ЖИТС - өмірдің соңғы баспалдағы емес

Oinet.kz 20-07-2021 2768

Жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) талай адамды ажал құштырды. Жалпақ тілде «СПИД» деп аталатын бұл кесел атының өзінен-ақ денені тітіркендіріп, бойға қорқыныш ұялатады. Бұл кеселге шалдыққан адам азапты өлімге душар болады деп ел ішінде жиі айтылады. Аты жаман кеселге шалдыққан адам бірден қоғамнан шеттеп қалып, өзіне қол жұмсауға дейін барады. Өкінштісі сол, бұл асығыс шешім. ЖИТС – өмір соңы емес. Аталған аурудан жазылуға болады. Әрине егер науқас дәрігерге ерте көрінсе. 

Жалпы ЖИТС – дерттің асқынған түрі. Оның әлі асқынбаған түрі – ағзаның иммунді тапшылығы вирусы (АИТВ) деп аталады. Ал АИТВ ауруын  асқындырмай ұстап тұруға, жеңілдетуге болады. Осы кеселге ұшыраған науқас бұдан «болды, бітті» деп қорықпау һәм қолды сілтеп үмітті үзбеу керек. Соңына дейін күрескені абзал. Бұл туралы әлем дәрігерлерді мәлімдеген. 

a354ae0a-333e-4d70-8f50-8529a17c9188.jpg

Бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арамызда бар. Түркістан облысында осы санаттағы азаматтарға медициналық мекемелер қолдау, көмек көрсетеді. ЖИТС/АИТВ-ға шалдыққандарға арнайы айналысатын облыстық «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен 2018 жылдың 12 желтоқсанында құрылды. Аталған орталық өңірде АИТВ жұқпасының таралуын болдырмау үшін профилактикалық шаралармен айналысады және және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға медициналық қызмет көрсетеді. ЖИТС орталығы облыстағы ең үздіктердің бірі болып саналады. Мұнда біліктілігі жоғары мамандар қызмет атқарады. Орталық мамандары бірнеше республикалық басылымдарға ғылыми мақала жариялаумен қатар халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтастықта жұмыс істейді. 

Ауру адам жасқаншақ болады. Ол айналасындағылардан жылы сөз, демеу күтеді. Әсіресе дәрігерлерден. Себебі дәрігерді – жебеуші періштесі көреді. Оның әрбір айтқан сөзіне сеніп, бұлжытпай орындауға тырысады. Әсіресе диагнозынан ұялатын науқастар. Орталық мамандары адам жанына терең бойлап, науқастарға барынша қол ұшын созады. Аталған орталықтың меңгерушісі, осында 10 жылдан аса уақыт қызмет атқарып келе жатқан Гүлжан Хасанованың айтуынша, дәрігерлер психолог болу керек. Науқас дәрігерге сеніп, жан дүниесін ашса ғана ем қонады. Ал егер дәрігерден күдіктеніп, кірпідей жиырылса онда дәрігер ештеңе істей алмайды. Сондықтан да дәрігерге артылар жүк өте ауыр. Бұл жерде ең бастысы дәрігер өз мамандығын сүю керек.

dc17807b-b349-4c8f-a8f2-94b515a0bdb6.jpg

Гүлжан Хасанова

– Дәрігер болу үлкен жауапкершілікті, біліктілікті, сабырлылықты талап етеді. Мен өз мамандығымды бала кезден жақсы көріп, алдыма үлкен мақсаттар қойып таңдағанмын. Сондықтан мамандығым өзіме ұнайды. Менің көмегіме келген әрбір науқасқа жоғары дәрежелі, сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Осы мамандықты таңдағаныма, адамдарға пайдамды тигізе білгенім үшін қуаныштымын. Бұл жерде науқастарға қарау үлкен сабырлықты қажет етеді. Өйткені науқастардың өздерімен бірге өмір бойы болатын ауруға деген дұрыс көзқарастарын қалыптастыру үшін үлкен жұмыстар жүргізіледі. Өмір бойы дәрі ішу, өмір бойы сол инфекциямен өмір сүру оңай нәрсе емес. Үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Науқаспен тек дәрігерлік емес психологиялық көмектер де кең көлемде көрсетіледі, - дейді Гүлжан Хасанова. 

Науқасқа емдеу мекемесінде кереуетке байланып жату міндетті емес. Тиісті ем-домды қабылдап, дәрігер жазып берген дәрілерді уақтылы тұтыну арқылы қоғамда күнделікті тіршілімен айналыса беруге болады. Әрине өзгеге зияыны тимес үшін сақтық шарасын қатаң ұстану керек. 

– Мұнда ұзақ жылдан бері бізбен бірге жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан науқастар да бар. Ол науқастар өздері қалаған мамандықтары бойынша қызмет атқарып жатыр. Олардың балалары бар, тұрмыс құрғандары, үйленгендері бар, дені сау баланы дүниеге әкеліп жатқан науқастар бар. Олар орталық дәрігерлерінің көмегімен арнайы емді қолдану арқылы олар сапалы, ұзақ, дұрыс өмір сүруде, - дейді орталық меңгеруші Гүлжан Хасанова.

17b79b34-b448-49dc-9a98-44648ae3e719.jpg

Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша республикада 26,700-ден астам АИТВ-мен өмір сүретіні анықталған. Инфекцияның таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 143,4 құрады. Бұл Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш (Түркіменстанды қоспағанда). Осыған байланысты ел ішінде түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн. Облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының мамандары бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысуда. Өңір аумағында тұрақты түрде Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне және ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күніне арналған акциялар, баспасөз конференциялары, сұрақ-жауап кештері өткізіледі. 

Ашық жұмыс істейтін емхана
Індеттен құтылудың жолы – вакцинация!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу