Сібір жарасы туралы не білесіз?

Oinet.kz 17-06-2018 1202

Сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – бактериялар (Bacillus anthracis) болып табылады. Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүздеген жылдарға дейін сақталады.

61212.jpg

Сібір жарасы қалай жұғады? Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі  – үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы. Ауру тері жамылғысын зақымдайтын және сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдайтын түрде өтеді. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнге дейін созылады. Аурудың терілік түрінде қабыршақ (карбункул) айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ  қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. Адамда ауру көп жағдайда терілік формада болады. 

Үрдістің сепсиске ұласуы (теріден тыс түрі) қоздырғыштың тыныс алу, асқазан-ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі. Дер кезінде емделмеген жағдайда ауру өлім жағдайымен аяқталады. Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет. 

Сібір жарасының ең тиімді алдын-алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинацияға ет комбинаттарында, мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, етті тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, қатысатын адамдар жатады. Сонымен қатар, егумен үй жануарлары да егіледі. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығы қамтылуы тиіс. Жануарларды егу жұмыстары тегін жүргізіледі. 

Өлген жануарды тиісті құзырлы мекеме өртеп, жояды. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен айығып кетуге болады.

Н.СӘРСЕНБАЕВ,

Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы

Перестаньте есть бактерии: негигиеничные привычки, которых вы не замечаете
Нашақорлық – індет, онымен күресу – міндет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу