Тіл мүкістігінің себебі неде?

Oinet.kz 23-05-2019 3508

Қазіргі таңда ата-аналардың алаңдаушылықпен қарайтын мәселелердің бірі-бала тілінің кешеуілдеп шығуы.Жылдан-жылға сөйлеу тіл кемістігі бар балалар саны өсуде.Логопедиялық көмекті қажет ететін балалардың пайызы артуда. Сөйлеу барысында пайда болатын ақаулар кез-келген жаста болсын іс-әрекетті тежейді.Адамның ұжымдағы қарым-қатынасына қиындық тудыртады.Тұлғаның әлеуметтік бейімделу мүмкіншілігін шектейді.Осындай мәселеге келгенде ата-аналарға көмек бере алатын арнайы логопед пен дефектолог мамандары бар.

2229084.jpg

Логопед дәрігерлері баланың анық сөйлеуімен дыбыстардың дұрыс шығуымен айналысады. Айта алмайтын,тілі келмей жүрген дыбыстарды үйретеді.Ал дефектолог болса  психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдей отырып оқытып, үйрететін,сөйлеу машығын қалыптастыртатын маман. Бұл екі мамандықдықтың алып қарайтын мәселелері бір десекте болады.

Осы орайда  тіл мүкістігі,тілдің кеш шығуы мен оның салдары жөнінде логопед маманымен сұхбат жүргізіп,пікірін білген едік.

№99 "Гүлдер"бөбекжай-бақшасы, Бердібек Назерке Төленбекқызы логопед маман:

- Қазіргі таңда былдырлап шыққан баланың тілі сол былдырлаған күйі қала береді. Балалардың сөйлеу барысында болатын тіл мүкістігі деген мәселе бар. Оны тудыратын негізгі себептері қандай?

-Ананың денсаулығы мен психоэмоционалдық жағдайы баланың дамуына өз ықпалын тигізбей қоймайды.Жүктілік кезінде ана өзіне және іштегі сәбиге жауапкершілікпен қарауы тиіс.Құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы тіл мүкістігіне бір себеп бола алады.Жәнеде көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайы тереңдеп,икемсізденіп,артикуляциялық қозғалысы нашарлайды.Тағыда үлкен себептердің бірі-тұтығу.Яғни үстемдік көрсетілетін,түрлі қорқыныштары бар балаларда тұтығу,кекештену процесстері пайда болады.Сондықтан ата-ана бала тәрбиесіне мұқият мән беруі тиіс.

- Тіл мүкістігіне қарай көрсетілетін көмектің сатылық деңгейлері барма? Әр кезеңнің өзіндік емдеу тәсілдері қандай?

- Иә,әр баланың тіл мүкістігіне қарай көмек сатылық деңгейде өткізіледі.Мәселен,мүкістік ақауының дислалия,дизартрия,ринолалия,алалия және афазия секілді бірнеше түрі бар.Айталық дислалия кезінде бала тек дыбыстарды ғана бұзып айтады.Ал,дизартрия жағдайында баланың сөйлеу мүшелері жүйке тамырларымен толық қамтамасыз етілмейді.Ең ауыр түрі-афазия.Демек бұл кезеңде бала миының зақымдану факторы байқалады.

Афазия деңгейіндегі әдіс-тәсілдерді жай дыбыстарды бұзып қана айтатын балаға қолдануға болмайды.Әр кезеңнің өзіндік бір емдеу шаралары бар.Және оларды бір-біріне араластыруға болмайды.Біздер балаларға арнайы жаттығулар,түрлі массаждар және тыныс алу жаттығуларын өткіземіз.Балаларды артикуляциялық жаттығулардан да тыс қалдырмаймыз.

- Отбасында қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан баланың орыс тілді балабақшаға баруы немесе керісінше жағдай.Бұл баланың сөйлеу техникасына қаншалықты әсер етеді?

-Мұндай жағдайлар өте көп кездеседі.Екі тілде қатар ойлау баланың ойын анық жеткізуге және сөйлемді еркін құрауға қиындық келтіртеді.Медицинада мұны билингвизм деп атайды.Қазақ ата-аналар көп жағдайда баламды орыс тобына берсем белсенді,шапшаң тілді тез үйреніп алады деген жансақ пікірде болады.Себебі қазақи ортада,қазақ отбасында тәрбиеленіп жүрген бала орыс тобына келсе дүбәрә болып қалады.Бұл уақытта сабақты түсіндіру кезінде тәрбиешілергеде қиындық тудыртады.

- Бала керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін?Сол үшін ата-аналарға баламен сөйлеу барысында қандай кеңес бере аласыз?

- Бұл бала дұрыс сөйлемейді? деген сөздерді естіген бүлдіршін көп жағдайда тұйықтлып қалады.Ер жеткен соң осы комплекстен арыла алмай адамдармен сөйлескенде,ортада сөйлеуге қиналып қалып жатады.Алайда көп ата-аналарда балаларына көңіл бөліп қарайтындай уақыт жоқ.Дегенменде мүмкіндігінше уақытыңыздың көп бөлігін балдырғаныңызға арнаңыз.Демалыс уақытында бірге серуендеп,балаңызды әнгімеге барынша тартыңыз.Сабағын бірге орындауға тырысыңыз.Себебі сіз үшін жұмысқа қарағанда балаңыздың денсаулығы бәрінен де маңызды болуы керек.

Қала балаларының арасында болатын мұндай мәселелер ауыл балаларында сирек қана кездеседі.Неге?Себебі ауылдық жерлерде өскен балалардың тілі ерте шығады.Әже-ата тәрбиесінде болған балдырғандар ертегі және бесік жырын тыңдайды.Баланың санасын қалыптастырып,тілін шығаруда бесік жыры нағыз тамаша әдіс.Артикуляциялық жаттығудың тағы бір керемет үлгісі-ұртына құрт салып сорып жүру.Осы сәтте тілінің мүкістігінен құтылу ұшін екі ұртына тас салып жүрген грек философы Демосфен еске түседі.Сондықтан малта сорып жүрген ауыл балақайларында мұндай проблема жоқ десекте болады.Кішкентайлар ойын барысында ересек балаларға еліктейді.Себебі қаладағыдай бақылауда емес,еркіндік бар оларда.Сонымен қатар ауылда ит,мысық,үй-жануарлары бар.Оның өзі бір терапия.

Бүгінгі күннің балалары топырақта ойнамайды.Турасын айтсақ,қазір бүлдіршіндерді қызықтыртып өзіне тарта кететін түрлі гаджеттер,ойындар,теледидардағы түрлі мағынасыз мультфильмдер көп.Мұның барлығы бала миына бірден болмасада біртін келе кері әсерін тигізіп отырады.Сол үшін теледидарды далаға серуендеп жүруге ауыстырыңыз.Қолына смартфон орнына қағаз бен қарындаш беріңіз.Көгілдір экран алдында бір ғана бейнеге үңіліп отыра беретін баланың,ортаға тез бейімделуі қиынға түседі.Сондықтан зиянды дүниелерге шектеу қойыңыз.Оны балаға пайда әкелетін іс-әрекеттермен алмастырыңыз.Сонымен қатар баланың ой-өрісін кеңейтуде классикалық әуендерге де мән беріңіз.Классикалық әндерді тыңдаған бала әдемілікке,дұрыс ойлап білуге және баппен сөйлеуге үйренеді.

Ақбота Серікбаева, 

ХҚТУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің 2 курс студенті

Суда босанудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Гипертония ауруына жол бермеңіз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу