Артық майдан әп-сәтте арылу аңыз ба ақиқат па?
Нәзік жандылар әрқашанда сұлу әрі мінсіз болуды қалайды. Ерлерге қарағанда әйелдердің бет-әлпеті, дене бітіміне ерекше күтім жасайтыны содан. Алайда көптеген қыз-келіншектердің бас қатыратын бір мәселесі бар. Ол артық салмақ. Дене мүсінінің мінсіздігіне сызат түсіретін артық маймен күресудің көптеген жолдары бар. Ол спортпен айналысу, диета ұстау, дәрі-дәрмектен емделу т.б. Бұл әдістер ұзақ уақытты алады әрі күткен нәтиже шыға бермеуі мүмкін. Жұмысбасты әйелдердің диета ұстап, жаттығу залына баруға уақыт таба бермейтіні белгілді. Мұндай жандар көбінесе пластикалық хирургияға жүгінеді.
Аяғынан айырылған балерина
Медицинада пластикалық оталардың бір түрі болып саналатын артық майды алдыру процесі липосакция деп аталады. Дүние жүзінде ең көп жасалатын оталардың бірі әйел затына денеде жиналған артық майдан әп-сәтте құтылуға көмектеседі. Липопластика ринопластика, блефаропластика, отопластика секілді көне ғасырлардан бастау алған жоқ. Артық майдан арылу үшін пышаққа түсу бертінде яғни XIX ғасырда пайда бола бастады. 1889 жылы дәрігер Говард Келли семіздікке шағымданып келген пациенттерге өте қарапайым әрі қауіпті отаны жасады. Ол жәй ғана артық май жиналған дене бөлігін терісімен қосып кесіп алып тастаған. Әрине мұның салдары жақсылыққа апара қойған жоқ. Липосакция тарихындағы үлкен қателік 1921 жылы қайталанды. Дюжарье есімді гинеколог балеринаға мінсіз мүсінін қайтарамын деп бөксе тұсыннан гинекологиялық құрал кюретканың көмегімен майды алады. Алайда ота кезінде дәрігер пациенттің қан тамырына зақым келтіріп алады. Көп ұзамай балерина сахнаны мәңгілікке ұмытты, себебі ақ халаттылар оның аяғын кесуге мәжбүр болды.
1977 жылы француз дәрігері Илла липосакцияға жаңа леп берді. Ол пышақ, кюретканың орнына қан тамырлары мен нерв жүйелерін зақымдамайтын дөңгелек құрал ойлап тапты. Илланың әдісі бойынша жасалған отадан кейін денеде тыртық қалмады. Бүгінде бұл әдіс «құрғақ» деп аталады.
Май алдыру отасының тағы бір маңызды сәті 1985 жылы орын алды. Дәрігер-дерматолог Джеффри Кляйн мен Патрик Лиллис тумесцентті әдісті ойлап тапты. Процедураның ерекшелігі ота жасалуы тиіс дене бөлігіне құрамында лидокайн мен адреналины бар сұйықтық егілді. Ол қантамыр жүйелерін кішірейтіп, майды сұйықтыққа айналдырады. Осылайша жылдар өте келе хирургтардың тәжірибесімен бүгінгі липосакцияның замануи тәсілдері дүниеге келді.
Операцияға сипаттама және оның түрлері
Мамандар липосакцияны «адам денесінде кейбір жерлерде көп жиналған тері астындағы майлардың бір немесе бірнеше темір шыбықтармен алынуы» деп атайды. Бұл отаны әйелдер мен қатар ерлер де жасата алады. Мамандардың айтуынша әйелдер көп жағдайда іш және бел, бөксе, қолдың жоғары жағы мен тізенің жоғары жағындағы майларды алғызса, ерлер мойын, кеуде, қарын мен арқадағы майлардан арылуға асығады екен. Отаның құны әр елде әрқилы. Қазақстанда май алдырудың құны 450 мың мен 1 миллион теңгенің аралығында.
Липопластиканың бірнеше түрі бар. Солардың ішінде ең ескісі вакуумды тәсіл. Мұнда хирург қолмен көбірек жұмыс істейді. Алдымен денеде май жиналған жерлерге белгі қойылып, 3-10 мм аралығында тесіктер қалыптастырылады. Әлгі тесіктерге арнайы құрал кіргізіліп, майды бөлшектейді. Артынан вакууммен сыртқа шығарылады. Косметикалық процедуцра кезінде пациенттің жарақат алу қаупі жоғары болады.
Екінші тәсіл ультадыбысты деп аталады. Мұнда майлар ультрадыбыстың көмегімен бөлшектенеді де көбірек майды сыртқа шығаруға әсер етеді. Алайда ота барысында тіндер зақымдалуы мүмкін.
Софт-липмодел әдісінде май жоғары жиілікті токтың көмегімен майдаланады.
Лазермен және ультрасонаграфиямен бірге жасалатын май алдыру операциялары жалпы бірнеше сағаттық және науқастардың ауруханада жатуын қажет қылмайтын іс. Отадан кейін пацинеттер бандаж немесе денені тартып тұратын киімдерді бір-екі апта бойы киіп жүруі тиіс. Май алынған дене бөліктері біраз уақытқа дейін ісініп тұрады және аздап ауырады. Әйелдерге алты айдан кейін ғана бала көтеруге рұқсат беріледі.
Май алдыру операциясы өте қарапайым және жеңіл болса да негізінен ең маңыздысы операциядан кейінгісі. Науқас дәрігердің айтқан ережелеріне бағынуы керек. Қағидаларға бағынбаған жағдайда нәтиже жақсы болмайды. Хирургтар әсіресе отадан кейінгі алғашқы екі күннің маңызды екенін айтады. Пациент ауыр нәрсе көтеріп, қатты жүгірмеуі керек. Сондай-ақ тамақтануға көп көңіл бөлген дұрыс. Науқастардың натрий мөлшері жоғары, майы көп нәрсе жеуден аулақ болғаны жөн. Суды көп ішу керек. Дәрігерлер осы ескертулерді назарға алған жағдайда қорытындының тамаша болатынын айтады.
Артық майдан арылу артық проблема қосып бермей ме?
Липосакцияда бір процедура кезінде шамамен 5 литр май алынуы мүмкін. 5 литрден артық май алу қанның көп кетуіне әкеліп соғады. Үрленіп тұрған шардың ауасын босатқаннан кейін оның тегістігі, жылтырлығы жоғалады. Сол секілді көп мөлшерде майдан айырылған дене бөлігі де солып, әдемі пішінін жоғалтатынын ұмытпаған жөн. Есіңізде болсын, липопластика арықтау үшін жасалмайды. Ол тек дене пішінінің өзгеріске ұшыраған (шамалы созылған) тұстарын қалпына келтіру үшін жасалады. Сондай-ақ семіздікке душар болған науқастар да отаға жүгіне алмайды. Мәселен, сіздің 20 келіден асқан артық майыңыз болса дәрігерлер отаға келісе бермейді. Себебі жоғарыда атап өткендей бір операция кезінде ең көбі 5 литр май алынады. Ал 20 келіден арылу үшін сізге бір емес бестен көп ота жасау қажет болады. Ал мұндайды адам ағзасы көтере алмайды.
Түрлі қателіктер мен дәрігердің біліксіздігінің кесірінен құрбан болған жандар кездеседі. Жүрек-қан тамырлары ауруларында, қатерлі ісікке шалдыққандарға, қан диабетімен ауыратындарға, қан айналым жүйесі бұзылғандарға, жүктілік кезінде, созылмалы аурулардың асқынған және инфекфиялық аурулар кезінде, бүйрегі сыр бергендер мен семіздіке шалдыққандарға липосакцияны жасауға мүлдем болмайды. Пластикалық отадан кейін май денеге қайта жиналмайды деген сөз емес. Дәрігерлер липопластикадан кейін жеңіл диета ұстап, дене жаттығуларымен айналысып жүруге кеңес береді.
Хирургия мен психология
Өзінің бет-әлпетіне, дене бітіміне, мүсініне қанағаттанбайтын жандар арасында дисморфофобия деп аталатын психологиялық ауытқушылықтың бар. Дисморфофобия дертіне жасөпірімдер жиі шалдығады. Өзіне көңілі толмаған жан бірте-бірте қалыпты өмір сүруден қалады. Соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Сондықтан бұл дерт өте қауіпті. Пластикалық хирургия мен косметология сырт келбетіңізді өзгерткенмен, жан күйзелісіне көмектесе алмайды.
Пластикалық хирургтар пациентімен сөйлескенде психологиялық жағынан тексеріп алғаны жөн. Себебі, ол адам отадан кейін де өз-өзіне көңілі толмауы мүмкін. Бұл бала кезде алған стресс, психологиялық жарақаттың әсерінен болады. Кейбір кездері көрікті, сымбатты адамдар да пластикалық ота жасауға талпынады. Бұл перфекционизм синдромы деп аталады. Бұл топқа жататындар өміріндегі сәтсіздіктерді тек сыртқы келбетімен байланыстырады. Қарапайым мысал келтірер болсақ, олар көшеге боянбай шықпайды. Бетіне безеу шықса да, жолым болмайды деп қабылдайды. Сондай-ақ бір-екі келі артық салмақты олар семіздік деп қабылдайды. Сондықтан психологтар қандай да бір хирургиялық немесе косметикалық процедураға жүгінбес бұрын ойын түзеп алуы керек дейді. Яғни бұл ота маған керек пе, отадан кейін менің өмірім өзгере ме, пайдасы бар ма деген секілді сұрақтарға жауап іздеген дұрыс дейді мамандар.