«Профессионал пациенттер» басынып жүр. Дәрігерлерді орынсыз кінәлау қашан тыйылады?!

Oinet.kz 20-08-2018 874

Соңғы жылдары еліміздің халық денсаулығын сақтау саласына көптеген жағымды жаңалықтар, бірнеше жаңа реформалар енгізілді. Халықтың әл-қуаты жетіліп, қоғамда айтулы өзгерістер болып жатқанына куәгерміз. Соған қарамай, көпшілік арасында медицина қызметкерлерінің еңбегіне көңілі толмайтындар аз емес. 

Медицина саласында қырық жылдан астам еңбек етіп, денсаулық сақтау ісінің орындалған, орындалмаған ондаған реформаларын бастан өткеріп, осы саланың ыстығына күйіп, суығын тоңып жүргенімізден бе, әйтеуір, кейде қазіргі уақытта кездесіп жатқан мазасыз ойлар санаңды сабалап, толғандыратыны бар. 

Screenshot_53.jpg

Қазір дәрігерлер мен пациенттер арасындағы себепсіз, тіпті, негізсіз дау-жанжал өршіп бара жатқандай болады. Бүгінде дәрігердің еңбегіне әділ баға бере¬тіндердің, алғыс айтатындардың саны азайып кетті. Қит етсе, дәрігерлерді кінәлап «аттандап» шыға келе¬ді. Ал әр адам өз денсаулығына жауапты екендігін, ал дәрігерлердің денсаулық жақсартудағы үлесі не¬ бәрі 10 пайызды ғана құрай¬тындығын естен шығарамыз. Қолға алынған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында осы денсаулыққа ортақ жауапкершілікті арттыруға көп көңіл бөлініп отыр. Бұл бағдарлама бойынша денсаулыққа енді тек дәрігерлер ғана емес, жеке адамның өзімен қатар жұмыс беруші де жауапкер. Яғни, жұмыс беруші өз қызметкерінің денсау¬лы¬ғына жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Күнделікті сайрап тұрған теледидар атты «көк сандықтан» дәрігерлерді қаралап жатқан хабар есту бүгіндері таңғаларлық іс болмай қалды. Несін жасырамыз, кейде текетіресіп, бірін-бірі балағаттап, жүрек пен жүйкеге салмақ салатын ауыр сөздер айтып, құқықтық органдарға шағым жазып, соттасып жатқандарына да куәгерміз. Кейде науқастардың қасындағы басбұзар «дөкейлер» дәрігермен жағаласып, сөзге келіп, жағасын жыртып, ұрып-соғып кететін оқиғалар да сирек болса да кездесе бастады. Тіпті, кейде кезекшілікте жүрген дәрігерге «сен тез келе қоймадың!», «дұрыс қарамадың, ауруын анықтамадың!», «жылдам ауруханаға жатқызбадың!» деген секілді негізсіз уәждер айтып, дәрігерді таяқтап, сабап кететінін қайтесің. Аурулардың жақындарын да дұрыс түсінуіміз керек, жан қысылған уақытта, бар ойы науқастанған туысының жанын сақтап қалу үшін әлгідей жолдарға баруы заңды құбылыс. Сөйтіп науқастар мен оның жақындары баррикаданың (қамалдың) бір жағына, ал оның екінші жағына дәрігерлер шығады. Одан әрі қарай нағыз текетірестік басталады. Халық арасында қазір «профессиональ пациенттер» деген термин пайда болды. Олар аяқ астынан шу шығарып, дәрігерлермен ілігісіп, жоғарыға жаққа «сенім телефоны» арқылы арыз-шағым айтып, дәрігерлерді айтқандарына көндіреді, меңзеген ісін іске асырады. Содан, «үйдей бәледен машаяқ қашыпты» дегендей, құлаққа тыныштық  үшін аурудың айтқанын орындап, айдауына көнуге тура келеді. Ал енді басқа бір пациенттер сәл қия басқан дәрігерлерді сотқа сүйреп, жүйкесін тоздырып, оларды әбден титықтатады. Сөйтіп, аурухана ұжымынан немесе дәрігерден ондаған мың теңге өндіріп алуды әдетке айналдырып, көпшіліктің алдында медицина қызметкерлерінің беделін түсіруде. Осындай «пайдалы іске» әбден дәнігіп алған әлгі пациенттер тырнақ астынан кір іздеп, май ішінен қыл тартқандай медицина қызметкерлері жағынан сәл-пәл байқалған кемшілік үшін, «түймені түйедей етіп»  шекісіп, екі аяқтарын бір етікке тығатыны да жасырын емес. «Аты шулы» ондай «батырларды» дәрігерлер де біліп алған, бетіне еш қарсы келмейді. «Айқай-шудан аулақ  жүрейік» деген принциппен «сенікі дұрыс» деп, еріксіз айтқандарына жығылады. Әлгі «профессиональ пациенттер», тіпті болмай бара жатса,  «осы сен менен бірнәрсе дәметіп тұрсың!» деп құйтұрқы шантажға баратыны тағы бар. Сондай біздің өңірде атақты бәлеқор пациенттердің бірнешеуін білеміз. Олар ауруханаға ойлаған уақтында келіп, «мені жатқызасың» деп салмақ сала келеді және өз ойларын іске асырады. Егер жатқызбасаң, байбалам салып облыстық денсаулық сақтау басқармасына немесе «Нұр Отан» партиясының мекемесіне және тағы сондай-сондай мекемелерге арызданып барады. Содан, олардың жаны да темір емес, емдеу мекемесінің басшылығына телефон шалып, «бір жолын тауып, мына кісіні жатқызсаңызшы...» деп өтініш жасайды. Әлгі пациент дәрігерлерге күш көрсетіп, желкесі күжірейіп, миығынан күліп, қалаған ауруханасына, қалаған кезінде келіп жатады. Және жай жатпайды, қасындағыларға өзінің мықтылығын жыр ғып айтып, мақтанып-масаттанып жатады. 

Ойлап қарасақ, жұмыс болған соң кейде базбір қателіктер болуы мүмкін емес пе? Кімде кемшілік болмайды, тәйірі?! Мысалы, аспазшы пісірген тамағына тұзды көбірек салып жіберуі әбден мүмкін ғой. Шаштараздың да, тігіншінің де қате жіберуі әбден мүмкін. Соларды сотқа сүйреп жүрген бір адамды кездестірмедік. Әрине, бұл күндері дәрігерге деген талап қатаң. Өйткені оның қолында адам денсаулығы, тіпті, кейде адам өмірі тұр. Сондықтан болар, дәрігерлер мен пациенттер арасындағы жанжал-текетірестік соңғы кезде ерекше өршіп барады.

Бірақ, кейде сол дау-жанжалдың тууына аурудың өзі де кінәлі емес пе? Денсаулығы әбден сыр беріп, ауруы асқынып келген сырқатқа ем-дом жүргізудің өзі қиынға соғатынын көпшілік білсе де, дәрігерге кеш қаралу фактілері азаймай келеді. «Әркім өз денсаулығына аса  жауапкершілікпен қарау керек» деп айтылса да оны елеп жатқан пенде жоқ. «Уақыт жоқ» деп баяғы немкеттіліктен, енжарлықтан ажырай алмай келеміз. Біздің қазекемнің жаны мұрын ұшына барғанда ғана дәрігерді іздейтіні жасырын емес. Кейде, тіпті, хал үстінде, яғни үзіліп бара жатқанда ғана ауруханаға жеткізілетін науқастарды көріп жүрміз, жан тәсілімін аурухана табалдырығынан аса бере беріп жатқандары да кездеседі. Содан кейін істің байыбына бармай, бар ашуымызды үйіп-төгіп дәрігерді жерден алып, жерден салып, барлығын дәрігердің қателігі деп ұғып, оны кінәлаймыз. Ойлаңызшы, оның қолынан ондай кезде не келсін? 

Шындыққа жүгінгеніміз жөн. Қазір медициналық университет қабырғасынан келіп жатқан жас мамандардың біразы білімімен, біліктілігімен ерекше көрініп, алға ұмтылып тұрғандары шамалы. Көбі «әйтеуір диплом алсақ болды, кейін жүре-келе үйренеміз, мамандықты меңгереміз» деп арқасын кеңге салып жүргендері жасырын емес. Оларды сүйрелеп оқытып жатқан тәлімгер-дәрігерлер бірең-сараң. Сөйтеміз де «Қазіргі күндері студент оқымайды, оның ақшасы оқиды» дей келе оқуына қаржы құйса болды, бағасы «үш» деп курстан курсқа көшіре береміз. Одан ертең қандай маман шығарын ойлап, басымызды ауыртқымыз келмейді. Қолына диплом тиген әлгі шала сауатты жас дәрігер, мысалы, емханаға орналасты делік. Алдына, қабылдауға келген науқастан ол тезірек құтылу үшін құлаш-құлаш қағаз жазып кабинеттен кабинетке, зертханаға, УДЗ-ға, рентгенге жұмсайды.  Науқас ауруын анықтау үшін емханада кемінде 3-4 күн теңселіп жүреді, бір кабинеттен екінші кабинетке кіріп, кезекті күтуден шаршайды, айқай-шудан жүйкесі жұқарады. «Жалмауызға да жан керек» дегендей содан барып түсініспеушілік, арыз жазу басталады. Тіпті, емханаға бармай, үйде жатып өз бетімен емделетіндер де бар. Олар ауруханаға дерті әбден дендеп «жаны мұрын ұшына барғанда» ғана, яғни ауруын асқындырып барады. Оларды емдеу дәрігерлерге жеңіл жұмыс емес. Асқынуын тоқтатып, ауруды аяғына аман-сау тұрғызып жіберу әртүрлі қымбат дәрі-дәрмектерді, ерекше күтімді қажет етеді. 

Жарайды, әлгі ауру ауруханаға түсті делік. Аурухана әкімшілігі дәрі-дәрмекке, тамаққа кеткен әр тиынды бақылауға алып, есептеп, барынша аз қаржы жұмсауға тырысып бағады. Емдеуші дәрігер ауруды арзан дәрілермен емдеуге мәжбүр. Өйткені мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы мандырымсыз. Дәрілердің бағасы жанып тұр. 10-12 күннен кейін ол қолына ауру тарихының көшірмесін беріп, ары қарай емханада немесе үйде емделесіз деп шығарып салады. Жүргізілген емге көңілі толмай сырқат  үйіне шығады, «бұзық пациенттер» жоғары органдарға шағымданады. Әрі қарай барлығы түсінікті – тексере келе «науқаспен ортақ тіл таппадың, ауруға жағдайды түсіндірмедің» дей келе дәрігерді кінәлайды, сөгіс жариялайды. Содан «Кім жаман, дәрігер жаман» болып шыға келеді. Бұл – бүгінгі күннің шындығы. Дәлелдеудің қажеті жоқ.

Денсаулығын күту – әр адамның өз міндеті екенін өкінішке орай әлі де көпшілік сезініп жүрген жоқ. Жауапкершіліктің барлығын медицина қызметкерлерінің мойнына асып қойған. Дәрігерлер қызметі жылдан-жылға ауырлап барады. Өйткені аурулар жағынан, аурухана әкімшілігі мен бақылау органдарынан жылдан-жылға талап-сұраныс өсіп барады. Шынын айтуымыз керек, цифрландыру ісіне көшеміз деп дәрігерді компьютерге «байлап» қойдық. Ауру тарихын (науқаснама) толтыру, емдеу жоспарларын жазу, жасалған отаны қағазға түсіру, күнделік пен эпикриздар және де басқа құжаттарды толтыру, аурухана басшылығының жоспарлы лездемелері мен апта сайын өткізілетін конференцияларға және де басқа  жиындарға қатысу дәрігердің көп уақытын (70 пайызға дейін) алатынын ешкім есепке алып жатқан жоқ. Науқастармен емін-еркін асықпай сөйлесуге, пікірлесуге уақыт жетпейді. Науқастардың жақындарымен бетпе-бет кездесіп, болған жайды оларға түсіндіруге де уақыт тапшы. Сондықтан болар, аурулардың және олардың жақындарының дәрігерге көңілі толмайды, қит етсе оның үстінен арыз-шағым түсіруге дайын тұрады. Осыдан кейін дәрігердің жан дүниесі, көңіл-күйі не болады? Ол адам болғаннан соң қандай болу керек? Темір де  тозады, тамшы тасты теседі. Дәрігердің де жүрегі бар, жүйкесі бар, мінезі бар. Сөйтіп, наразылық бұлты қоюлана түседі, жанжал туындайды, бірінің бірі жүйкесін жұқартар, жүреті ауыртар айтыс-тартыс басталады...

Медицина саласына енгізіліп жатқан қазіргі жаңа реформалардың біразы толық жетілген, өз дәрежесіне келіп «піскен» дүниелер деп қабылдай алмаймыз. Расын айтуымыз керек, олар басқа мемлекеттен көшіріліп алынып, шикі, дүмбілез күйінде, жеріміздің және халық менталитетіне сай келмей еліміздің денсаулық сақтау ісіне күштеп енгізіліп жатыр, ел арасында, медицина қызметкерлері арасында әлі де түсініспеушілік аз емес. Сондықтан болар, оларды өмірімізге енгізу, кедергісіз жүріп кетуі жеңіл жұмыс болмай тұр. Бір жағынан, қаржы мәселесі тапшы болса, екінші жағы – қазіргі күннің талабына сай кадр дайындау мәселесі қолбайлау болуда. Әрине, қазақ «көш жүре түзеледі» демекші, ертелі-кеш ол ұсыныстардың өмірге, практикаға енетіні күмән тудырмайды. Бірақ, ол тым асығыс, қысқа мерзімге игеруді талап етіп отыр. Сондықтан, жұрт арасында түсініспеушілік орын алуда.

Әрине, әр заманда да дәрігерлер мен пациенттер арасында әртүрлі қарама қарсы жағдайлар болған. Бірақ, уақыт келе олар өзара түсінісіп, сенімге келіп, қажетті шешімге келгені рас. Сонда ғана дәрігердің жүргізген емі шипа болып, науқас дертінен құлан-таза арылған. Сенім болмаған жерде – ем жоқ. Осыны терең ұғып,  есте ұстағанымыз абзал. 

Сағындық ОРДАБЕКОВ, 

медицина ғылымдарының докторы, профессор. 

Тараз қаласы

15 самых полезных советов народной медицины
Айға көп қарау сомнамбулизмге шалдықтырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу