады. (Табрани).
3. Басқа хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Қиямет күні бұл қасиетті сөздер сендерді жан-жақтан қорғайтын болады».
4. «СубханАлла...» Аршыға дейін жетеді және сол жерде осы сөзді айтқандардың есімдері шуылдап айтылатын болады» (Ибн Маджа).
5. Пайғамбарымыз (ﷺ): «СубханАлла уа бихамдихи субханАллахи Азым» (Алла Пәк, барлық мақтау Аллаға, Ол өте биік, аса зор) сөзі Қиямет күні амалдар таразысында ауыр тартатын болады», - деп айтқан» (Бұхари).
6. Әбу Хурайра (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқандығын келтірген: «Асылында, "Алла Пәк" (Субхана-лла), "Аллаға шүкір" (әл-хамду лилла), "Алладан басқа құдай жоқ" (ла 'илаха 'илла-ллаху) және "Алла Ұлы!" (Алла Акбар) деп айтылған сөздерді мен бәрінен де жақсы көремін!» (Мүслим, Тирмизи).
7. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендерден озып кеткендерді қуып жеткізетін әрі сендерді қуып жеткізе алмайтын және мұны жасамайтындардың арасында сендер ең үздік болатын нәрсені айтайын ба?! Әр намаздан кейін отыз үш реттен: «Cубхана-Лла», «Әл-хамду ли-Лләһ» және «Алла Акбар» деп айтыңдар.
8. «Кімде-кім әр намаздан соң отыз үш рет «Субхана-Лла», «Әл-хамду ли-Лла» мен «Алла Акбар» деп айтып жүзінші ретінде: «Лә иләһа илля-Ллаху уахда-ху лә шарика лә-ху, лә-ху-л-мүлкү, уа ля-ху-л-хамду, уа хууа аля кулли шай’ин кадир», – деп айтатын болса, оның күнәлары теңіздің көбігіндей болса да кешіріледі!» (Мүслим).
9. «Егер мұсылман бұлжытпай екі нәрсені орындаса, ол Жұмаққа кіреді! Бұл екі нәрсе жеңіл, бірақ оны орындаушылар аз. Әр намаздан соң «Cубхана-Лла», «Әл-хамду ли-Лләһ» және «Алла Акбар» деп он рет айту керек. Бес уақыт намаздан кейін осы сөздерді айту тіл үшін жүз елуге, ал Қиямет күнгі таразыда мың бес жүзге тең болады! Сондай-ақ, ұйқыға жатар алдында «Алла Акбар» деп отыз төрт рет, ал «Әл-хамду ли-Лләһ» пен «Субхана-Лла» отыз үш реттен айтқан жөн. Бұл жүз рет тілмен айтқанға әрі таразыда мыңға тең келеді!» (Әбу Дәуд).
10. «Кімде-кім осы сөздерді таңертең және кешке 100 рет қайталаса, Қиямет күні осынша және одан да көп айтқандар ғана үздік амалдармен келетін болады» (Мүслим).