Құрбандық шалудың шарттары

Oinet.kz 22-11-2018 1120

Screenshot_3.jpg

Биыл қасиетті Құрбан айт меркесі 1 қыркүйекке тура келіп отыр. Үш күнге созылатын мерекенің алғашқы күні Қазақстанда демалыс күні болып белгіленген. Оңтүстік Қазақстан облысында Құрбан айтты атап өтуі үшін бірқатар шаралар жоспарланып отыр.  

- Айт мерекесі ұлттық салт-дәстүрге сәйкес өткізіледі, ұлттық ойын түрлері ойналып, мерекелік дастархан жайылады, - деп мәлімдеді мейрам қарсаңында  Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінде брифинг берген  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі. Брифингке облыстың бас  имамы Ахметжан қажы Керімбек және наиб имам Мұхамеджан Естеміров пен Бекайдар Әміре және облыстық Зекет қорының өкілі Ғалымжан Назаров және тағы басқа да дін қызметкерлері қатысты.          

Қасиетті мереке қарсаңында, яғни 31-тамыз облыс көлемінде тазалық күні деп белгіленді. Сондай-ақ, өкілдіктің ұйытқы болуымен мереке күндері облыс бойынша құрбан малын соятын 36 орын дайындалуда. Мал соятын орындар арнайы бақылауға алынып, оның тазалығы мен  барлық жағдайы шариғат талабы мен ережесіне сай орындалады.

Биыл республика бойынша 2500 азамат қажылық парызын өтеу үшін қасиетті Мекке қаласына аттанады. Соның 800 жуығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы еліміздің қажыларын отандық «SCAТ» және «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясымен тасымалдамақ.  Тасымалдау Астана, Алматы және Шымкент қалалары арқылы Жидда-Мәдина бағыты бойынша орындалады.

Ниет еткен азаматтарға қажетті екпе жұмыстары аяқталды. Облыстық мешітте қажылық кезінде атқаратын ережелер мен тәртіптерін түсіндіруге арналған курстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстан қажыларға жетекші ретінде екі имам барады.

Құрбандық шалудың шарттары

Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалуы уәжіп: мұсылман  болуы керек, тұрғылықты болуы тиіс (яғни жолаушы болмауы керек), ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған және  бақуатты (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу) болуы шарт. Бұл дегеніміз,  бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы  бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы  бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:

Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді. 

 Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға  бола ма?

Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып оған құрбандық шалатын болсаңыз, оның еш ағаттығы болмайды.  

    Құрбанды өзге біреуге шалдыруға бола ма?

Құрбандық шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды тікелей, болмаса телефон  немесе хат  жолдау арқылы өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады.  Сондықтан туыстарыңыздың  біріне айтып, құрбан малын бауыздата аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз. Пайғамбарымыздың да қасапшыларға құрбан шалдырғандығы хадистерде айтылған.

    Құрбанға шалынған малдың терісін сатуға бола ма?

Құрбанға шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп үй қажеттілігіне де қолданса болады. Себебі етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат болуы заңды. Бірақ, оны (құрбан терісін) ақшаға сату – мәкрүһ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім құрбанынын терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп», – деп теріні сатпауды баса айтқан. Дегенмен, түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуына болады.

    Қыз баласына құрбан шалуына бола ма?

Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ. Бұған дәлел келтірер болсақ, «Әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.у.) қызы Фатимаға: «Ей, Фатима! Құрбан малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!», – деп кеңес еткен.

    Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә ма?

Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер  іздеуге құқылысыз.

        Садақа «құрбан орнына» жүре ме?

Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында. Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған.

Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің  – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны дұрыс. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған.

     Құрбандықты уақытында шала алмаса, не істеу керек?

Құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақытысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малды тірідей садақа етіп береді.  Ал, бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс.

Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алынған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуына міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет.

     Құрбандық етін діні басқа көршіге беруге бола ма?

Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла (Т.) дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді», – дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал, құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.

                    Ең маңыздысы ниеттің адалдығы

Алла тағала былай дейді: “Әрі барша адам­дарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пай­даларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ре­тінде берілген құрбандық малдарды белгілі күн­дерде Алланың атын айтып, құрбандық шал­сын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жі­тік­­ке де жегізіңдер!” (“Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).

Байқасақ, аятта құрбандыққа ша­лы­на­тын малдың Алладан берілген несібе екен­дігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең ма­ңызды жәйт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғи­б­а­датқа айналдырады. Құрбандыққа ша­лынған мал – Жаратушының берген ри­зығы болғандықтан етін сол отбасы мү­шелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күн­делікті өмірде жағдайы тым нашар адам­дардың бар екенін ұмытпаған жөн. Сон­дықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. “Пақырды тойдырыңдар” деген бұй­рық байларға берілмесін деген мағы­на­ны білдірмейді. Өйткені, сахабалар құр­бан­ның етін бай, кедей көрші-қолаң мен ту­ыс­тарына да беретін. Осы тұрғыдан қа­ра­ғанда, құрбандық шалатын айт күндері ша­лын­ған миллиондаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақ­сы­лықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) Жаратушыны естен шы­ғармай, бұл мереке кең көлемде атап өтілуі тиіс.

Марқұмның атынан құрбан шалуға бола ма?
Салафиттер деген кімдер? Олардан сақтану жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу