Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Баласын қатты қадағалап, тәрбиелеуге тырысатын ата-аналар дән еккен Карлсонға ұқсайды. Дән өнді ме, өнбеді ме деп қайта-қайта қазып алып қарай беретін еді ғой. Негізінде баланы құлағынан тартып отырғандықтан өсіп, оқып, жетілмейді, ол жай бала болғандықтан өседі. Олардың болмысына үнемі іздену, жетілу сіңірілген. О баста бар.
Бала бәрін білуі үшін арнаулы әдістеменің қажеті шамалы, бала қызықса, ештеңеден қорықпаса болды. Қорықпау – ата-анасы жақсы болса дегені. Ата-анасы жанында болса, олар баласын жақсы көрсе, сен олар үшін ең жақсы болсаң болғаны.
Егер бала жалғызілікті болса, егер одан бас тартса, ол ата-анасының ашуынан қорықса, көңілін қалдырудан үрейленсе, ол дамымайды. Психиканың бар күш-қуаты бауыр басуға кететін қобалжуға жұмсалады.
Психологтардың айтуынша, аффект зиятты тежейді. Көмкерме ми жүйесі (лимбическая система) тұрақсызданып, кортикалды (жоғарғы ми) ми қабатына дұрыс жұмыс істеткізбейді. Танымдық жұмыс тоқтап қалады. Егер бала ата-анасы арасындағы байланысқа дән риза болса, ол әке-шешесіне теріс айналып, әлемге құшақ ашады. Дүниені тануға аттанады. Егер бала жалғызілікті болса, егер одан бас тартса, ол ата-анасының ашуынан қорықса, көңілін қалдырудан үрейленсе, ол дамымайды. Психиканың бар күш-қуаты бауыр басуға кететін қобалжуға жұмсалады.
Мынадай тәжірибе жасалған: мектепке бармаған баланы анасымен сан алуан жетілдіретін ойыншықтары бар, ерекше дүниелері көп бөлмеге кіргізеді. Сосын тәжірибе жүргізетін адам кешірім сұрап, «сәл уақытқа шығып келейін, еркін отырыңыздар» деп шығып кетеді. «Мұнда не бар, соны қарай тұруға рұқсат» етеді. Шықты. Бірақ алысқа кетпеді. Келесі бөлмедегі қабырға арнаулы айнамен жабдықталған. Психологиялық тәжірибелерді жасау үшін жиі қолданылады. Сол бөлмеге кіріп, айна-терезе арқылы анасы мен баласы не істегенін бақылайды. Қимыл-қозғалыс пен мінез-құлықтың төрт түрі анықталған:
- Анасы баласына дауыс көтереді. «Тыныш отыр, ештеңеге тиме» дейді, екеуі тапжылмай отырып маманды күтеді. Бала бірдеңені ұстап көргісі келсе, шешесі дереу тоқтатып отырған.
- Анасы сөмкесінен журналын алып оқиды, балаға мән бермеген. Бала батылданып әр нәрсені ұстап көреді. Қарайды, айналдырады.
- Анасы баласына жылы қабақ танытады: «Мұнда қанша жақсы ойыншықтар бар, қарашы!» Балаға ойыншықтарды көрсетіп, қалай ойнау керегін үйретеді.
- Анасы баласын ұмытып, әр ойыншықты өзі қарап, бұл не, неге керек деп түсінуге тырысады. Бала да өздігінен бәрін ұстап көріп, қарап шығады.
Сосын психолог қайтып оралады. Арнайы тестілеу арқылы баланың танымдық белсенділігін анықтайды. Ары қарай оқымастан, қай топтағы балалардың нәтижесі жоғары болды деп ойлайсыз? Ең жоғарғы нәтижені 4 топтағы балалар көрсеткен(!) Мұнда бәрі танымдық тұрғыда өткен: анасы қасында, өзі бәрін зерттеп қарап жүр, бала еліктей отырып, бәрін қарап шықты, ол көңілді, жаны тыныш, процесс тамаша өтті.
Одан кейін 2 топтағы аналардың баласы жақсы нәтиже көрсетеді. Олар баласына үлгі көрсетпесе де, жанында отырды, сабырлы болды, тектемеді, бала өзін қауіпсіз сезінді, табиғи болмысы ашылды.
Нашар нәтижені бәріне тыйым сала беретін және басқарып отыратын аналардың балалары көрсеткен!
Егер бала жан тыныштығын сезініп, рухани бай ортада, қызығы көп, өзгерісі мол ортада өссе, егер ата-анасы айналасын тануға бейім тұрса, егер олардың ақылды әрі жан-жақты достары көп болса, баланың көзінше солармен әңгімелессе, араласса, өздері сүйіп жақсы көретін жұмыстары болса, олар үйге келгенде жұмысы туралы мол ақпарат айтса, мұндай ата-анаға баласын жетілдіруге көп күш жұмсаудың қажеті жоқ. Көргенін істеу мен табиғи болмыс өзіне тиесіліні жасайды – баланың бойында бар ғажап өздігінен жетіледі. Оны басып ұстай алмайсың.
Нені бақылау керек дейсіз бе? Бала сізден және қоршаған әлемнен қорықпаса болғаны. Танымдық белсенділік қатты күйзеліс пен ауыр азапқа шақ келмейді. Баланың көңіл күйі түссе, қорқыныш ұяласа, жалғыздығын сезінсе, ол білім қумайды.
Көпшілік байқаған бір шындық бар: серуенге шыққанда бала танымдық белсенділігін көрсетеді. Ол жұлдызқұртты бақылайды. Торғайды, мысықты. Алайда ара-тұра сәкіде отырған анасына қарап қояды.
Бір қараса, анасы жоқ. Бір сәтке басқа жаққа кетіп қалды. Бітті! Танымдық белсенділік дереу жоғалып, анасы табылмайынша бала бақырып жылап, ауланы басына көтереді. Жұлдызқұрт жайына қалады.
Анасы тым ұзақ жоқ боп кетсе ше? Әлде мәңгілікке жоқ боп кетсе? Танымдық белсенділік қайда қалмақ? Бала асырап алушылар мұны жақсы түсінеді. Балалар үйінен әкелген баланы жақсы өмірге үйрете алмай қиналады.
Кейде үйдің баласы да мұндайды бастан кешеді. Егер үйде әке-шешесі үнемі ұрыса берсе, отбасында біреу ішкілікке салынса, яки мінезі ауыр, ұрысқақ болса, егер бала біреу мені сынайды деп қорықса, тастап кетеді деп үріксе, ата-анасының үмітін ақтай алмай қалам-ау деп қорықса, олар содан маған ренжиді, ауырып қалады десе, бала жетілмей қалады.
Маған Гордон Ньюфелдтің мына сөзі ұнайды: «Жетілу – тыныштықтан басталады». Өмірде де солай. Балада да, ересектерде де. Адамдар солай жаратылған. Біздің негізгі сұранысымыз қанағаттанса, жан тыныштығын тапсақ, жаңа бірдеңені білуге, зерттеуге дайын тұрамыз. Баланы жақсылап жетілдіру үшін, оның танымдық белсенділігі арту үшін көп нәрсе керек екен.
Ата-анасының махаббаты керек. Үйдегі жайма-шуақ атмосфера керек. Қауіпсіздік маңызды. Сенім болсын. Баланы тектей бермеу үшін, тыйым салмау үшін, үнемі басқара бермеу үшін. Бірақ мақтаның ішіне сап қоймаңыз, баланың өмірінде күтпеген жағдайлар боп тұрсын. Кейде шектеулі күйзелістің де болғаны пайдалы. Өзінің мақсатына өзі жетсін. Бұның бәріне зор ықылас керек. Бірақ, ертеден кешке дейін баласының «тәрбиесімен» айналысатындар ойлағандай ықылас емес.
Людмила ПЕТРАНОВСКАЯ, «Тайная опора: привязанность в жизни ребенка» (Құпия тірек: баланың өміріндегі ықтиярлық)
Аударған Шынар ӘБДІЛДӘ