Павлик Морозов сатқын ба?
Кеңес дәуірінде әбден әспеттелген, барша пионердің үлгі тұтар тұлғасы Павлик Морозов болатын. Павлик Морозов пионерлік антына адал болғаны соншалықты тіпті әкесін де өкімет органдарына ұстап берген. Оның осы опасыздығы сексенінші жылдары жұртшылық арасында үлкен дау-дамайға айналды. Көптеген талқылаулар болды. Тоқсаныншы жылдары Морозовтың масқарасы шығып, шіріген жұмыртқаға айналды. Алайда өмір жолына үңіліп қарасаңыз, Павлик қарама-қайшылығы көп, біржақты баға беретін адамға ұқсамайды.
Павлик Морозов 1918 жылы 14 қарашада Тобыл губерниясына қарасты Герасимовка деп аталатын селода туған. Оның әкесі Трофим Морозов жиырмасыншы ғасырдың басында Столыпиннің аграрлық саясаты кезінде осы жерге қоныс аударған беларус болатын. 1931 жылға дейін Герасимовка ауылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Село тұрғындарының айтуынша, Трофим Морозов аса жағымды тұлға болмаған сияқты. Пайдакүнем, қазынаның қаржысын қымқырған, өзі сияқты қоныс аударушыларға қажетті анықтамаларды ақшаға сатып, оңды-солды таратқан. Бірде әлдебір станциядан милиция Герасимовка ауылдық кеңесінің мөрі басылған таза парақтарды әкетіп бара жатқан азаматты ұстап алады. Осыдан кейін жаппай тексеру амалдары басталады, Трофим қызметінен алынып, істі болады. Қылмыстық істерге қарағанда оған кулактардан тәркіленіп алынған мүліктерді жеке басына жаратты, жалған құжат жасады деген айып тағылған.
Байлыққа әбден мастанған Трофимнің жеке өмірі де мәз болмаған. Көрші тұратын келіншекпен көңілдес болып, әйелі Татьянаны бес баласымен аш-жалаңаш тастап кеткен. Павелдің ұстазы берген мәліметтерге қарағанда Трофим әйелі мен балаларын ұдайы ұрып-соққан. Павликтің атасы да келіні мен немерелерін оншалықты жақтырмағанға ұқсайды. «Әкеміз тек арақты жақсы көрді. Анамыз бен бізге ешқандай аяушылық білдірмейтін. Атамыз бен әжеміз де біз үшін бөтен еді. Олар бізбен ешнәрсені бөліскісі келмеді». Ағайынды Морозовтар өздерінің жауаптарында осылай деген екен.
1931 жылы Трофимнің ісі сотта қаралады. Әйелі Татьяна оған арнайы шақырылып, куәлік берген. Сот үйдегі балалардың үлкені Павликтен де жауап алған. Павлик әкесінің қоныс аударушыларға анықтаманы ақшаға сатқанын айтап, анасының сөзін қуаттаған. Бар-жоғы осы ғана. Кейбір зерттеушілер Павлик әкесінің қылмысын әшкерелеп, арыз жазған дегенді айтады. Алайда бұл осы уақытқа дейін дәлелденбеген. Трофим Морозов 10 жылға сотталып кетеді. Жазасын лагерде өтеген, Беломор-Балтық каналын салуға қатысқан. Сонда үш жыл болып, жақсы жұмыс істегені үшін орден алған. Жазасын өтеп болған соң Тюменге көшіп кеткен.
1932 жылдың 2 қыркүйегінде ағалы-інілі Павел мен Федор орманға барып, із-түссіз жоғалады. Олардың аналары бұл кезде үйде жоқ болатын. 6 қыркүйекте Татьяна үйге оралып, ұлдарын іздей бастайды. Милицияға хабар береді. Павел мен Федорды бүкіл село болып іздеп, екеуінің өлі денелерін орманнан тапқан. Кісі өлтірушілерді іздеу кезінде сотталып кеткен Трофимнің туыстары күдікке ілінеді. Себебі Татьяна мен Павел сотта куәлік берген соң екіарадағы өшпенділік қатты ушығып, ашық жауластыққа ұласқан еді. Ұзамай Павелдің атасы Сергей (Трофим Морозовтың әкесі) мен әжесі Ксения, немере ағасы 19 жастағы Данил және тағы бір туыс ағасы Арсений Кулуканов қамауға алынады. Қамалғандар Павел мен Федорды өлтіргендерін мойындаған. Тергеу материалдарына қарағанда олар орманда алдымен Павелді пышақтап өлтірген, бұдан кейін қашып бара жатқан оның інісі Федордың көзін жойған. Сот үкімімен Арсений мен Данил ату жазасына кесілген. Ал Павелдің атасы мен әжесі түрмеге қамалып, қалған өмірлерін сонда өткізген. Шын мәнінде қанды оқиғаның қалай болғаны әлі күнге белгісіз. Бұл жөніндегі зерттеулер осы уақытқа дейін жүргізіліп келеді. Тіпті Павлик пен оның інісін ОГПУ-дің адамдары өлтірген деген де әңгіме бар. Алайда нақты айғақтар жоқ.
Павлик Морозов Герасимовка селосында пионер болған балалардың бірі және осы ұйымға жетекшілік еткен. Кеңестік идеология оның бейнесін кулактарға қарсы күреске шебер пайдалана білді.
Тоқсаныншы жылдары Ресейдегі «Мемориал» қоғамы П.Морозов пен оның інісінің өлімі бойынша ату жазасына кесілгендерді ақтау туралы Бас прокуратураға арыз берген екен. Алайда прокуратура тергеу амалдарының әділ жүргізілгенін, кінәлілердің әділ жаза алғанын көлденең тартып, өтінішті қанағаттандырмапты.
Әкесін сатқан ұл туралы айтыс-тартыс әлі толастамай келеді.