Дәрігерлер МӘМС пакеттерін жатқа білуі керек

Oinet.kz 26-05-2020 1098

Елжан БІРТАНОВ,

Денсаулық сақтау министрі:

–  Елжан Амантайұлы, Президенттің Жолдаудағы тапсырмасынан кейін Міндетті әлеуметтік медицициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша министрлік тарапынан не істелініп жатыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінің жұмысын бастаймыз деп нақты айтқанын бәріңіз де естідіңіздер. Бұл өте маңызды бірінші хабар. Екіншісі – Президент жалпы халыққа мемлекет тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемі (ТМККК) әрі қарай да жалғасатынын айтты. Мұның да маңызы жоғары. Меніңше, денсаулық сақтау саласындағы бұл өзгерістердің қалай жүзеге асатынын тұрғындардан бұрын медицина мамандары жақсы білуі керек. Осы мақсатта МӘМС, ТМККК пакеттерінің ара-жігін ажыратып, түсіндіру жұмыстарын емдеу мекемелерінің басшыларынан бастауды қолға алдық. 

e7abad053d44fca4d43e15afa7b7e522-small.jpg

Жалпы МӘМС жүйесін ендіру қандай қажеттіліктен туындады? 

– Есіңізде болса, 2015 жылы МӘМС-ті бастаймыз дегенде халыққа бүкіл медициналық көмек осы жүйе арқылы беріледі деп ойладық. Ал, ТМККК-де тек жедел медициналық жәрдем болады деп жоспарлағанбыз. Солай дайындалдық, заңға енгіздік. Бірақ, соңғы жарты жыл қалғанда біз ақпараттандыру жүйесі бойынша есеп бердік. Оған 2,5 милионнан астам өзін - өзі жұмыспен қамтитын адам кірмей қалды. Сол кезде Елбасы «асықпайық» деп, Үкіметке өзін - өзі жұмыспен қамтитындардың кімдер екенін анықтауды тапсырды. Алға жылжу үшін солардың тізімін жасау керек болды. Екіншіден, мемлекет тарапынан беріліп жатқан ТМККК-ні анықтаумыз қажет еді. Өйткені ТМККК құжаттағы көрсетілгеннен екі есе көбейіп кетті. Мысалы, біз анықтаған 2018 жылы 363 млрд. теңге дефицит болып тұр. Сосын Елбасымен кездескенде осы цифрларды көрсетіп түсіндірдім. Біріншіден, соңғы жылдары халықтың саны біршама көбейіп келеді. Оның ішінде технологияның жетістіктеріне байланысты қарт адамдар көбейді, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы артуда. Сосын туу көрсеткіші ұлғайды, Құдайға шүкір, балалардың саны көбеюде. Соңғы жылдары халықтың саны 15 пайызға, оның ішінде қарт адамдар көрсеткіші 27 пайызға, балалар 24 пайызға көтерілді. Қазір ең көп медициналық көмекті пайдаланатындар – қариялар мен балалар. Ақшаның көбі осында бағытталатындықтан жетпейді. Екіншіден, ауру түрлері көбейді. Бұрын аурулардың құрамы бірізді болса, соңғы жылдары түрленіп, хроникалық жұқпалы емес дерттер пайда болды. Бұл тек Қазақстанда емес, дүние жүзінде проблемаға айналуда. Науқастардың саны 2,5 есе көбейді. 20 жыл бұрын ишемиялық жүрек ауруымен адам жансақтау бөліміне түссе, промедол мен аскорбин глюкозын беретінбіз. Қазір түрлі-түрлі тромболитиктерден бастап, цифрлық ангеограф, АКШ, стендтеу, бәрі бар. Бәрі тегін. Жыл сайын пайдаланып жатқан технология түрлері көбеюде. Оған мемлекет тарапынан қаншама ақша жұмсалып жатқанын көпшілік біле бермейді. Мысалы, соңғы 10 жылда ауруханада емделетін науқасқа жұмсалатын шығын 1,5 есе көбейді. Бұл мемлекеттік емдеу мекемесіндегі жағдай. Ал, жекеменшікте одан да көп. Сонымен, соңғы 5 жылдың ішінде ТМККК ұлғайып келеді. Оны доллармен есептесек, шығындарымыз еселеп көбейеді. Өйткені дәрі-дәрмектердің көбі, отандық өнімдердің де қоспалары шетелден әкелінеді. Сонымен қатар, қолданысқа қажетті медициналық құрылғылар да сырттан тасымалданады. Тек медицина қызметкерлерінің жалақылары ғана теңгемен есептеледі. Осылай медициналық дефицит жыл сайын ұлғайып барады.

Сіз бір сөзіңізде халық емделу шығындарына өз қалталарынан қаражат жұмсап жатыр деп едіңіз ғой... 

– Рас, елімізде денсаулық сақтауға жұмсалып жатқан шығынның 40 пайыздан астамын азаматтардың өздері жеке қалталарынан төлейді. Бұл өте қауіпті жағдай! Өйткені көп жағдайда азаматтардың ондай мүмкіндіктері жоқ. Кейбір жағдайда жиған-тергені, бар ақшасы жетпей көлігін, тіпті басындағы жалғыз баспанасын да сатып емделеді. Ол да жетпейді кейде. Бұлай жалғаса берсе, еліміздің дамуына қауіп төнеді. Әрине, әр отбасы болашағына – оқуға, білімге инвестиция салуы тиіс. Одан басқа да материалдық қажеттіліктер жетеді. Ал біздің бүкіл ақшамыз емделуге кетеді.  Бұл мәселелер қанша жылдан бері талқыланып келеді. 2000 жылы астанада өткен І дәрігерлік съезде Елбасы «медициналық сақтандыру мәселесін дұрыстап сүзгіден өткізіп қарайық» деген болатын. Сол кезде сәтсіз аяқталған алғашқы медициналық сақтандырудың тоқтағанына үш жыл болған еді. 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада да әлеуметтік сақтандыру қайта қаралды. Өйткені біз тек мемлекеттік бюджетке сүйеніп өмір сүре берсек, әрі қарай медицина дамымайды. Басқа ресурстарды да қарастыру қажет болды. МӘМС жүйесі осылай ұзақ талқыланып барып туындады. 

Біздің жоспарымыз бойынша 2025 жылға дейін мемлекет тарапынан және сақтандыру қоры есебінен медицинаға жұмсалатын қаржы көлемі екі есеге артады. Бұл көп мүмкіндіктерге жол ашады. Табысымыз артып, жалақыларымыз көбейген сайын сақтандыру қорына қаржы көбірек түсе бастайды. Өйткені жарна мөлшері жыл санап көбейеді. Егер біз еліміздің тұрақты дамуын ойласақ, тезірек МӘМС жүйесіне көшуіміз қажет. 

Әрине, қанша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатсақ та әлі де көп азаматтарымыз түсінбейді. Бірақ, солай екен деп әрі қарай соза беруге болмайды. Расын айтуымыз керек, бұлай етпесек, отандық медицинамыз тұралап, көп жағдайда дәрі-дәрмектер жеткізілмей қалады. Айлық жалақыларды көтеру мүмкін болмайды. 

Бесжылдықты жоспарлаған жақсы. Бірақ, МӘМС өзгерістері қалай байқалады?

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесін іске қосссақ, бір жылдың өзінде медицинаға бағытталатын қаржы 60 пайызға ұлғаяды. 600 миллиард теңге! Оны қайда жұмсау қажеттігін жоспарлап отырмыз. 

Елбасы тапсырмасы бойынша біз жаңа модельге көштік. Мемлекет тарапынан ТМККК болады. ТМККК сақтандырылған болса да, сақтандырылмаған болса да әр азаматқа көрсетіледі. Қазақстан тұрғындары ғана емес, еліміздің азаматтығын әлі алмаған оралман бауырларымыз, тіпті жұмыс бабымен келсе де осында өмір сүріп жатқан шетелдіктер де пайдалана алады. Өйткені олар да салық төлейді. 

Сонымен, жаңа ТМККК-де көп өзгеріс жоқ. Жедел жәрдем, санитарлық авиация, вакцинациялау, диспансерлік, алғашқы дәрігерлік көмекке қаражатты емханалар сақтандыру қорынан алады. Биыл да солай, бірақ әзірге біздің пайдаланып жатқанымыз республикалық бюджеттен бөлінуде. Жедел ауруханада, яғни стационарлық көмек, апендицит, травма болса ТМККК аясында қызмет көрсетіледі. Тек жоспарлы емделу ғана МӘМС жүйесімен жүзеге асады. Міне, осы өте маңызды мәселе. Бірақ, 25 әлеуметтік маңызды аурудың тізімі бекітілді. Оны медицина мамандары жаттап алуы тиіс. Сақтандырылмаған азамат келіп түссе, жоспарлы емделуге жатқызыла береді. Бірақ, созылмалы дерттермен келіп түсетін болса, онда ем тек МӘМС жүйесімен жүргізіледі. Сақтандырылмаған болмаса, ем алмайды. Солай екен деп есіктің сыртынан қайтарып жібермей, оған жалпы практик дәрігер «Сіз міндетті сақтандыру жарнасын заң бойынша төлеуіңіз керек. Есесіне ТМККК аясында мынадай медициналық көмектерді тегін ала аласыз» деп түсіндіруі қажет. 

Дәрігерлік консультациялар да МӘМС арқылы жүргізіледі. Бірақ, айрықша ауруға шалдыққан, басқа да әлеуметтік топтарға жоғарыда айтып өткен 25 ауру тізіміне кірмейтін адамдарға тегін дәрі-дәрмектер тізімін кеңейтеміз. Олар үшін стационарлық көмек және жалпы реабилитация өте маңызды. Негізі реабилитация емделіп шыққан азаматтардың әрбіріне міндетті түрде қажет. Операциядан шыққан, инсульт, травма алғандарға реабилитация бермегеннен соң олар ауруханадан шыққаннан кейін көп өтпей-ақ қайта ауырып, қайтып келеді. Рас қой. Сондықтан реабилитацияға бағытталған қаржыны келесі жылы 1 қаңтардан бастап 6-7 есе көбейтіп жатырмыз. Осы мәселелердің барлығын тұрғындарға, ауылдағы ағайындарға дұрыстап түсіндіріп айту керек. Емханадағы жалпы практик дәрігер, ауылдағы ФАП, медпункт бәрі жұмысын жалғастыра береді. Еш жерге барудың қажеті жоқ. Қосымша диагностика, КТР, лабаротория, жоспарлы ем қажет болса, өзі тіркеліп, міндетті жарнасын төлеуі тиіс. Рас, кейбір жағдайда мемлекет төлейді. 

Президент Жолдауда сіз айтып отырған қос пакетке айрықша тоқталды. Оған біз дайынбыз ба? 

– Қос пакет дегеннен шығады, тағы бір маңызды ақпарат – ТМККК мен МӘМС қызметтері барлық адамдарға 1 қаңтардан 1 сәуірге дейін үш ай халыққа тегін көрсетіледі. Өйткені МӘМС жүйесі бойынша қызмет алу үшін соңғы үш айдың төлемі болуы керек. Үш айдың міндетті жарнасын төлемей дәрігерлік көмек ала алмайды. 18 млн тұрғынның бәрінің жалпы практик дәрігерлері бар. Солар заң қаңтардан бастап қолданысқа енгеннен кейін де алдына келген адамдарға, өздеріне бөлінген учаскелеріндегі үйлерді аралағанда жыл соңына дейін пациенттеріне түсіндіруі керек. Солай біз осы жылдың соңғы айларын қосқанда 6 айды тиімді пайдаланып, халыққа жеткізуіміз қажет. Рас, екі жылдан бері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен, адамның жаратылысы сондай, басына түспесе ойланбайды. Олай болмаса, хабары жоқ адамдар емханалар мен емдеу мекемелеріне келгенде түсінбеушіліктер туындауы мүмкін. Сол кезде бәрі заң аясында шешілуі тиіс болғандықтан мәселе қиындайды. Бірақ, МӘМС пен ТМККК пакеттерін ең алдымен учаскелік дәрігер мен медбике біліп, жете түсініп, ажырата алатындай болуы шарт. Осы бағытта министрліктің арнайы бұйрықтарын шығарып, штаб құрдық. Қазан айынан бастап республика бойынша медицина мамандарының бәрін оқытуды қолға алдық. Медициналық көмектің пилоттық жобасы Қарағандыда іске қосылғанын білесіздер. Сол жерге барып үйренуге болады. Бүгінде басқа бір дәрігер алдына ауырып барған адамға ем шараларын тағайындаса, көп жағдайда ол есепке кірмейді. Қазір түрлі диагностика, емдеу технологиялары қызметтерінің бәрінің кодтары бар. Сондықтан біз бәрін компьютер арқылы есепке алуымыз, санауымыз, ақпараттық жүйеге ендіруіміз қажет. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Заманауи медицинада бәрі есепке алынуы керек.  

Кейбір қиындықтар болады. Бірақ, бәрін түсіндіруге дайынбыз. Тиісті бұйрықтар шығарылды. Енді тек ендіруіміз керек. Ал, ендіру үшін бас дәрігерлерден бастап түсіндіріп, оқытуымыз қажет. Бұл мемлекеттік емдеу мекемелеріне ғана емес, жекеменшік клиникалардың басшыларына да қатысты. Өйткені оған барған пациенттер де қай қызметтің ақылы, қайсысының тегін екенін сұрайды. 

Бүгінде кейбір азаматтар МӘМС жарнасын төлеп жүрміз деп ойлауы мүмкін. Бірақ, қазір тек жұмыс берушілер төлеп жатыр. 1 қаңтардан бастап айлығымыздың 1 пайызын өзіміз төлейтін боламыз. Бәрімізге заң бойынша төлеу міндеттеледі. Төлесе де, төлемесе де өз еркі деген болмайды. Бұл жеке сақтандыру емес, қоғамдық сақтандыру, әлеуметтік деп аталуы да сондықтан. Егер азамат шетелде бір жыл болып, 12 ай сақтандыру қорына қаржы аудармаса, медициналық көмек алмаса да заң бойынша 6 айдың сақтандыру міндетті жарнасын төлеуі тиіс. Оны салықтық, құқықтық органдар бақылайтын болады. 

Статусы анықталмаған, ешбір категорияға жатпайтындар арамызда әлі де бар ғой, олар қайтеді? 

– Елбасының өзін - өзі жұмыспен қамту тапсырмасы бойынша көп жұмыс атқарылды. 2 млн адам анықталды. Оның көбісі қайтыс болған азаматтар екен. 600 мыңы қалды. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Қалғандарына мүмкіндік беріп жатырмыз.

Түркістан облысында 74 пайызы анықталды. Базадағы дерек бойынша 91 мың адам әлі анықталған жоқ. Біз олардың көбі қайтыс болған не елден шығып кеткен деп ойлаймыз.  Мысалы, ауылдағы үйде отырған адамдар сіз айтқандай ешқандай категорияға жатпайды. Сондықтан олар өздері барып кез келген жинақ кассасы арқылы ай сайын 2125 теңге жарнасын төлеуі тиіс. Базарда жұмыс істейтіндер БЖТ (Бірыңғай жиынтық төлемі) арқылы төлейді. Өте тиімді! Оған жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарнасы және міндетті медициналық сақтандыру аударымы енеді. Ең арзаны осы. Бірақ, азамат жұмысшы болуы керек. Өзіне өзі жұмыс істеп жүрген болса, қолдануына болады. Мұның ТМККК-ден ешқандай айырмашылығы жоқ. Ешқандай пароль не сақтандыру картасы, келісімшарт керегі жоқ. Ауырған жағдайда тіркелген поликлиникасына барады. ЖСН-ін енгізіп, дәрігері шешім қабылдай береді. Сақтандырылған болса, МӘМС жүйесінің қызметтерін тегін ала береді. Сақтандырылмаған болса, онда оған түсіндіріп айту керек.

Оны қалай тексереді?

– Әр поликлиникада жергілікті тұрғындардың тіркелімі бар. Соған кіріп көруге болады. Әр дәрігер өзінің учаскесіндегі тұрғынның тіркелген, тіркелмегенін біледі. Осы жылдың аяғына дейін сол азаматтарға жеткізу керек. «Сіз біздің база бойынша сақтандырылмағансыз. 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесі іске қосылады, жарнаңызды төлеңіз. Олай болмаған жағдайда 1 сәуірден бастап тегін медициналық көмек көрсетілмеуі мүмкін» деп дұрыстап түсіндіру қажет. Мемлекет қамқорлығына алынған 15 категорияда болса, оны да дұрыстап тексеру керек. Өйткені ертең «мен көп балалы анамын, неге маған тегін дәрігерлік көмек көрсетілмейді?» деп келеді. Өзінің статусын білмей келгендер болса, дау шығармай қазірден соның алдын алу қажет. Өйткені кейбір адамдар мемлекет жарнасын аударатындардың тізімінде болмауы мүмкін. Осының бәрін алдағы 6 айда реттеуге тиіспіз. Әрине, ондай жағдайлар кейін де кездесе береді. Соған дәрігердің дайын болуы талап етіледі. Қазірдің өзінде тұрғындар өздерінің сақтандырылған не сақтандырылмағанын смартфонына мобильдік қосымшаны жүктеп алып, egov.kz сайты арқылы кіріп біле алады. Өткен аптада ғана телеграмм желісі арқылы анықтау тәсілін іске қостық. Тегін. Әр азамат қосып, өзінің сақтандырылған, сақтандырылмағанын біле алады. Яғни, өзінің статусын анықтай алады. Бұл тәсіл ауылды жерде қолдану қиындау. Өйткені көп ауылда интернет жоқ. Барының өзі өте баяу.  

Заң бойынша ай сайын төлеп тұруымыз керек. Бірақ, кейде жұмыс ауыстырамыз, жұмыстан шығамыз, ауырып қаламыз, кезекті демалыста жүреміз, осының бәрі ескеріліп, бізге үш айда бір рет төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. МӘМС жүйесі бойынша соңғы үш айдыкі төленген болуы міндетті. Мұны дұрыстап тексеріп, жұмыс берушілермен анықтауымыз керек. Жергілікті әкімдіктерге де айтып жатырмыз. Егер қарыз болып қалған болса төлеп, әрі қарай мүмкіндіктерін пайдалануына болады. Біз бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуге тырысамыз.

МӘМС жүйесіне кіретін тегін медициналық көмектерді тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша жалпы практик дәрігердің не жерлікті учаскелік терапевттің, педиатрдың жолдауымен ғана алуға болады. Тіркелмеген болса ала алмайды. Тікелей ауруханаға келсе, дәрігерлік көмек ақылы болады.  Мұны қайталап айтып отырғанымның себебі әлі де елімізде тіркелмей жүрген азаматтар көп – 652 мың. Түркістан облысында 34 мың адам, 1,8 пайыз. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл онша көп емес. Мұны да анықтау керек. Қайтыс болған не елден шығып кеткендер болуы мүмкін. Неге бұлай болып жатыр? Өйткені медициналық құжат бойынша қайтыс болған адам АХАТ бөлімінде тіркелмеген. Мұндай мәселе көп кездеседі. 

Президент Жолдауда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайтынын, оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінетінін айтты. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінетінін жеткізді. Қыруар қаржыны жан басына шаққанда қанша теңгеден келеді?

– Расында да сырт көзге қыруар қаржы болып көрінуі мүмкін. Бюджеттің 11-12 пайызы аз ақша емес, әрине. Бірақ, мынаны ескеруіміз керек – бұл тек емделуге ғана қаралған қаржы емес.

Бүгінде жан басына шаққанда мемлекеттен бөлінетін ақша көлемі – 55 мың теңге. Келесі жылы ТМККК мен МӘМС пакеттерін қосқанда 83 мың теңгені құрайтын болады. 

Өзіңіз айтқан 600 миллиардты қалай пайдаланасыздар?

– Біріншіден, МӘМС ақшасын тарифті көтеруге жұмсаймыз. Екіншіден, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлерге – 30, мейіргерлерге 20 пайыз айлық жалақыларына қосылады. Емхана, аурухана болса да айырмасы жоқ. Тіпті жекеменшік болса да талап бәріне ортақ. Жалақылары көбеюі керек. Бәріне қосымша қаржы беріледі. Оның мақсатты жұмсалуын біз бас дәрігерлер, кәсіподақтар, «Нұр Отан» партиясы арқылы бақылаймыз. Өйткені бұған дейін бөлінген қаржылар кейбір мекемелердегі медицина қызметкерлеріне жеткен жоқ. Маған шағымын әлеуметтік желілер арқылы жекеме жеткізетіндер көп. Кейбір медициналық ұйымдардың басшылары осы сәтті пайдаланып, артық ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Соның бәрін қайтарып алдық.

Жақында Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бүкіл республикалық қала мен облыс әкімдері орынбасарларының қатысуымен жиын өткізді. Облыс, аудандардағы кейбір олқылықтар айтылды. Біз оларды алдағы уақытта қатаң бақылауда ұстайтын боламыз. Рас, бүгінде медициналық ұйым қызметкерлерінің айлық жалақылары біршама өсті. Жалақы белгілеу мүмкіндігін өздеріне береміз, өз-өздерін қамтамасыз ететін болады деп шаруашылық жүргізу құқығын бердік. Нәтижесі жаман емес. Қосымша жалақы төлеп жатқан емдеу ұйымдары да бар. Одан қала берді бір айлық жалақысының көлемінде сыйақы тағайындап жатқан мекемелер де кездеседі. Айына 200, 300, 400 мың теңге, астанада жұмыс істейтін кейбір кардиохирургтар миллион теңге алады. Бірақ, мейіргерлер мен санитарларға, бәріне бірдей жетпейді. Барлық қаржы санаулы. Оны мемлекет тарапы бөліп жатқаннан кейін кімге қанша жалақы беру керектігіне араласпасақ та қалай жұмсалып жатқанын бақылауға алуға тиіспіз. Біздің жоспарымыз бойынша 2025 жылға дейін медицина мамандарының орташа жалақысы 600 мыңға дейін көбеюі керек. 

Сосын медицина ұйымдарының қызмет көрсету аясын кеңейту қажет. Бұрын берілмеген дәрі-дәрмек, көрсетілмеген медициналық қызметтерді арттыру маңызды. Оңалтуды – 9, консультативті диагностиканы 5 есеге көтереміз. Қазір Қарағандыда осы игі істі бастадық. 2,3 млрд теңге бөлініп, реабилитация бөлімінде науқастар емделіп жатыр. Одан басқа да мүмкіндіктер бар. Осылай тапшылық мәселесін шешеміз, оның алдын аламыз. Перинаталдық, хирургиялық, басқа да медициналық көмектердің тарифтерін көтеру керек. Жаңа технологияларды енгізу үшін ондай да кірістерді көбейтуіміз қажет. Соның бәрін есептеп отырмыз. Жыл сайын қор арқылы бөлінген ақша немесе тарифтен түскен табыс медициналық қызметтің сапасын арттырып, көлемін ұлғайтуға жұмсалады. 

Айтып өткеніміздей, жыл сайын емделуге жұмсалып жатқан отандастарымыздың өз қалталарынан шығындарын 40 пайыздан 30 пайызға түсіреміз. Біз оны сақтандыру негізінде бес жылдың ішінде 10 пайызға азайтамыз. Әрине, әлі де көп жұмыс істейіміз керек. Ең бастысы – МӘМС жүйесін енгізуге дайынбыз.

А.ДОС

Терапия түрлері
Что делать, если разбили ртутный градусник?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу