Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Эльмира Қожахметова, №3 Шымкент қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Эльмира Ағабекқызы, қайсыбір жолы Елбасының өзі іссапар барысында бас сұққан емхананың бүгінгі жай-күйі қандай?
- «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған емхана 2013 жылы қараша айында пайдалануға берілді. Қазір мекеменің медициналық көмегіне жүгінетін жалпы 49395 адам тізімде тұр. Бүгінгі заман медицинасының ұраны «Ауруды емдеу емес оның алдын алу» болып табылады. Сондықтан заманауи ғимаратта адамдардың денсаулығын сақтау мен емдеу үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, сәулелік, маммографиялық, функционалдық, эндоскопиялық, биохимиялық, иммунологиялық диагностикамен қамтылған. Одан бөлек мүмкіншілігі жоғары зертхана мен 30 төсек-орындық күндізгі стационар бар.
- «Жас емхананың» мамандары да жас шығар?
- Ия, оныңыз рас. Біздің ұжымда жас мамандар көп. Жастардың ынтасы, күш-жүгері мол. Сондықтан оларға өз біліктіліктерін, энергияларын тиімді жұмсауға мүмкіндік беруіміз қажет. Жаңашыл мамандар емделушілерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Емханада терапевт, кардиолог, онколог, маммолог, хирург, акушер-гинеколог сынды дәрігерлер қызмет етуде. Алайда педиатор жетіспейді. Есесіне қала бойынша біздің мекемде ғана жалпы практика дәрігері бар. Бұл отбасылық дәрігердің артықшылықтары медицинаның көптеген салаларынан хабардарлығы, жан-жақтылығы. Яғни сіздің кез-келген сырқатыңыздың алдын алуға, емдеуге дайын жандар.
- Скринингтік тексеруге халықтың белсенділігі қандай?
- Бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Себебі қазір ел-жұрт күн сайын телеарналардан, баспасөзден медицина жаңалықтарына, хабарландыруларға құлағдар болып отырады. Тексеру кезеңі басталғанда біздің шақыртуымызды күтпей-ақ өздігінен келетін тұрғындардың саны артып жатқандығы қуантады. Скрининтік тексеру медицинадағы маңызды істің бірі. Бақылау барысында адамдар денсаулығында кінәраттың бар-жоғын анықтай алады. Осы процессте көптеген аурулар анықталып жатса, керісінше бірқатар сырқаттардың алдын аламыз. Бұл жерде емделушілер мына бір жәйтті түсінуі керек. Скрининг – тек ақ халаттыларға ғана керек нәрсе емес, әркім өз денсаулығына өзі жауапты болғасын бұл өте тиімді әрекет. Тұрғындар тексеруге біз үшін келмеуі тиіс. Егер жауапкершілік екі жақтан болса онда адамдардың денсаулығы жақсарып, медицина қызметкерлерінің де жұмысы алға басар еді.
- Ана мен бала денсаулығына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
- Бұл тақырып қоғамда өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Біз үшін сау анадан сау баланың дүниеге келгені маңызды. Осы үшін аналарды есепке тұрған күннен бастап мамандарымыз жіті қадағалауға алады. Әрбір жүкті әйел 12 аптаға дейін есепке тұрып, жүктілік кезеңдегі скринингтік тексерулердің барлығынан өту керектігін білуі тиіс. Дәрігерлік бақылау денсаулығында ақауы бар балаларды ерте бастан анықтап, оны ертерек емдеуге жол ашады. Нәтижесінде ана мен бала өлімін азайтуға болады. Денсаулығында ақауы бар сәбилер көбінесе анасының жауапкершілігі болмауынан туылып жатады. Қан қысымы жоғары, бүйрек, жүрек секілді мүшелерінде ақау бола тұра жүкті болып, өзіне де, нәрестенің өміріне де қауіп төндіреді. Әрине біздің әйелдерге «бала тума» деп айтуға құқығымыз жоқ. Өйткені қазақ елінің демографиясының көтерілгенін біз де қалаймыз. Дегенмен, әрбір әйел сыр берген денсаулығын емдетіп барып, жүктілікке дайындалса сау баланы дүниеге әкелер еді.
- Медицина қызметкерлерінің қазіргі әлеуметтік жағдайы көңіліңізден шыға ма?
- Осы мамандықты таңдар кезде әрқайсымыз бұл саланың қиындығын білдік. Бірінші кезекте адам өміріне жауапты екенін сезінетін дәрігер үшін әлеуметтік мәселе екінші орында тұрады. Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдары медицина саласы қалай өркендеп келе жатса, бұл саладағы қызметкерлердің тұрмыстық жағдайы да солай түзеле түсуде деуге болады. 2016 жылдан бастап жалақының өсуі ақ халаттылардың көңілін бір көтеріп қойғаны рас.
- Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Біздің емхана қаладағы жүкті әйелдерді ең көп қабылдайтын мекеменің бірі. Себебі айналамыздағы Нұрсәт, Айқап, Тараз, Таскен сияқты шағын аудандардың барлығы жаңадан құрылған. Демек жас отбасылар көбірек қоныстанған. Жылдан-жылға ондағы халықтың саны өсіп келеді. Сол себепті алдағы уақытта қазіргі нысан тұрғындар үшін тарлық етеді-ау деген болжам бар. Емхананың ғимаратын кеңейту әзірге болашақтың еншісіне қалып тұрған жоспар.
Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай,
«Рейтинг» газеті №16, 28 сәуір 2016 жыл