Соңғы үлгідегі құралдармен оталар жасалады
Жетісай аудандық орталық ауруханасында хирургия бөлімінде оң өзгеріс көп. Мұнда компьютерлік томография көптеген жұмыстарды жеңілдеткен. Хирургия бөлімінің травматолог дәрігері Пернебай Сыдықовтың айтуынша, компьютерлік томографияның арқасында ем іздеп келген науқастарға сапалы қызмет көрсетілуде.
- Біздің хирургия бөлімі 30 төсек орынға арналған. Аудан көлеміндегі барлық оталарды жасаймыз. Жарақат бөлімінде 16 төсек орын бар. Оның 5-уі балаларға арналған.
Коронавирус жағдайына байланысты науқастардың көбісі жедел жағдаймен түседі. Тиісті оталарды осында жасап жатырмыз. Сүйекке, бұғана, егер күрделі ота болса санавиациямен Шымкенттен мамандар шақырамыз. Нейрохирург, травматологтармен бірге осында ота жасаймыз.
Былтыр індеттің келуіне байланысты жоспарлы оталар әзірге тоқтап тұр. Барлығында жедел ота. Өт қалтасы қабынуы, соқырішек оталарын осында істейміз. Жалпы қызметкерлер барлығы қамтылған, дәрігерлер жеткілікті. Лапароскопиялық сөре деген бар. Мұнда соңғы үлгідегі құралмен іш қуысына оталар жасалынып жатыр. Өт, одан кейін соқыр ішекті алу, гинекологиялық оталарды да біздің хирургтар жасап жатыр, - дейді ол.
Бөлім меңгерушісінің айтуынша, соңғы Еуропа үлгісіндегі оталар еш қиындықсыз жасалуда. Сыныққа бұрыннан келе жатқан тәсілді қолданып келеді. Күрделі болып жатса облысқа жолдап, сол жақта сүйекке ота жасалып жатыр.
- Компьютерлік томография келгелі бері көзіміз ашылып қалды. Өйткені аурухананың құрылғанына биыл 12 жыл толып жатыр. Рентген аппаратымыз онша жақсы көрсетпейді. Сол үшін компьютерлік томография алдық. Бұның қолдану ауқымы өте үлкен екен. Әсіресе сынықтарға. Бұрын анықтауға қиналатын сынықтардың бәрі компьютерде әдемі көрінеді. Одан басқа іш құрылысындағы, ағзадағы ауытқуларды көруге осы компьютердің пайдасы өте көп. Диагноз қоюға жәрдем беруде. Ауруды көрмей-ақ, келген анализ талдамасынан көрсек, ауруларды көрмейтін жағдайға жетіп жатырмыз, - дейді Пернебай Сыдықов.
Бөлім мамандары науқас түсіп жатқан кезде оның ауруын алдын ала біліп отырады. Өйткені оларда компьютерден қорытынды бар. "Сүйек сынған, мынадай ауытқуы бар" деген. Ауруханада облыс көлемінде істеліп жатқан оталар бар. Мамандар жеткілікті.
- Бізде ауруханада КТ-дан бөлек МРТ аппараты керек. Халыққа МРТ аппараты болса керемет болар еді. КТ-нің өзі біз үшін үлкен жетістік болып отыр. КТ аппаратының келгеніне 3 жыл болды, - дейді бөлім меңгерушісі
Ауруханада балалар денсаулығы да жіті бақылауда. Аурухананың педиатр дәрігері Ақшолпан Досымбетованың айтуынша, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету, көмек беру басты назарда. Балалар бөлімшесінде 17 қызметкер бар. Оның 1-і дәрігер, 6-ы тазалық қызметкерлері, 10-ы медбике.
- Осы Жетісай ауруханасында дәрігер болып істеп жатқаныма 10 жыл болды. Біздің ауруханамызда балалар бөлімі 21 жатын орынға лайықталып жасалған. Қазіргі таңда, 15 бала жатыр. Көбісі пневмония, бронхиолит, неврологиялық, бүйрек аурулары бар балалар. Осы жерде емдерін алып, сауығып кетіп жатыр.
Бізде ауруханада рентген аппараты, УДЗ аппараттарымен жабдықталған. Жағдайы ауыр науқастар үшін дәрігерлер УДЗ бен рентген аппараттарымен палатаға арнайы келіп түсіріп кетеді. ДЖүре алатын балалар болса УДЗ аппаратына өздері барып түсе береді. Невропотолог, хирург, лор, окулист мамандар консультацияға келіп, науқасты тексеріп, керек ұсыныстарын беріп кетеді. Жағдайы ауыр науқас бала үшін санавиация арқылы облыстық ауруханалармен байланыстамыз. Санавиация арқылы керек мамандарды шақыртамыз. Керек болса сол жаққа алып кетеді. Қатты керек болса тікұшақпен де алып кететін жағдайлар болады, - дейді Ақшолпан Досымбетова.