Француз ғалымдары 2 ай бойы төсекте жататын адамды іздейді
«Екі ай бойы төсекте жататын адам керек. Жалақысы – 16 мың евро »
Француз ғалымдары осындай еріктілерді іздеп жүр. Тулузадағы ғарыштық медицина мен физиология институтының қызметкерлері зерттеулері жүргізу үшін 20 мен 45 жас аралығындағы дені сау еркектер қажет екенін хабарлады. Оларға қойылатын жалғыз-ақ шарт: екі ай бойы тапжылмай төсекте жату қажет. Айта кетерлігі, олардың аяғы денесінен жоғарырақ деңгейде болуы тиіс. Тамақтану, жуынып-шайыну, басқа да барлық әрекеттер тек төсекте жатып атқарылады. Тестілеуден соң лайықты сыйақысы да дайын – 16 мың евро. Бірақ, оны бірден бермей, төрт жыл бойына төлеп отырады.
Ғалымдардың сондағысы көздегені не? Тестілеудің мақсаты – Халықаралық ғарыш станциясындағы ғарышкерлердің бұлшықеттері қандай халде болатынын зерттеу. Ғалымдар салмақсыздық жағдайындағы бұлшықеттерге келтірілетін зардапты мейлінше азайтатын дәрілік заттард таңдауды мақсат тұтып отыр.