Жүйке ауруына жоқшылық та себеп болады
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында жүйке жүйесі сыр бергендер ғана емес, наркологиялық дертке шалдыққандар да ем қабылдайды. Мұндағы психиатр-нарколог мамандар қызмет атқарады.
Аталған орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Қаһарованың айтуынша, наркологиялық ем қабылдаушылар үшін 120 төмек-орын жабдықталған. Мұнда келгендердің алпысы өз еркімен, алпысы мәжбүрлі түрде сот шешімімен жеткізіледі. Олардың емі алты айдан 2-3 жылға дейін созылады.
– Биылдан бастап жүйек аурулар диспансері мен наркологиялық диспансер біріктіріліп, облыстық писхикалық денсаулық орталығы болып қайта құрылғанымен жүйкесі сыр бергендер мен наркологиялық аурулар бөлек жатқызылады. Жуырда жаңадан 30 орындық медициналық әлеуметтік оңалту орталығы ашылды. Барлығын қосқанда писхикалық денсаулық орталығында 695 төсек орын бар. Сарыағаш филиалында – 60, Кентауда 55 төсектік орталық жұмыс істейді. Әрі Кентау қаласында ішімдікке байланысты экспертиза жасайтын бөлімде бес нарколог, бес медбике жұмыс істейді. Енді уақытша оңалту орталығын (сауықтырғыш) Сарығаш пен Түркістанда ашу жоспарлануда. Әзірге ғимараттың реті болмай жатыр. Біздің аурухана типтік. Ғимарат аумағы үлкен. Әйелдер мен ерлердің аулаға шығып жүретін аумағы бөлек. Мұндай типтік аурухана бізден басқа Павлодар қаласында бар, – дейді 1994 жылдан бері осында еңбек етіп жүрген Гүлмира Икрамқызы.
Маманның айтуынша, психикалық ауруға ұшырағандардың ішінде жазылатындары бар. Өйткені, жүйке ауруының жеңіл және ауыр түрі болады. Жеңіл түріне, яғни неврозға шалдыққандар алты айдан бір жыл аралығында жазылады. Кейбірі сауығып кетсе диспансердің тізімінді тұрғысы келмейді екен. Ондай жағдайда олардың емін кеңес беру арқылы жалғастырады. Ал ең ауыр түріне түскендер бір-екі жылда жазылмаса, өмір бойы дәрігердің қадағалауымен емделеді. Бір жылда ем қонбаса, мекеме сырқатты жазылмайды деп шығарып тастамайды. Мұнда өмір бойы ем алатын ауруынан айықпағандар да бар екен.
Невроз – кез-келген психологиялық жарақаттың жеңіл түрі. Жұмыстағы ауыртпалық, жақын адамдардың қайғыға душар болуы адамды күйзеліске әкеледі. Мәселен, ҰБТ-тен өте алмауы, оған дайындалып уайымдауының өзі көптеген оқушылардың жүйкесіне салмақ түсіреді. Жеңілден ауыр түріне дейінгі жүйке сырқатының бәрі невроз, ауыр түрін психоз деп атайды. Психоз диагнозы барлар созылмалы түрге айналса да динамикалық тізімде тұрады. Бұрын мамандар қаладағы тізімде тұрғандарың үйлеріне барып дәрісін беріп, жағдайын бақылап жүретін. Қазір әр ауданда бар психиатор мен нарколог дәрігерлер қадағалайды. Егер психоздан созылмалы ауруға айналып, ақыры мүгедектік деңгейге жетсе Мүгедектер үйіне өткізеді. Өйткені, туыстары да шаршайды.
Дәрігерден білгеніміздей, қазір психикалық аурумен 16-17 жастағы жасөспірімдер жиірек келеді. Мектептегі жүктемелері ауыр болса керек. Бір жылдары ҰБТ-тің салдарынан біршама қыздар жеңіл жүйке ауруымен түсіпті. Тесттен өте алмаймыз деп күйзеліске түскен. Кейбірінде ол созылмалы түрге айналып кеткен. Дер кезінде келгендерді күйзелістен тез арада емдеп жазады.
– Бізге бірден келуге намыстанатындар бар. Молда, тәуіптерді жағалап, ауруы әбден асқынғанда барып осында келеді. Еліміздің солтүстігі мен шығысындағы тұрғындарға қарағанда оңтүстіктегі ағайынның жүйке ауруына келгенде ертерек дәрігерге бару менталитеті төмен. Психоз ауруын емдеу үшін дер кезінде келмесе, оны емдеу қиындайды. Бірінші келген науқасқа он күннен екі аптаға дейін күшейтілген түрде ем қабылдатып тезірек психоздан шығаруға тырысады. Кейін олар сауығып, өздеріне келген соң істеген ісіне өкініп жатады, – дейді маман.
Дәрігер 25 жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, 30-40 жастағы адамдардың жүйкесі көбіне жоқшылықтан күйзеліске түсетінін айтады. Мәселен, күйеуі де әйелі де жұмыс істемесе, балалары көп болса оларды қалай өсіруді уайымдап-ақ әйел ауру табады. Уайым адамды жеп қояды. Күйеуі ішіп, қол жұмсап осында түскен әйелдер де болған. Әйел затының жүйке жүйелері әлсіз. Біраз уақытқа дейін шыдап келіп, бірден сыр береді. Ұйқысы бұзылады. Көңіл-күйі болмайды. Ондайлар өте көп. Елуден кейінгілерде бұл ауру жас мөлшеріне байланысты. Гормональды өзгерістер орын алуынан да жүйке тамырлары сыр береді. Бәрібір жасы келген соң адам шаршайды. Үлкендердің өмір бойғы күйзелістері, қиналғандары қартайғанда шығады. Сондықтан, оларды емдейді.
Қазіргі таңда барлық салада жұмыстың талабы қатал. Дәрігерлердің жұмысын алсақ та, алдыңғы он жыл мен соңғы он жылда талап күшейіп кеткен. Адам жұмысына үлгере алмаса да күйзеліске түседі. Сонымен қатар, экономикалық жағдай да әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы адамның ең бірінші жүйкесіне тиеді.
Жүйке ауруына ұшырамаудың жолдарын әр адам білсе де орындамайды. Орындамайын демейді, бірақ жағдай кейде соған апарады. Соған қарамастан дәрігердің кеңесін сұрадық.
– Адамға ең оңайы – ақыл айту. Ал шынында оны іске асыру қиын ғой. Ет пен сүйектен жаралған соң кім болса да эмоцияға беріледі. Орын алған қуанышты немесе қайғылы жағдай адамға әсер етіп, оның да сыртқа әсері шығады. Cезімталдық қасиет болған соң, әділетсіздікке, заңсыздыққа, қорлыққа кез-келген адам қарсылық туғызады. Ол организмнің сыртқы ортаның күшіне деген қарсы жауабы. Әрине жүйке жүйелерің мықты болса ол жақсы-ақ. Ал қазір жастардың жүйкесі әлсіз. Өз балаларым да сондай. Оның бәрі қазіргі қоғамның тым асығыс дамып, ертерек бәріне үлгеруге тырысуында шығар. Жыл сайын жүйке ауруларын жаңаша емдейтін препараттар шығады. Бізде қызмет клиникалық түрде, яғни науқаспен сөйлесу арқылы емдейміз. Олардың өкінішпен біреуге кінә арта сөйлеуіне, эмоциясына, қимыл-қозғалысына қарап қаншалықты емделгенін білеміз. Қазір науқастың тәнін ауыртпайтын жаңа антипсихикалық препараттар алынуда. Олар күнде дәрі ішпейді. Араларында өздерін сау деп есептеп, мүлде дәріні қолданбайтындар бар. Сондықтан айына бір, болмаса екі айда бір рет ине егеміз. Қазір үш айда бір ине салатын препараттар шықты. Соларды қолданған соң науқас айлар бойы өзімен-өзі жүреді. Бұндай дәрілер біздің саланың жетістігі, – дейді Гүлмира Икрамқызы.