Ұйқыдағы адам неге сөйлейді?
Сурет ашық дереккөзден алынды
Кей адамның ұйықтап жатып сөйлейтін кездері болады. Алайда әлі күнге дейін оның себебін дөп басып ешкім айта алмаған.
Мамандардың айтуынша, ересектерге қарағанда ұйқыдағы балалардың сөйлеуі жиі ұшырасады. Балалар күні бойы түрлі эмоцияны бастан кешіріп, содан алған әсерлерімен ұйқы кезінде бөліседі екен. Яғни, мидың қозуы сөйлеу орталықтарын іске қосады.
Ересек адамдар балалармен салыстырғанда ұйқы уақытында едәуір аз сөйлейтін болып шықты. Мамандар үлкендердің ұйқы кезіндегі әңгімесін екіге бөледі: ұйқыға енді батқан кездегі және қатты ұйқыда жатқан кездегі сөйлеу. Зерттеулерге сүйенсек, әрбір жиырмасыншы ересек адам, әрбір екіншісі бүлдіршін ұйықтап жатып сөйлейтін көрінеді.
Сомнилоквияға (түсінде сөйлеу) бейімдік ата-анадан беріледі деп есептеледі. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, ұйқы кезінде сөйлеудің еш зияндылығы жоқ. Ағза үшін де қауіп туғызбайтын бұл құбылыс адамның күні бойы бастан кешірген эмоциялық сезімдерінен туады. Бірақ, кей жағдайларда ұйқы кезінде сөйлеу белгілі бір аурулардың (мысалы, эпилепсия ауруы) белгісі болуы мүмкін.
Түнде сөйлеуді болдырмау үшін ұйықтар алдында шым-шытырық фильмдер көрмеген жөн. Тойып тамақтанбау қажет. Жатын бөлменің ауасын тазартып, желдетіп алған дұрыс. Ұйықтар алдында таза ауада жүрген жөн.