«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
«Дуа жасап ауру етіп тастапты, дұғасын алдырып ауруынан айығыпты, дуалап біреудің күйеуін өзіне қаратып алыпты, дуалап жолын жауып тастапты» деген сияқты әңгімені естімеген адам жоқ шығар сірә. Тіпті көпшілігіміз туысымыздың, танысымыздың сәуегейлерге жүгінгенінің куәсі да болып жүрміз. Жалпы «адамды дуалау не болмаса, дуасын қайтару» дегенге сенуге бола ма?
Қазақтар «дуақант» деп атайтын дуа жасаушылар ел арасында бұрыннан кездеседі. Олар әдетте намаз оқымайды. Керісінше өзгелерге залалын тигізетін жаман әрекеттерге теріс дұғамен жол ашып, күн көреді. Әдетте олар жасайтын дуалар кәдімгі тұмар сияқты қағазға жазылып, матаға салынып тігіледі. Дуа жасатқан адам осы тұмарды құрбандығының жастығына, көрпесіне немесе киімінің астарына білдірмей салып қоюы керек. Құрбандық әлгі дуамен үнемі жанасып жүргенде ғана оның әсері болмақ. Кейде дуа жасалған адамға қағазға жазылған дуаны суға езіп, ебін тауып ішкізетін жайлар да кездеседі. Бұл жағдайда дуаның әсері өте күшті болады.
Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) да дуалаған
Теріс дұға жасаудың Исламдағы тарихы тым тереңде жатыр. Әсіресе Бабыл мен Мысыр мәдениетінде теріс дұға жасау үрдісі кең етек жайды. Кейіннен Қытай мен Үндістанда да дұға көмегімен қарсыласын қапы қалдырудың қамы жасалды. Тіпті метафизикалық пікірлерге етене жақын Шығыс халықтарынан кейін Батыс әлемі де бұл үрдеске сенім білдіре бастады.
Жалпы мұсылмандар ұғымында періштелер мен жындарға бұрыннан сенетін. Іле-шала әлемдік өркениет арасындағы шекара жойылып этнос, конфессияаралық байланыс жолға қойылғанда сиқырға сену, пал ашу сынды әдеттер қоғамға таралды. Дін ғұламалары да сиқырдың бар екеніне мойынсұнды. Ғалымдар түсінгінде сиқыр сиқыршының тылсым әрекетінен емес, Алланың жаратуымен ғана болады деген принципте болды. Яғни, олардың түсінігінде сиқыршы тылсым күштің себептерін ғана жасаушы, ал оның салдары Алланың қалауымен ғана орын алмақ. Тіпті Бұхари, Мүслим сынды сахих хадис кітаптарында Алла елшісіне де (с.ғ.с) дуа жасалғаны сөз болады. Белгілі бір хикметпен Хақ тағала Пайғамбарымызға жасалған дуаның оған әсер етуіне рұқсат еткен. Осының салдарынан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір-екі «сәһу» яғни, кішігірім қателіктер жасағаны кейбір сахабалар тарапынан риуаят етілген.
Сахабалар пайғамбарлық түсінігімен үйлесе бермейтін осы оқиғаны айтпай жасырып қалуларына да болар еді. Алайда олар Расул Әкрамның бойында дуаның әсері қысқа уақытқа болса да байқалғанын айтуды оғаштық көрмеген сыңайлы. Әрі осы оқиғаны жеткізушілер дуа Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да өткінші әсер еткенін, алайда оның ой-пікірі мен діндарлығына еш әсер етпегенін білдіреді. Осылайша, дуаның жамандық (шәр) екенін көрсетіп, сондай бәле-жалаға душар болғандардың неамал жасауы керектігін үйретеді.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне дуа жасалғанын ұққан сәтте-ақ, дереу Алла тағаладан шипа сұрап, тілек тілейді. Көп уақыт өтпестен Жәбірейіл (а.с.) мен Микайл (а.с.) періштелер келіп, пайғамбардың шипа тілеуіне негіз болған жайттың жай-жапсарымен танысады. Олар Ләбид ибн Ағсам атты бір кісі Алла елшісінің тарағы, шашы, сақалы мен құрма гүлімен Расулуллаһқа дуа жасап, оны Зәруан құдығына тастағанын айтады. Расул Әкрам қасына бірнеше сахабасын ертіп әлгі құдықты жапқызып тастайды. Хазірет Айша (р.а) «Уа, Алла елшісі! Дуаны қайтардыңыз ба?» деп сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жоқ қайтармадым. Оны қайтарып, түйінін тарқату арқылы ел арасында сиқырдың мәшһүр болып кетуінен қорықтым» деп жауап береді. Осы жерде Алла елшісі Хақ тағала өзіне шипа бергенін және осы үшін міндетті түрде дуаны қайтарудың қажет емес екенін білдіреді. Бұл жайт баяндалған кей әңгімелерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сиқырды құдықтан шығарғанымен оны халыққа жария етпегені де айтылады.
Сиқыр – күпірлікке ұрындырады
Ислам дінінде сиқыр және сиқыршылыққа түпкілікті тыйым салған. Қасиетті Құран Кәрімде сиқыршылардың опа таппайтыны тайға таңба басқандай етіп ескертілген. «Түйіншекке дем салу – сиқыр, ал сиқыр жасаған жан ширк жасаған болып саналады» деген Алла елшісі (с.ғ.с) сиқырдың адамды түбінде құрдымға батыратын ең ауыр жеті күнәнің бірі екендігін де айтады. Пайғамбардан жеткен бір хадисте жұбайлардың арасын бұзу үшін дем салу, жіпке оқу мен дуа жасаудың ширк екенін айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) басқа бір хадисінде: «Кімде кім палшыға, ғайыптан хабар беретіндерге және сиқыршыға барып, олардан бір нәрсе сұраса, солардың айтқандарына сенсе және соны мойындаса, күпірлікке кіреді» деген. Осы хадистерді басшылыққа алған кейбір ғалымдар сиқыршының кәпір екендігіне қатысты пәтуа берген.
Көз бояушылық та сиқырдың бір түрі ретінде харам саналады. Алла елшісі (с.ғ.с) сиқырдың әсер ету күшіне сену арқылы Хақ тағаланың құдіреті мен қалауын елемеуді және сиқырды табыс көзіне айналдыруды күпірлікке балайды.
Алла елшісі (с.ғ.с) күн сайын жатар алдында екі қолын жайып, «Ықылас», «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқып, қос алақанына үрлеп, сонан соң басы мен жүзінен бастап үш рет қолы жеткенше бүкіл денесін сипайтын. Хазірет Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыз аталған дұғаны жатардан бұрын үш реттен жасағанын жеткізген. Әр жолы құдды бір түйін тарқатылғандай сезініп, жаны жай тапқан деседі.
Сондықтан осындай келеңсіз жағдайға тап болғандар «Ықылас» сүресі мен «Муаззәтәйн» деп аталатын «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін 11 рет оқып, Пайғамбарымыздың жасағанын қайталағаны жөн болады. Сондай-ақ «Фатиха» сүресі, «Аятул-курси» және сенімді дұға жинақтарындағы «мәснун» (Аллаһ елшісінен жеткен) дұғаларын оқып, Алладан шипа сұрау да артық етпейді. Ал жын соққан адам «Фатиха», «Бақара», «Али-имран», «Ағраф», «Муминун», «Саффат», «Хашір», «Жын» , «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерінің жекелеген аяттарын оқығаны абзал. Бұл дұғаны бойын дерт дендеген адамның өзі, жұбайы немесе отбасының басқа мүшелері де оқыса болады. Сонымен қатар әр түнінде Алланың қарапайым ғана құлы деп санайтын, кішіпейіл, ықыласты адамдарға да дұға жасатуға болады.
Дуадан қалай сақтануға болады?
Егер сіз өзіңізге біреудің дуа жасауына қауіптенсеңіз мүмкіндігінше ол адамнан бойыңызды аулақ салып онымен араласпауға тырысқаныңыз жөн. Үйіне бас сұғып тамақ, сусын ішуден абай болыңыз. Киіміңізді, төсек-орныңызды ара-тұра тексеріп отырғанның да артықтығы жоқ.
Дуалаудан сақтанудың ең сенімді жолы – шариғаттың қағидаттарын еске ұстап, имандылықты жанына серік ету болмақ. Қазақта «Құдайдың еркінсіз қурайдың басы да қимылдамайды» деген сөз бар. Бәрі Алланың еркімен болады. Егер сіз дін жолымен жүріп, бес парызыңызды дұрыс орындасаңыз Алла сізді пәле-жаладан сақтайды. Сондықтан, дуалау кесапатынан аман болғыңыз келсе, Аллаға жүзді бұрып, имандылықты жаныңызға серік еткеніңіз жөн.
Жоғарыда аталған дұғаларды оқып, дертіне дауа іздеген жан өзі тап болған келеңсіздіктерден тек Алла тағала ғана шипа беріп, айықтыра алатынына нық сенімде болуы өте маңызды. Адамда сенім әлсіз болса, Алланың жалғыз ғана шипа беруші екеніне күдік пен күмәнмен келтірсе оқыған дұғалары пайда бермеуі де мүмкін. Дегенмен шынайы ниетпен жалбарынса, Құранның берекесімен, иншаллаһ, жазылып кететіне күмән жоқ. Өйткені, Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – сиқыршылардың тылсым күшпен тылсым істер жасай алатынына сену Ислам заңдылықтарына қайшы. Сиқырды табыс көзіне айналдырып, адамзатты Алла мен діннен алыстату, діннің орнына осы тектес тылсым нәрселерді тықпалау – күпірліктің ең үлкені саналады. Ал сиқырдың харам екенін біле тұра дуа жасау немесе жасаттыру ауыр күнәға жатады.
Адамның жеке басына немесе отбасына шынымен дуа жасалғанда ел-жерді аралап ем іздеу – ең үлкен адасушылық. Иманы берік жан басына ауыртпашылық түскенде Алладан ғана пана, дертіне дауа сұрайды. Алланың рұқсаты болмайынша, ешбір нәрсенің зияны да, әсері де болмайтынына сенім артып, Пайғамбарымыз бен оның ізін басқан ізгілердің жолын берік ұстанады.
Тақырыпқа тұздық
Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі:
– Сиқырлаудың бар екендігі ақиқат. «Бақара» сүресінде Харут пен Марут атты екі періштенің адамдарға сиқыр үйреткендігі, алайда, оны жамандыққа қолданбауды ескерткендігі айтылады. Дегенмен адамдар оны жамандыққа пайдаланып, әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасын ажырату үшін пайдаланып жатқаны баяндалған. Сонымен қатар, барлық дертті дуаға сілтей берген де дұрыс емес. Әр дерттің астарына үңілуі де маңызды. Шипа тауып, ем қонудың бірден-бір шарты – адамның рухани жағынан қуатты болуы. Ал рухани қуаты жоғалған адамның сілкініп есін жинауы, өз-өзіне келуі өте қиын.
Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде сиқырланып (дуаланып) ауырған адамды емдеудің түрлі амалдары бар. Ол үшін дуадан ауырған адамға үш рет былай деп айтылады: «Иә, Алла! Адамдардың раббысы! Жамандықты кетір, сен шипа берушісің, шипа бере гөр, сенің шипаңнан басқа ауыруды қалдырмайтын шипа жоқ!» (Азхибиль ба-с раббиннас, ишфи әнтәш Шафи лә шифа иллә шифә-ук, шифә-ән лә юғадиру сақама).
Ел мен жерді аралап, жатпай-тұрмай дуаның бетін қайтарып, үшкіріп пайда табуды әдетке айналдырған адамдарды сабыла іздеудің қажеті жоқ. Сол секілді денені дендеген дертке иықтан түкіру, ағашты ұру, саусақты тістеу секілді ырымдар да көмектеспейді. Сонымен қатар, аузы дуалы жандардан бата алу да дуадан тазаланып, шипа табу жолдарының бірі екенін есте ұстаған абзал. Халық арасында сыйлы, дінге берік, жан дүниесі пәк тақуа адамдардың батасын алу қашан да игі дәстүр саналған.