Секпіл – ерекшелік пе, кемшілік пе?

Oinet.kz 21-05-2020 3019

Шуақты көктем мезгілі жақындаған сайын қыз-келіншектердің уайымы арта түседі екен. Себебі көктемде өзгеріп, құлпырғысы келетін кейбір нәзік жандылар артық салмақ, терінің құрғауы, шаштың жиі түсуі секілді проблемалардан арыла алмай әлекке түседі. Әсіресе, әйелдер бет күтіміне ерекше назар аударады. Бетте, иық, қолда жиі кездесетін  сары-қара дақтары бар адамдар үшін күннің жылынуы онша қуаныш сыйлай қоймауы мүмкін.  Себебі  секпіл көктемде қоза түседі. Терідегі мұндай дақтар неге шығады және ол қауіпті ме? Одан біржолата арылудың жолы бар ма?

Жүктілік кезіндегі секпілден қалай арылуға болады? Alashainasy.kz

Секпіл неге шығады?

Секпіл – терідегі дөңгелек не сопақша пішінді, ашық сары, қара қоңыр түсті дақ. Әдетте бетте, қолдың сыртқы жағында, иықта, арқа мен кеудеде болады. Кейде, әсіресе көктемгі және жазғы маусымда секпілдің көбейіп кететіні соншалық, олар бір-бірімен қосылып, тұтас  қоңырқай дақтарға айналады. Қыстыгүні  секпіл біржола жойылып кетпесе де, бұрынғысынан азая түседі. 20-25 жасқа дейін секпілдер көбейе түседі. Отыз жастан асқаннан кейін оның мөлшері өзгермейді, тек түсі оңады. Секпілдің туа бітті пайда болуы мүмкін емес. Өйткені ол балаларда 5-6 жастан асқанда пайда болуы мүмкін. Секпілдің екі түрі болады. Жиі тараған түрі – эфелидтер. Ол күннің сәулесінен пайда болған тығыз ашық-қоңыр түсті дақтар. Олар жазда қарайып, қыста бозара түседі. Кейде күн көзінен қоғайтын кремді ұдайы пайдаланғаннан өздігінен кетіп қалады. Ал лентигиндердің түсі қанық, қаралау болып келеді. Олар оңайлықпен жойылмайды.

Секпілді тудырушы – күннің көзі. Сондықтан болар оны ел ішінде «күннің шапағаты» деп атайды. Көктемде, күн нұрының белсенділігі арта бастағанда беттегі секпіл де көбейе түсетіндігін жоғарыда атап өттік. Яғни терінің ашық алаңдарының күйіп қалуына тосқауыл болу үшін ағза секпілді топтастыра бастайды. Дәл осы  секпілдің арқасында ағза ультрафиолет сәуленің теріс әсерінен қорғанады. Ғылыми зерттеулерге қарағанда секпіл қараторылардан гөрі аққұба адамдарға жиі шығады екен. Өйткені оларда  меланин мөлшері төмен, оны түзетін клеткалар да аз болады. Тері әлсіз болғасын  ағза пигменттерді тудыруға мәжбүр болады.

Кейбір ғалымдардың айтуынша, секпіл – гендік, тұқым қуалайтын ауру. Біздің ағзамызда тері мен шаштың түсін қамтамасыз ететін MC1R деген ген болады. Ол организмде меланиндердің түзілуіне ат салысады. Меланиннің екі түрі болады: эумеланин (қара-қоңыр), феомеланин (қызғылт-сары). Егер сіздің MC1R геніңіздің белсенділігі төмен болса, ағзада феомеланин көп болса, онда сіздің теріңіз аққұба, ал шашыңыз сарғыш болады. Мұндай жағдайда теріңіз секпілге бейім келеді. Әйелдер арасында жатырға суық тигенде, не ішкі секреция бездері қызметі бұзылғанда да бетке осындай шашыраңқы дақтар түседі. Бауыры ауыратындарда да сары-қара дақтар пайда болады.

Секпілділер сүйкімді келе ме?

Беттегі секпіл өз иелерінің бойында әрдайым қайшылық сезімдерін тудырып келеді. Біреулер бетіндегі көз тартарлық сүйкімді күннің қорымына риза болса, енді біреулері одан құтылудың амалдарын қарастырып әлек. Сонымен, секпіл табиғаттың сыйы ма, әлде келемежі ме?

Статистикалық деректерге сүйенсек, секпіл ерлерден гөрі әйелдерге жиі шығады. Бір қызығы көптеген нәзік жандылар мұны кемшілік деп санамайды, керісінше сары дақтармен мақтанады екен. Ерлердің 75  пайызы да секпілді қыздарды тартымды, сүйкімді деп есептейтін көрінеді. ХХ ғасырға дейін қараторылар, бетінде секпілі барлар төмен дәрежедегі адамдар қатарында саналған. Кедей мен саудагерлер артық жұмыс істеп, күннің астында көп жүргендіктен оларда пигменттің пайда болуы заңды да секілді. Ал кейбір Еуропа елдерінде ертеде жирен дақтары бар әйелдерді сиқыршы, дуамен айналысатындар деп қабылдаған. Бертін келе мұндай қыз-келіншектер  сән әлемінде сұранысқа ие бола бастады. Подиумның төрінде секпілді модельдер қаптай бастады. Бұл жағдайды маркетологтар өз пайдасына асыра білді. Түрлі косметикалық компаниялар секпілді сызуға арналған қаламды нарыққа шығарды. 

Дақтан арылғыңыз келсе...

Секпілді ерекшелік деп санамайтындар үшін бүгінде одан құтылудың көптеген жолы бар. Үй жағдайында жасалатын процедураларды айтпағанда керексіз дақтардан косметикалық салондарда бір күннің ішінде арыла аласыз. Мамандардың айтуынша секпіл адам денсаулығына, ағзасына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Ол ауырмайды, қышымайды. Алайда қоңыр, қызғылт дақтар денеде тым көбейіп, жайылып кетсе міндетті түрде дерматологқа көріну керек. Себебі түсі қоюланған дақтар қатерлі ісікті тудыруға бейім келеді.

Сонымен егер сіз секпілден құтылудың  медициналық жолын таңдасаңыз онда бірқатар тексеруден өтуіңіз керек. Пациентте қатерлі ісік, герпес, қант диабеті, эпилепсия, психикалық күйзеліс, варикоз, дерматит, сепкіл шыққан аймақтарда жара, респираторлық аурулар анықталмаса, процерударға дайындала беруге рұқсат.  Секпілді лазермен кетіру косметологияда кеңінен қолданылатын әдіс. Анализ қорытындыларынан кейін маман секпілдің көлеміне қарай лазерлі сәуленің мөлшерін анықтайды. Процедура кезінде пациент ешқандай ауырсынуды сезінбейді әрі жылдам бітеді. Лазер тері ішіне еніп дақ тудыратын керексіз меланинді жояды. Процеруда кезінде терідегі секпілмен қатар онша-мұнша дақтар да тазарады. Косметолог бірнеше процедура тағайындауы мүмкін. Ол адамның терісіне және қан тамырларының орналасуына байланысты. Лазерлі терапияның құны 3000-5000 теңгенің аралығында.

Қажетсіз дақтарды кетіруге химиялық пилинг те көмектесе алады. Дегенмен оған жүгінуден бұрын гинеколог және эндокринологпен ақылдасып алған дұрыс. Себебі пилингтің құрамында жоғары концентратты қышқылдар болады. Олар терідегі ескі клеткаларды жойып, жаңасының түзілуіне жол ашады. Қышқылдың түрін, мөлшерін терінің жағдайына қарай дәрігер анықтап береді. Егер тері нәзік болса, пилинг гликоль қышқылдан әзірленеді. Ал тері қалың болса, әсері күштірек фенол қолданылуы мүмкін. Маман емдік шараны бастамас бұрын пациенттің химиялық заттарға аллергиясы бар-жоғын тексеріп алуы керек. Қарсы көрсетілімдер болмаса, пилингті теріге жағады. Қоспаны бетке жаққанда мұқият болған абзал. Әсіресе жақпаның мұрын қуысы мен көзге тиіп кетпеуін қадағалау керек. Процедура кезінде тері аздап ашиды, қышиды. Себебі пилинг эпидермис қабатын сылып түсіреді. Нәтижесінде тері ағарып, тегістеле түседі. Ем аяқталғаннан кейін теріге жұмсартатын крем жағылады.

Секпілді кварц шамымен де жоюға болады. Кварц шамы терінің беткі қабатын қабыршақтандырады. Түлеген терімен бірге дақтар да түседі. Бұл әдістің тиімді тұсы кварц шамы терінің күн көзіне сезімталдығын азайтады. Әдетте процедураның жағымсыз әсері жоқ. Тек шам көзге тікелей түсіп тұрмаса болды. Косметологтың шешіміне қарай емдік шара бірнеше рет қайталануы мүмкін.   

Криоаппликация – секпілді сұйық азотпен емдеу тәсілі. Косметолог дақ бетін сұйық азотқа малынған мақта таяқшаларымен сүртеді. Сәлден кейін тері мұздап ісіне бастайды. Ісіну бірнеше күнге созылып, соңынан тері қабыршақтанады. Өлген тіндермен қосылып сепкіл де түседі. Криотерапия лазерлі емге қарағанда арзандау болып келеді.

Пигментті болдырмаудың жолы бар

Кез-келген аурудың алдын алуға болады. Сол секілді секпілді де болдырмаудың жолы бар. Мамандар терінің сары-қызыл дақтарды тудырмас үшін барынша күн көзінен қорғануға кеңес береді. Әсіресе ақшыл, сары адамдарға. Көктем, жазда мейілінше қолшатыр ұстап жүрген жөн. Ашық жүретін тері аймақтарына күннен қорғайтын кремді үнемі жағып жүруді әдетке айналдырыңыз. Косметологтар секпіл қорымының әр мезгілде қайталанып шығып отыратын ерекшелігіне сүйеніп, оның пайда болуының алдын алатын немесе аз көлемде шығуын, түсінің онша қанық болмауын қамтамасыз ететін біраз ережелерді топтастырған. Ақпан айының басынан бастап күнделікті тағамыңызға С дәруменіне бай өнімдерді қосыңыз. Бұл меланиннің құрылуын баяулатады. Мысалы, итмұрынның қайнатпасын, лимон қосылған сусындарды жиі ішіңіз, ашытқан қырыққабатты тұтыныңыз. Сондай-ақ, ас мәзіріңізге А дәруменін (жұмыртқаның ағы, ақжелкен, шырғанақ, сәбіз, қызанақ, сүт өнімдері, құрма, шабдалы), В2 (орамжапырақ, бадам, асбұршақ, ловия, жұмыртқаның сарысы, қышқылтым сүт өнімдері, сүзбе), К (картоп, зәйтүн майы, қияр, сұлы, киви, көк шәй, банан, авакадо) және жемісті қышқылдарды (алма, жүзім)  қосуды ұмытпаңыз.

Как улучшить зрение за 7 дней
«Медицина өнері үш элементтен тұрады: ауру, науқас және дәрігер»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу