Адам жанын неліктен шыбынға теңейді?

Oinet.kz 11-07-2019 4027

Screenshot_12.jpg

         Қазақтың ежелгі дүниетанымынан бүгінге жеткен кейбір сөз, сөз тіркестері бүгінгі ұрпаққа түсініксіздеу болып жатады. Жасы келген апа, аталарымыздан сұрай қалсаң әр сөздің шығу төркінін, мағынасын майын тамызып тұрып түсіндіріп береді. Мәселен өз басым үлкендердің аузынан  сырқаттанып немесе шошынып қалғанда «шыбын жаным-ай!» деген сөзді жиі еститінмін. Және де қазақта «шыбын жаны көзiне көpiнді», «шыбын жанын қояpға жеp таппады, «шыбын жанын шүбеpекке түйдi», «шықпаған шыбын жан» деген секілді сөз тіркестері бар. Сонда адамның жанына ызыңдап жүрген кішкентай шыбынның не қатысы бар деп ойлаушы едім. Сөйтсек ата-бабамыздың кеудедегі жанды шыбынға теңеуі бекер емес екен. 

        Көне түркі халықтарының түсінігі бойынша адамның жаны үш түрлі болады: шыбын жан (жоғарғы әлем), рухи жан (ортаңғы әлем)  және ет жан (төменгі әлем). Ажалды күні жетіп фәниден бақиға қайтқаннан кейін әрбір пенденің шыбын жаны көкке ұшып кетеді, рухи жаны әруақ күйінде жер бетінде қалады, ал ет жаны (тән) жерге көміледі. Ертеде сананы жанға, ал жанды ұшып жүретін кәдімгі шыбынға теңеген. Яғни, сана затқа айналады. Халқымыздың шыбын жан деген сөзі осындай ұғымнан туындаған. Сенесіздер ме, жаздың күні мазаңды алатын шыбынның адамға ұқсас жақстары көп екен. Мына бір хадисте былай делінеді: «Егер біріңнің сусыныңа шыбын түссе оны батырып алыңдар. Өйткені, оның бір қанатында індет, ал екінші қанатында шипа бар». Адамның да ішінде  шыбын секілді жақсылық пен жамандық қатар жүреді.  Шыбын бар-жоғы бес күн өмір сүреді екен. Соған байланысты мына жалғанды бес күн тірлік десек керек. Сондай-ақ шыбын көптеген жұқпалы ауруларды таратушы зиянкес жәндік. Ал адамдардың арасында ауырмайтыны жоқ шығар.

    Адам жанының шыбынға айналатынына мына бір әңгімеден кейін имандай сендім. 

    Былтыр жасы тоқсаннан асқан әжеміз төсек тартып ауырып қалды. Жарықтық әжеміздің қадір-қасиеті мол екен, не керек ауылдағы үйге қаңтардың қаңыраған аязына қарамай бүкіл әулет, туған-туыс жағдай сұрап келді. Дегенмен оның беті бері қарай қоймады. Төсекте ыңыранып, есі кіресілі-шығасылы жатыр. Құдай-ау, адам тәнінен жан деген оңайлықпен шыға қоймайды екен ғой. Әжеміз екі күн бойы ажал мен өмірдің ортасында жүргендей болды. Маған күйбең тірлік апамның дәм-тұзы таусылғанда жанында болуға мұрша бермеді. Ауылдан қайтып кеткен күннің ертесіне суыт хабарды естідім. Осылайша оны ақтық сапарға шығарып салдық. Анам бірер күннінен кейін өз-өзіне келіп, үйде шәй ішіп отырғанда мына жағдайға таң қалғанын айтты. Әжемнің жаны қатты қиналса керек ананы-мынаны сандырақтап, денесінен әл-дәрмені құрып кеткен көрінеді. Арасында «апау, мені алып кет»  деп жастайынан айырылған анасын шақырып жатыпты. Бірер уақыттан кейін қыстың күні қайдан шыққаны белгісіз апамның үстінен дәу қара шыбын ызыңдап ұшып жүріпті. Алғашқыда ешқайсысы мән бермеген. Алайда шыбынның ызыңы қаттырақ естіліп, төсектің айналасынан кетпей қойғанда бір әпкеміз «мына бір шыбын бәріміздің мазамызды алды ғой, өлтіріп тастайын» дегенде үлкендер жағы оны тоқтатқан көрінеді. «Апам, кешеден бері арғы дүниедегі анасын шақырып жатыр. Алла оның жанын денесінен оңайлықпен шығармай біраз қинады ғой. Ұшып жүрген шыбын бәлкім апамның жаны шығар. Тиіспеңдер, жүре берсін, уақыт-сағаты келгенде өзі-ақ ұшып кетер» дейді. Дәл солай болды. Айналып ұшып жүрген шыбын көзден ғайып болғанда апам да о дүниеге аттанып кете барыпты. 

     Мүмкін бұл жәй ғана сәйкестік болар. Бірақ анам көзден ғайып болған шыбынмен  апамның да жаны бірге кеткеніне тым сенімді.      

Темір жолдың құрбандары
Нобель сыйлығы қалай пайда болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу