Болатбек БАЙМАХАНОВ: «Дәрігер рецептінсіз дәрі сату – қылмыс!»

Oinet.kz 25-05-2020 1051

Өткен атпада А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хиурургия орталығының басқара төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында ұйқы безі ісігіне жаңа әдіспен 4 ота жасады. Білікті маман жергілікті дәрігерлердің басын қосып, ауыр оталарды жасаудың қыр-сырын үйретті. Бұған дейін науқастар мұндай операция үшін еліміздің ірі қалаларына баратын болса, енді Түркістанда жасататын болды. Сондай-ақ, Ұлттық ғылыми хиурургия орталығы мен қалалық орталық аурухана арасында өзара меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында хирург транспантолог «Диагноз» газетінің оқырмандары үшін арнайы сұхбат берген еді, назарларыңызға ұсынамыз. 

image.png

Көмектесуге дайынбыз

– Болатбек Бимендіұлы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғанда оның орталығы Түркістан қаласын рухани орталық қана емес, сонымен қатар туризм орталығы ретінде дамытуды тапсырды. Елбасы айқындап берген жолмен әзірдің өзінде Түркістанға келуші саяхатшылар мен зиярат етушілердің қатары 1,5 миллонға таяды. 4-5 жылда 7 миллионнан асады деп күтілуде. Мұндай жағдайда медициналық туризмді де жетілдіруге бола ма?

– Біз мұнда бірінші кезекте туристерге арнап емес, облыс тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетуге ыңғайластырылған заманға сай медицина ғимараттарын салуымыз қажет. Түркістанда кемінде 700 төсек орынды, 1000 болса тіпті жақсы, көпсалалы аурухана кешені болуы тиіс. Жеке-жеке емдеу мекемелерін салу тиімсіз. Өйткені аудан-қалалардағы, шалғай ауылдардағы адамдар дерттеріне шипа іздегенде ең алдымен облыс орталығына қарай ағылады. Олар бір ауруханадан екіншісіне сабылып, табан тоздырып, әр мекеменің табалдырығын аттап әуре-сарсаңға түспеуі тиіс. Бұл – Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Екіншіден, аурухана кешені заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылуы керек. Үшіншіден, ондай орталықта білім-біліктігі жоғары медицина мамандары жұмыс істесе, Түркістан облыс тұрғындарының ғана емес, көрші өңірлердің, тіпті туристердің де қызығушылықтарын арттыратыны анық. Бұл Денсаулық сақтау басқармасы мен сол аурухана кешені басшылығының міндеті, тиісті медициналық құрылғылармен жабдықтауға, мықты кадрлармен қамтуға солар жауапты. Біз өз тарапымыздан қажетті мамандар даярлауға көмектесеміз. Осында келіп тәжірибе бөлісуге, өзімізге шақыртып, мастер-класстар өткізіп үйретуге, бірге ізденуге дайынбыз. Дегенмен, сіз айтқандай медициналық туризмді дамыту үшін ең алдымен мұнда медициналық сервис қалыптасуы, жоғары болуы тиіс. Дәрігерлердің кәсібилігі өз алдына, дертіне шипа іздегендер есіктен кіргеннен ең алдымен қолайлы сервиске қатты мән береді. Сосын шетелдіктер де өзіміз сияқты, аз қаржы жұмсап, сапалы ем қабылдағысы келеді. 

Қанша заман талаптарына сай әсем ғимараттар салғанымызбен дәрігерлік көмек көрсету жоғары дәрежеде болмаса медициналық туризм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Жылдан жылға көбейіп, Түркістанға ағылып келіп жатқан туристердің бірі болмаса бірі дәрігерлік көмекті қажет етеді. Түрлі жағдайлар болу мүмкін ғой, жол апатына ұшырауы, басқа да жарақат алуы ғажап емес. Біздің медицинамызға баға беруге солардың пікірлерінің өзі жеткілікті. Олар өз елдеріне қайтып барғанда Түркістанға келем деушілерге, өздерінен кеңес сұрағандардың барлығына айтады. Шетелдіктердің арасында саяхаттарын мақалаға айналдырып басылым беттерінде жариялайтындары, тіпті кітап жазатындары да бар.

Жалпы, Қазақстанда емдеу мекемелері ғимараттарының 70 пайызы тозған. Кейбір жерлерде 80 пайызға дейін құрал-жабдықтар ескірген. Мұндай жағдайда медициналық туризм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Әрине, бізге Қырғызстан мен Өзбекстаннан пациенттер келеді. Өйткені оларда транспантология дамымаған. Сосын бізде өте арзан. 

– Бұған дейін «Диагноз» газетіне берген сұхбатыңызда  «бірқатар салалар бойынша біздің медицина батыс немесе шығыс елдерінен асып түспесе, кем соқпайды. Айталық, кардиохирургия мен трансплантация бойынша біздің дәрігерлеріміз ТМД елдері бойынша үздік саналады. Бүйрек, бауыр ауыстыру жағынан алдымызға жан салмаймыз» деп едіңіз. Оның үстіне сіз айтқандай бізде жасалатын оталардың құны дамыған елдердегіден әлдеқайда төмен. Демек, Түркістанда медициналық сервис қалыптастыра алсақ, медициналық туризмді дамытуға болады...

– Мен әлем медицинасында Қазақстан бірқатар салалар бойынша ғана алда екенін атап айтқанмын. Кардиохирургия Түркістанда енді қолға алынбаса, әлі дамымаған. Трансплантация туралы айтуға да ерте. Рас, бізде ота жасау өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бұл Үкіметтің талабымен солай. Әйтпесе, ол оталар өздерін ақтамайды. 

Медицина да бизнес

– Билік отандық медицинаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік әдісімен дамытуды көздейді. Сіз айтқандай емдеу мекемелерінің кешенді аурухана болуын қалайтын Денсаулық сақтау министрлігі де әкімдіктерден ғимараттар салуда осыны талап етіп жүр. Бірақ, оған жеке кәсіпкерлердің қызығушылық танытып жатқаны шамалы...

– Егер Үкімет тарапынан емдеу мекемелеріне жөндеу жұмыстарына, құрал-жабдықтар алуына қаржы жетпей жатса, жеке инвестиция тарту, жекеге басқаруға беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік әдісімен дамыту қажет. Бірақ, жеке кәсіпкердің құйған қаржысын қайтарып алуына мүмкіндік беру керек. Бұл бір жағынан дұрыс. Бірақ, қызығушылық танытып жатқандар өзіңіз айтқандай көп емес. Оларды да түсінуге болады. Бұл да бизнес. Салған ақшаң 20-25 жылда қайтатын болса, ол қандай бизнес? Ешбір бизнесмен мұндай ұзақ мерзімге ақшасын салмайды. Мықты бизнесмен инвестициясын ары кеткенде 5 жылда қайтарып алуды көздейді. Оның орнында мен де, сіз де болсаңыз сөйтесіз. Менің де жеке орталық ашуға тәжірибем жетеді. Шәкірттерім, мамандарым түгел. Бірақ, неге оны істемеймін? Өйткені, Қазақстанда қазіргі таңда медицина саласындағы тарифтер өте төмен. Мысалы, компьютерлік томографты жеке адамдар неге сатып алып клиникасына орнатпайды? Мен бизнесмен болсам, мұндай томограф, МРТ аппаратын клиникама қоймаймын. Өйткені аппарат 2 миллион доллар тұрса, оның жылдың амортизациясы кемінде 200 мың долларды құрайды. Ай сайын осының өзіне 17 мың доллардан жинауыңыз керек. Сонда 2 миллионыңызды 10 жылда қайтарып аласыз. Бұл ешқандай табыссыз, аппараттың өзіндік құны ғана. Ал, Үкіметтің дәрігерге қаралатын адамдарға бекіткен тарифі 10 есе аз. Ол оның өзіндік шығынын да жаппайды. Мысалы, бір зерттеудің өзіне 35-40 мың теңге шығын жұмсалатын болса, 3,5-4 мың теңге қай жыртығын жамайды? Осы тарифтің өзгермегеніне 15 жылға таяды. Өзгертеміз деп еді, әлі өзгерткен жоқ. 

Бизнесмендердің кішкентай клиникаларды ғана қаржыландыратындары сондықтан. Өздеріне тиімді, пайда түсетіндер ғана ашып жатыр. Пайда түспейтін, қиын науқастарды олар ешқашан қабылдамайды. Ондай болмауы керек. Медициналық мекеме аштыңыз ба, ауру таңдамауға тиіссіз. Бізде керісінше, пациенттің жағдайы жақсы, жеңілдеу болса өздеріне тартады. Ақысын төлетіп жатқызады, емдейді. Шығыны көп болса, бар деп мемлекеттік мекемелерге жұмсайды.

– Өз салаңызға оралсақ. Биыл Түркістанда қандай және қанша ота жасау жоспарыңызда бар?

– Ота жасаудан бұрын дұрыс әрі уақытылы диагноз қоя білуге тиіспіз. Сондықтан біз облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп бірінші кезекте эндоскопистер, узистер, КТ-мен диагноз қоятын мамандар даярлауымыз керек. Сосын талапқа сай медициналық құрал-жабдықтар болу керек. Білікті, тәжірибелі мамандар болғанымен тиісті құрылғылар болмаса, оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Әрине, бірінші кішігірім, орта оталарды жасай береміз. Хирургиялық емдердің күрделілерін жаңа ғана айтып өткендей, кешенді аурухана пайдалануға берілген соң жоспарлаймыз. 

Реанимация өз деңгейінде болуы керек. Оған тиісті құрал-жабдықтар, наркоздық аппараттар қажет. Ол да жоспарымызда бар. Қазір жетіспеушілік бар. Мамандар да жетіспейді. Кешенді аурухана салынып біткенімен оны тиісті құрылғылармен толық жабдықтауға екі-үш жыл кетеді. Соған қазірден дайындалуымыз керек. 

Әрине, үлкен ғимараттың салынып бітуін күтіп ешкім қол қусырып қарап отырған жоқ. Тиісті басқарма тарапынан биыл да біраз Түркістан қалалық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық құрылғылар сатып алынып орнатылайын деп жатыр екен. Сол дайындықтарға байланысты ота жасау түрлерін біз де жоспарымызға енгізетін боламыз.

Хирург тапшы...

– Елімізде соңғы жылдары бүйрегін, бауырын ауыстыруға кезек күткен науқастар қатар көбейгендей. Мұны немен байланыстыруға болады? 

– Көбейді деп айтуға болмас, бұрын да сондай болған. Тек бүйрек, бауыр ауыстыру оталарын өзіміз істей бастаған соң жағдайы ауыр науқастар тізімі жасалуда. Бұрын оларды ешкім кезекке қойып реттемеген. Көп болатынының тағы бір себебі бұрын мұндай хирургиялық емдер қолжетімді емес еді. Трансплантация дамымай тұрғанда диализ алатындары емделіп, қалғандары қайтыс болып жатты. Бауырға байланысты ауыр науқастардың барлығы да жарық дүниемен қоштасатын. Оларды аман алып қалатындай мұндай технология болған жоқ еді.

Осыдан 15-20 жыл бұрын гепатитке шалдыққандар енді бауыр циррозымен келуде. Жалпы халық саны көбейген, өмір сүру жасы ұлғайған сайын трансплантацияны қажет етіндер саны көбеймесе кемімейді. Бұл бір күнде, соңғы кезде пайда болған аурулар емес.

– Отандық медицинада хирургияға көбірек көңіл бөлініп, терапия кенжелеп қалған жоқ па?

– Хирургияға басымдық беріліп жатыр деп айта алмаймын. Терапиямен салыстыруға келмейді. Әр саланың өзінің орны бар, дамуы тәжірибелі мамандарға тікелей байланысты. Қазір көп аудандарда бір-ақ хирург, кейбірінде тіпті жоқ. Жалғыз болған соң жыл сайынғы тиесілі демалысына 20 жылдан бері шықпай жұмыс істеп жүрген хирургтарды білемін. 

Кемінде 5-6, 10 сағатқа дейін созылатын оталар бар. Кейде хирургиялық емді шұғыл қажет ететіндердің көбейіп кеткен кездерінде 4-5 күн тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Түнгі кезекшіліктен шыққан хирург ұйқысыз күндіз де істеп жүр. Енді үйіне қайтайын десе, тағы бір науқас шұғыл жеткізіледі. Сөйтіп ұйқылы-ояу жасаған отасында қателік кетсе, ешкім оның басынан сипамайды. Аурухана басшылығынан алған жазасы былай тұрсын, әдейі жасалмаса да зардап шеккен науқастың туыстарының арасында қысым жасап қудалайтындары да кездеседі. Солай олар өздеріне мән бере алмай денсаулықтарын құртады. Хирургтардың аз өмір сүретіні де күтінуіне уақыттың жетпейтіндігіне байланысты. Бұлай жалғаса берсе, алдағы 10 жылда аудандарда хирургтар қалмауы да мүмкін. Бүкіл Қазақстан бойынша сондай қауіп бар. Сондықтан бұл салаға әрқашанда көңіл бөлу керек. Ота жасау қиын жұмыс болғаннан кейін хирургтарды қолдау керек. Мемлекет тарапынан жалақыларын өсіріп, материалдық көмектер көрсетілмесе, олар кетіп қалуы да мүмкін. Ешкім хирург болып істемейді. 

– Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиохирургы Юрий Пя жақында Шымкентке келген сапарында «Түркістан облысы мен Шымкент еліміздегі ең бала көп дүниеге келетін өңірлер саналады. Сондықтан Шымкентте балалар кардиохирургиялық орталығын ашу туралы ой келді» деп пікірін білдіріп еді. Сол айтқандай, сіздің де өз салаңызда Түркістанда транспантология орталығын ашу ойыңызда жоқ па?

– Келешекте болмаса, қазір Түркістанда транспантология орталығын ашудың қажеттілігі жоқ. Өйткені бұл күнде жасалып жатқан ота емес. Ал, кардиохирургияны аудан орталығында да ашуға болады. Кардиоцентр облыс орталықтарының бәрінде, кемінде біреуден бар. Елімізде 25-і ашылған. Кезінде Қазақстанда 10 транспантология орталығы ашылған болатын. Келе-келе Үкімет не Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан олардың жұмыстарын тоқтату туралы іс-әрекеттер жасалмаса да бәрі жабылды. Бүгінде үшеуі жұмыс істеп тұр. Негізі біздің ел үшін екі орталық та жеткілікті. 

Біз тірі адамнан трансплантация жасаймыз. Қандай жағдай болмасын донар тірі болуы керек. Трансплантация орталықтарының жаппай жабылуының себебі де осы – нәтиже жоқ.  

Қаржы жеткілікті емес

– Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жаңа Денсаулық кодексін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша онда пациенттің де өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру үшін дәрігер тағайындаған препараттарды қабылдамаған науқас келесі кезекте тағы сол ауруымен келетін болса, тегін көмек көрсетілмейді. Яғни, ақылы болмақ. Сіз қалай ойлайсыз, онсыз да қит етсе дәрігер мен мұғалімді кінәлауға дайын жұртпен ара-қатынас одан сайын ушығып кетпей ме?

– Сіз айтқандай болса, дәрігер тағайындаған емді қабылдамаса, онда түсіндірудің дұрыс жүргізілмегені деп екінші бір қырынан да қарауға болады. Оның себептерін жан-жақты зерделеу қажет. Тегін кеңес алып дәрі ішпеген адам ақылы болса дәрігер нұсқауын орындайды дегенге сенбеймін. 

– Тағы да сол кодексте дәрігер рецептісіне бұдан былай дәрінің патенттелмеген атауын пациентіне жазып бере алмайды. Олай етсе, препаратты жарнамалаған болып табылады. Ал, халық дәрі-дәрмектің бәрін патенттелген атауы бойынша біле бермейді. Бұл тағы да дәрігер пен пациент ара-қатынасын қиындатып жібермей ме?

– Транслантация, хирургияға қатысты өзгерістерді өзім араласқан соң жақсы білемін. Мынадан хабарсыз екенмін. Жалпы, біздің елдегі дәрі-дәрмек сатылымы мүлдем ақылға қонбайды. Мысалы, дамыған елдерде бірде-бір препараттты дәрігердің рецептінсіз дәріханадан сатып ала алмайсыз. Тіпті аналгин, аспиринді де сатпайды. Ал, бізде керек болса туберкулездің дәрісіне дейін сатып алуға болады. Онкологиялық дәрі-дәрмекті де кез келген уақытта ақшасын төлеп ала бересіз. «Не үшін?» деп ешкім сұрамайды. Мұның дұрыс еместігі былай тұрсын, бұл – қылмыс! Мен солай есептеймін. Әрине, дәрі-дәрмек айналымында өте үлкен ақша жүр, артында үлкен кісілер тұр. Препараттардың қандай жағдайда екенін ешкім білмейді. Сөмкемен де, рюкзакпен де тасып жатыр. Осыны реттеу үшін қажет болса, қос қолдап келісемін. Бірақ, оны Үкіметпен реттемесе, Денсаулық сақтау министрлігінің шамасы жетпейді. 

– Соңғы жылдары Қазақстанда да емдеу мекемелерін дәрігерлер емес, менеджерлер басқару керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бізде дәрігердің басқарғаны тиімді. Әрине, дамыған елдерде менеджер дұрыс. Өйткені оларда бір аурухананың бюджетінің өзі Қазақстандағы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржымен тең. Миллиардтаған қаражат! Біртұтас үлкен корпорация! Біздегідей 100-200 төсек орынды аурухана деген оларда атымен жоқ. 2000, 3000, 4000! Медицина кешені орналасқан аумақ өз алдына бір қалашық, ішінде автобуспен қатынайсыз. Күніге секунд сайын қаржы түсіп жатыр. Ал, Қазақстан ауруханаларының бюджетін екі күнде санауға болады. Яғни, олармен салыстыруға да келмейді. Менеджер не істейді? Қазіргі таңда бізге барлық проблемалардан хабары бар маман керек. Емдеу мекемелерін науқастардың денсаулық жағдайларын білетін бас дәрігердің басқарғаны тиімді. Келешекте көпсалалы ауруханалар салынып, табыс айналымы көбейіп жатса, сол кезде керек болатын шығар. 

– Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына қандай баға берер едіңіз?

– Облысқа баға бере алмаймын. Мені Түркістанға ғана келдім. Негізінен барлық басқармаға ортақ проблемалар Қазақстанда жеткілікті. Оның бәрі қаражатқа байланысты. Денсаулық сақтау саласы қаржыны көп қажет етеді, соны ұмытпауымыз қажет. Ғимараттарды күрделі жөндеулердің өздеріне триллион теңгеден астам қаржы керек. Дәрігерлердің айлық жалақыларының аздығы да үлкен проблема. Кейбіреулер ойлағандай отандық медицинаға ақша көп бөлінбейді, жеткілікті деңгейде емес. Әрине, жетістіктер бар. Оларды бұрынғымен салыстыруға болмайды. Ана өлімі, бала өлімі, туберкулезге шалдығу азайған. Кардиохирургия, нәрестелерге іштен туған ақауларға дүниеге келген күнінен бастап ота жасау, трансплантация дамып, енгізіліп жатыр. Мұның бәрі жасалған жұмыстардың жемісі. Бұдан да жақсарту үшін триллион теңгеден астам қаржы керек.  

– Арнайы уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫ.

Оң қол (Дәрігердің әңгімесі)
Туберкулезден сақтаныңыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу