Жаяу жүрудің пайдасы
Адам денсаулығы мемлекеттің байлығы болып есептелінеді. Бұл бағытта біздің елімізде аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Сол игілікті шаралардың арқасында жалпы алғанда адам өмірінің ұзақтығы орта есеппен 72,9 жасқа жетті. Бірақ Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткішті әрі қарай ұзартуға әлі де талай мүмкіншіліктер бар екенін дәлелдеп отыр.
Елімізде тұрғындардың 22,4 пайызы темекі шексе, әр тұрғынға есептегенде жылына 7,7 литр спирттік ішімдік ішілетіні ойландыратын мәселе. Қазақстандықтар арасында қан қысымы ауруы шамадан тыс кездесуде. Оның басты себебі – ас тұзын мөлшерден көп пайдалану. Тәулігіне әр адам орт есеппен 16,6 грамм тұз пайдаланып, оның көлемі жылына 6 килограмға жетеді екен. Соның салдарынан жүрек-қантамыр аурулары жыл өткен сайын көбейіп барады. Өткен жылдары жүрек-қантамыр аурулары 22 пайызға, қатерлі ісік аурулары 11 пайызға, тыныс жолдары аурулары 8 пайызға, қант диабеті 45 пайызға өсіпті. Егер бұлай бола берсе адам өмірі ұзамай, керісінше төмендеуі ықтимал. Салауатты өмір салты туралы қаншама жылдар бойы айтылып келе жатса да, өкінішке қарай, әлі де көпшілік оған жөнді көңіл бөлмей келеді. Өз денсаулығына жауапкершілікті сезінбеу – ауру-сырқатқа жол берудің негізгі себебі екенін білгеніміз жөн. Біз бүгін денсаулықты жақсартудың жеңіл жолының бірі – жаяу жүру туралы сөз қозғамақпыз.
Жаяу жүру... Бұл сіздің сөздік қорыңызда, күнделікті өміріңізде жиі пайдаланатын сөз бе? Жаяу жүру десе егде адам түгілі жас жеткіншектер де аяқ тартып, құлшыныс таныта қоймайды. Бүгінде автокөліктер мен қоғамдық көліктер тоқтаусыз жүріп жатқан уақытта, бір жерден екінші жерге жаяу бару әлдекім үшін миға қонымсыз болуы мүмкін. Техника дамыған заманда қимыл-қозғалысымыз да төмендеп бара жатқандай. Дегенмен, мамандар жаяу жүрудің пайдасы жайлы айтудан еш шаршаған емес. Тіпті, дәрі-дәрмекке үйір болмай, еш шығын шығармай жаяу жүріп, сергіп те денсаулықты қалыпқа келтіру оп-оңай.
Қалалық статистика басқармасының мәліметінше, бүгінде Тараз шаһарында 400 мыңға жуық адам тұрып жатса, оның 45 мыңнан астамы қарттар екен. Солардың біразы көлікпен (автобуспен, жеңіл машинамен және т.б.) жүреді. Демек, адам басына шаққанда үш адамның біреуінде көлік бар. Иә, жаяу жүретін адамдардың саны саусақпен санарлық екенін осыдан да аңғаруға болады. Ал, тұрғындарды керек жеріне жеткізіп жүрген қоғамдық көліктер.
Медицина саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан тараздық дәрігер-хирург Сағындық Ордабековтен жаяу жүрудің пайдасы жайлы жан-жақты сұрап білдік.
– Жаяу жүру жүрек, қан тамырлары жұмысын бірқалыпты сақтауға өте пайдалы. Сол арқылы қан бүкіл ағзаға тарап, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ, тыныс алу жолдарының кеңеюіне, дене салмағын төмендетуге, терінің жақсаруына зор ықпал етеді. Негізінен тірек-қимыл жүйесінің аурулары ревматизм, артрит, артроз және өкпенің созылмалы аурулары, бронхит сынды, сондай-ақ, жүрек ритмін ретке келтіру үшін жүректің туа біткен аурулары не жүрек шамасыздығы, инфаркт, инсульт алмаған болса жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында ғана жаяу жүруді ұсынуға болады. Дегенмен, тым көп жүріп, бірден үлкен күш салуға болмайды. Сол үшін өз межесін сақтап, жылдамдықты күн санап арттырып тұруы керек. Адам аз қозғалғаннан аяқ бұлшық еттерінің көктамырлары ыдырап, кеңейіп, сыртқа шығып кетуі яғни, варикоздың пайда болуы осыдан. Денсаулықтың қадірін білетін жапондықтар күніне ең кем дегенде 3 шақырым жаяу жүру керек десе, орыстар тәулігіне 10 мың қадам жүру міндетті дейді. Онысы өте дұрыс. Шындыққа келгенде біздің замандастарымыз бұл күндері автокөлікке әбден сеніп алған. Бар-жоғы екі-үш аялдама келетін қашықтыққа жаяу жүргісі келмей, тартыншақтап, аялдамада 15-20 минут автобус күтіп тұрғанын көру үйреншікті үрдіс болып кетті. Ауа-райының қаһарлы мінезіне қарамастан, адам баласы 2-2,5 шақырым күнделікті жүру керек. Мен де осы дерекке сүйене отыра, жаяу жүріп эксперимент жасадым. Бүгінде байланыс құралымызда жаяу неше қадам жүргеніңді, неше километр жүргеніңе дейін тізіп айтатын бағдарламалар жетерлік. Соның бірін ұялыма ендірдім де, таңертең және кешке жұмыс орныма жаяу баруды көп жылдардан бергі әдетіме айналдырдым. Жұмыс күндері күніне 10 мыңдай қадам жасап, 5-6 километрді жаяу бағындырдым. Таңертең ертерек тұрып, 15-20 минут таңертеңгі гимнастика жасап, уақыт тауып қызметке барғанша жаяу жүріп, барлығын есептей келе жүрудің пайдасының мол екенін аңғардым. Жұмыстан шыққанна кейін үйге 2 аялдама қалғанда көліктен түсіп, ары қарай жаяу жүру күнделікті әдетіме айналды. Жаз айларында, жауын-шашын кедергі жасамаса күн жарықтығын пайдаланып 10 шақырым қашықтыққа дейін жаяу жүру артық емес. Өйткені үйге жету, ойға алған істі аяқтау үшін жаяу жүру физикалық жүктемеге (нагрузка) жатады. Яғни, сізге пайда келтіреді. Жаяу жүрмейтін, еріншектікке бой берген адам бірте-бірте семіздікке шалынады. Онсыз да еліміздің 3/1 тұрғыны семіздікке ұшыраған. Ал семіздік жүрек, буын және де басқа ауруларға душар етеді. Сондықтан әркім өз денсаулығына сергек қарап, ауырмаудың жолын іздеу керек, – дейді медицина ғылымының докторы, профессор Сағындық Ордабеков.
Ия, сөйтіп мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүруге кеңес береді. Баяу жүргеннен гөрі, жылдамдықты сәл асырып жүргеннің әсері анағұрлым жақсы екендігін алға тартады. Сонда жоғарыда кейіпкеріміз айтқан, қоғамда көп кездесіп жатқан сырқаулардың алдын алуға мүмкіндік те мол болмақ.
Біз осы тұрғыда қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік. Дегенмен, олардың басым көпшілігі уақытын арнайы бөліп серуендемейді. Иә, жұмыс қамын күйттеп жүретіндердің расында жаяу, алаңсыз жүруге бір минут та уақыты болмауына сенуге де болады. Шаршап, шалдығып, одан қалса үй тірліктері сіздің жаяу, уайымсыз жүруіңізге кедергісін келтіреді. Дегенмен, үйдегі жеткіншектерді жастайынан күніне жарты сағат жаяу жүруін қадағалап, алаңсыз жолға қойсаңыз, үлкендер жиі айтып отыратын «Жасың келгенде алдыңнан шығады» деген ол сөздің күл паршасын шығарар ма екен, кім білсін?
Жаяу жүру – өзіңізді бір қалыпта ұстаудың қарапайым жолы. Кейбір спорттың түрі адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал жаяу жүрудің ешқандай зияны жоқ. Керісінше оның адам денсаулығына пайдалы тұстары өте көп. Жаяу жүрудің пайдасы жөнінде не білеміз? Енді соған көңіл аударайық. Жаяу жүрсеңіз:
1. Ол салмағыңызды бір қалыпта ұстауға көмектеседі. Австралиялық ғалымдар 2015 жылы зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 822 адамның салмағын өлшеп, әр қатысушының 4 жылдың ішінде салмағында қандай өзгерістер болғанын анықтай келе 1 килограмм 400 грамм қосқанын анықтады. Ал қызметтеріне жаяу барған адамдардың салмағы 900 граммға кем екені мәлім болды.
2. Жаяу жүрудің арқасында қаныңыздағы қант мөлшерін реттеуге болады. Diabetes Care журнанлында жарияланған ғалымдардың зерттеуі бойынша, тамақтан кейінгі 15 минуттық серуен қандағы қант мөлшерін реттеуге көмектеседі.
3. Америкалық психолог Роберт Тайер «10 минут жаяу жүрсеңіз, 2 сағат көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді», - дейді.
4. Аптасына 3 рет 40 минуттан жаяу жүретін жандардың есте сақтау қабілеті 2 пайызға жақсарады.
5. Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрген адам жүрек ауруларының алдын алады.
6. Жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады.
Жаяу жүру – адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Жаяу жүру, ой таразысынан өткізсек, тегін әрі денсалыққа пайдалы Жаяу жүру үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ынта болса болды. Жаяу жүру арқылы арықтағыңыз келсе, ең алдымен оның қағидаларын білгеніңіз жөн. Жаттығу барысында жылдамдығыңызды ауыстырып тұрыңыз. Егер 2 минут жай жүрсеңіз, 2 минут тезірек жүруге тырысыңыз. Жаяу жүрудің пайдасын бәрімен бөлісіңіз.
Жүру денсаулыққа аса пайдалы. Жаяу жүру – адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Әсіресе жүрек бұлшық еттерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасайды. Күнделікті күйбең тіршілікпен қанша шақырым жол жүріп, қанша қимыл-қозғалыс жасағанымызды қаперге ала бермейміз. Десе де технология дамыған заманда қимыл-қозғалысымыз азайып бара жатқанын мойындауға тиіспіз.
Мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүрудің пайдасын былайша тізбектейді:
- Рухани сергектік береді. Мезгіл өзгерістерінде әсіресе күз айларында депрессияға бейімділік байқалады. Ал жаяу жүру шоколадтан да көп бақыт гормонының түзілуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне калориясыз түрде;
- Ми жақсы жұмыс істейді. Миға қатысты зерттеулер қозғалыстағы адамның миы отырып жұмыс істейтін адамға қарағанда жылдам ойланатыны және жаңа пікірлер қалыптастыра алатындығы анықталған;
- Арықтауға көмектеседі. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге кем дегенде 30 мин жаяу жүретін болсаңыз, майдың еруіне 2 пайызға ықпал еткен боласыз. Сондай-ақ зерттеулер асықпай, баяу жүруге қарағанда бір қалыпты жылдам темпті жүрудің пайдасы көбірек екендігін көрсеткен;
- Созылмалы аурулардан қорғанасыз. Жаяу жүру қан қысымын 11 балға азайтады және сал ауруына шалдығу қауіпін 20-30 пайызға азайтады. Аптада 5 күн 30 минут жаяу жүру арқылы жүрек ауру қауіпін 30 пайызға азайта аласыз;
- Жүйелі түрде жаяу жүру варикоз ауруы қауіпін азайтады. Қан айналымын ретке келтіреді;
- Жаяу жүру салмақ тастатып буындарға түсетін жүкті азайту мен қатар оттегінің буындарға жақсы тарауын қамтамасыз етеді;
- Өзіңізге уақыт бөле алмай жүрген болсаңыз жаяу жүріңіз. Адам көбінесе жүрген кезде жеке қалады және ойланады. Тұрмыс-тіршілігіңізді талдау, келеңсіздіктерге шешім іздеу, көпшіліктен жырақ шығып ішкі сезімдерді тыңдау үшін жаяу жүруді байқап көріңіз.
Күннің суықтығын сылтауратып, жылы ауа-райын күтіп, бабын баптайтындар да бар. Дегенмен, денсаулық сіздің мезгіл таңдап жүргеніңізді күтпейтінін аңғару керек. Ал, кешкі астан соң таза ауада тыныс алып серуендеу ұйқыңыздың тыныш болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, адам жаяу жалғыз жүрсе, өзінің іс-әрекетіне де талдау жасап, ойланып, нақты шешімдерді жүзеге асыра алады.
«Шынықсаң – шымыр боласың» деген сөз текке айтылмаса керек. Ұзақ ғұмырдың, мықты денсаулықтың кепілі салауатты өмір салты екендігін бір сәтке де ұмытпағанымыз абзал. Ендеше, бірінші байлығымыз – денсаулығымызға сергек қарап, әрдайым орынды көңіл бөлейік!
Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» медициналық колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы