Денсаулығыңызды сақтандырдыңыз ба?

Oinet.kz 04-06-2020 1046

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне бір айдан асты. Екі жыл кейінге шегеріліп барып іске қосылған жаңа жүйеге қатысты туындап жатқан сұрақтар да көп. Бірі, медициналық сақтандыруға тіркеуден қалай өтеміз десе, енді бірі төлейтін жарна мөлшерін сұрайды. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркеуден өтіп оның пайдасын көріп жүргендер де бар. Олардың айтуынша бұл жүйе біздің елдің денсаулық саласы үшін маңызды жүйе. Себебі, бұрындары адамдар денсаулығына аса мән бермей жүрген болса, қазіргі таңда, бұл жүйе жүзеге асқалы, денсаулығының кінәратты тұстарын білгісі келіп, тексерістен өту үшін келетіндер қаншама дейді. Сонымен, сұрақ белгі болып келе жатқан осы  тақырып төңірегіндегі сауалдарға арнайы мамандар мен тұрғындардан жауап алып көрген едік... 

Денсаулық-–-Алланың-аманаты.jpg

Нұргүл САДЫҚ, мұғалім:     Денсаулық саласына қолдау керек

 Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесі өзге елдер үшін таңсық емес. Дамыған елдерде тиімді жүзеге асып келе жатқан жүйелердің бірі. Сондықтан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қолдаймын және де мен арнайы тіркеуден де өтіп, сақтандырылып  қойғанмын. Басым ауырып, балтырым сыздай қалса кез келген аурухананың дәрігерлік көмегіне жүгіне аламын. Өзім мұғалім болып жұмыс істеймін.  Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген сәттен бастап, арнайы тіркеуден өтуді ойладым. Қазіргі таңда, медициналық сақтандыру бойынша тексеруден өтіп жүрмін. Жаңа жүйенің тиімдісі сол,  азаматтарды өз денсаулығын сақтауға ынталандырады. Ал, арнайы төлем жасағаннан кейін, ауруханадан өзіміз қалаған, сапалы медициналық қызметті талап ете аламыз. Айтарым, денсаулық саласына байланысты қандай да бір жүйе енгізіліп, заң белгіленіп жатса оған қарсылық танытудың қажеті жоқ. Керісінше қолдау білдіру керек.  Себебі, кез келген адамның өмірінде денсаулық бірінші орында тұруы тиіс. 

Әділет ӘБСАТТАР, ерікті: Жақсы мен жағымсыз жағы да бар

 Мен әлі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркеуден өтпедім. Алдағы уақытта, тіркеуден өту жоспарымда жоқ. Себебі, бұл жүйе өзі аты айтып  тұрғандай – адамды міндеттеп қоятын сыңайлы. Мысалы, өзің қаламасаң да кез-келген адамға донор болуға, қан тапсыруға міндеттісің. Қарап тұрсаңыз, мұның бәрінің астарында саясат жатыр. Әрине, тиімді жақтары да бар. Төленген аз ғана жарнаға қандай сырқат түрін болсын емдетуге  мүмкіндік береді дейді. Сол жағы халық үшін ең тиімді тұсы болып тұр. 

Мақпал БЕКТАЕВА, «Медикер» клиникасының  терапевт дәрігері: Ортақ жауапкершілікті қамтамасыз етеді 

Жалпы медициналық сақтандыру халық денсаулығын қоғау бағытында құрылған жүйелердің бірі. МӘМС-пен  дамыған елдердің көпшілігі жұмыс істеп,  медициналық қызметтің сапасын көтеріп отыр. Кез келген адам медициналық сақтандыру арқылы қорға жиналған қаржы есебінен тегін медициналық көмек ала алады. Қазіргі таңда, кәрі болсын, жасы болсын көпшілігі ауруханадан табылып жатады. Жалпы, басы ауырып балтыры сыздамайтын адам  жоқ. Сондықтан да бұл жүйе халық үшін өте тиімді. Шымкент қаласындағы «Медикер» клиникасы  қазіргі таңда медициналық сақтандырудан өткен науқастарды қабылдауда.  Көпшілік адамдар бізден келіп арнайы тіркеуден де өтіп жатыр. Келушілерге медициналық сақтандырудың тиімділігін міндетті түрде түсіндіріп өтеміз. 

Жаңа жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмек көмегін алуда тиімділігі жоғары.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Оның құрамына мемлекеттік қаржыдан тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Мысалы, жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсету, төтенше жағдайда көмек көрсету және алдын алу шараларына қатысты екпелер негізгі сақтандыру түріне енеді.  Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді. Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулықтарын  сақтау бойынша ортақ жауапкершілікті қамтамасыз ететін жүйе. 

Сауалнаманы жүргізген:  Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Тәтті, қышқыл, тұздыны қалағанда...
D дәрумені жетіспеуінен қандай қауіп бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу