Атымтай Жомарт өмірде болған адам

Oinet.kz 20-04-2019 1986

Screenshot_48.jpg

Өнерге, ғылымға қамқорлық танытатын қалталы адамдарды әдетте меценат деп жатады. Бүгінде меценат көп немесе аз деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені расында да өнерлі жастарға демеушілік танытып жүргендер де бар, сонымен бірге  азды-көпті жақсылығын жер-көкке сыйғызбай мақтатып, қайырымдылық істерді өзінің имиджін көтеруге пайдаланатындар да бар. Жұрт біреуді меценат деп жатады, онымен біреу келіседі, біреу келіспейді. Өйткені меценат дегеніңіз  салыстырмалы ұғым. Ал шын меценат кім? Шын Меценат осыдан 2000 жыл бұрын өмір сүрген. Ежелгі Римде.

Оның толық аты-жөні  Гай Цильний Меценат (Мекенат). Біздің жыл санауымызға дейінгі 1-ғасырда өмір сүрген. Сол кездегі Римнің атақты императоры Октавиан Августтың досы. Римдегі ғалымдардың, өнерпаздардың шынайы жанашыры. Әсіресе Римнің танымал ақындарына көп көмек көрсетіпті. Тек ақшамен ғана емес. Бірін жаладан арашалап қалған, бірін жазадан құтқарған. Енді біріне үй-жайын, шаруашылығымен бірге басы бүтін сыйлай салады екен. 

Меценат жомарт қана емес, саясаткер және жауынгер болған. Ол Римде монархиялық биліктің орнауын жақтаған. Елдегі азаматтық соғыс кезінде Октавианның оң қолына айналып, оның император болуына жәрдем еткен.  Октавиан елде жоқ кезде мемлекеттік істермен де шұғылданыпты. Ешқандай ресми қызметінің жоқтығына қарамастан ол биліктегі ең беделді тұлға атанып, мемлекеттік маңызы бар істерді шешудің барлығына қатыстырылған. Меценат өмірінде жағымпаздықты білмеген, еркіндікті сүйген. Ойын, көзқарасын ашық білдірген. Тіпті кейде императордың жоспарларын да сынап отырған. 

Меценат билеушілердің қатыгездік істеріне қарсы тұрып, көп адамды өлім жазасынан құтқарып қалған екен. Философиямен де шұғылданған. Жүрегі жомарт жан қисапсыз байлығының да қызығын бір кісідей көріпті. Ол 62 жасында қайтыс болып, артында мәңгі өлмес есімін қалдырды. Сол кезден бастап-ақ оның аты өнерге, ғылымға жанашырлық танытатын адамдардың символына айналып кетті. 

Қазақта Меценат сияқты аты аңызға айналған тұлғалар көп. Солардың бірі Атымтай Жомарт. Ғалымдардың айтуынша, Атымтай Жомарт тарихта болған адам. Шамамен 6-ғасырда өмір сүріпті. Түп-төркіні Тай тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллах көрінеді. Атымтайдың Жомарт­тығы сәби кезінен білінген. Ол алдымен емшектесі тоймайынша анасын ембейді екен. Атымтай Жомартты қазақтың көптеген ақындары жырға қосқан. Жырда ол басына бақ қонған, елдің ықыласына бөленген абыройлы адам ретінде суреттеледі. Атымтай Жомарттың бағы, атағы жомарттығында жатыр. Сонымен бірге қисса-дастандарда Қасым жомарт деген есім кездеседі. Ол да өте жомарт, мырза, жұртқа сұрағанын беретін адам болған көрінеді. Алайда ол туралы нақты дерек жоқ.


Адам көп пе , құмырсқа ма?
Павлик Морозов сатқын ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу