Мұқан Егізбаев: «Суицидттің алдын алу үшін жаңа жоба жүргізіледі»

Oinet.kz 26-04-2018 907

Screenshot_10.jpg

Мұқан Егізбаев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы суицидттің алдын алу үшін пилоттық режимдегі жоба қолға алынуда. Бұл жобаны облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары және жуырда қайта құрылымдаудан өткен отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма бірігіп жүзеге асырмақ.  Күні кеше денсаулық сақтау басқармасында осы жобаның мақсат-міндеттерін таныстыруға арналған жиын өтті. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, бұған дейін мұндай жоба Қызылорда облысында жүргізіліп, жақсы нәтиже берген. Жобаның тиімді деген жүйелерімен танысып, тәжірибеге енгізу үшін облыстағы жоғарыда аталған үш басқарманың мамандары Қызылордаға барып қайтқан.

– Жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғаларының алдын алу үшін жоғарыда аталған басқармалардың атқаратын өз жұмыстары бар. Алайда, біздің басты кемшілігіміз – әр басқарма жеке-жеке жұмыс жүргізеді. Сондықтан алдағы уақытта осы салада бірлесіп әрекет ету жөнінде меморандум, жол картасы жасалды. Тәжірибе бойынша суицидттің алдын алу бойынша мамандар бірінші кезекте оқытудан өткізіледі, – деді басқарма басшысы. 

Жаңа жүйе бойынша мектептегі баланың мінез-құлқынан өзгеріс байқалып, оның суицидтке баруы мүмкін деген күдік келтірілген жағдайда мұны алдымен ұстаздар мектеп психологына хабардар етеді. Мұнан кейін мектеп директоры, оның орынбасары, мектеп психологы және мектептегі медицина қызметкері алдын алу шараларын жүргізеді. Қажет болған жағдайда білім бөліміндегі білікті психологтардың көмегіне жүгінеді. Егер баладан психикалық ауытқушылықтар байқалса денсаулық сақтау басқармасынан мамандар шақырылады. Балаға білікті медициналық көмек көрсетіледі. 

– Бұл жердегі басты мақсат – қауіпті жағдайдың алдын алу. Мұндай кезеңде ұстаздар мен дәрігерлердің бірлесіп жедел әрекет етуінің тиімді жүйесін құру. Осы мақсатта денсаулық сақтау басқармасындағы 25 дәрігер-психиатор қайта оқытылуда. Осы жылы Шымкенттегі 340 маманның білімін жетілдіретін боламыз. Бұл тәжірибе барлық аудан-қалаларда жалғасуы тиіс, – деді М.Егізбаев. 

Бүгінде облыстағы мектептерде 1515 психолог жұмыс істейді. Өңірдегі білім ұяларында психологтардың жетіспеушілігінен проблема жоқ. Бірақ, басты мәселе – кейбір білім ұяларындағы психологтардың жүктемесі көп. Мәселен, Шымкенттегі кейбір мектептерде 3 мыңнан астам бала білім алады. Белгіленген штат кестесі бойынша мұндай жағдайда мектепте 2 психолог қарастырылған. Ал 2 психолог 3 мың баламен сапалы жұмыс істейді деп айту қиын. Оның үстіне ереже бойынша мектеп психологы тек оқушылармен ғана емес, мектептегі педагогтармен де, басқа да қызметкерлермен де жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты облыс әкімдігінің атынан Үкіметке мектептегі психолог кадрлардың штатын көбейту жөнінде ұсыныс беріліп отыр. 

Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы мектептерде жұмыс істейтін 241 психолог  маман суицидттің алдын алу бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Олар тек мұнымен шектеліп қалмайды. Суицидттің алдын алуға арналған тренингтер ұйымдастыру көзделіп отыр. 

Жиында жария етілген мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында биылдың алғашқы тоқсанында 18 жасқа дейінгі балалар арасында өз-өзіне қол салудың 25 оқиғасы тіркелген. Оның 12-сі өліммен аяқталған. Былтырдың бірінші тоқсанында 41 оқиға тіркеліп, оның 17-сі өліммен аяқталған екен. Көрсеткіш былтырдан қарағанда біршама жақсы. Оңтүстік Қазақстан республикада бұл көрсеткіш бойынша алғашқы орында емес. Яғни өңірде суицид оқиғалары көбейіп бара жатыр деп дабыл қағудың реті жоқ. Алайда мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы суицид бәрібір азамай отыр. Дегенмен, егер жаңа жоба тиімді жүзеге асырылған жағдайда оң нәтижеге қол жеткізуге болады дейді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс суицидологы Н.Боранбаеваның айтуынша, өз-өзіне қол салған балалардың 65 пайызы 17-18 жастағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер. 57 пайызын қазақ ұлтының, 24 пайызын өзбек ұлтының өкілдері құрайды. Өз-өзіне қол салғандардың арасында ер балалар көбірек кездеседі екен: 75 пайызы ер балалар, 25 пайызы қыз балалар. Облыста суицид оқиғалары Шымкент, Түркістан қалаларында, Мақтарал, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарында көбірек тіркелсе, былтыр Кентау қаласында бірде-бір жағдай болмаған. Құқық қорғау органдары, ұстаздар мен дәрігерлер әрбір суицид оқиғасы бойынша  тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Биылдың алғашқы тоқсанында облыста суицидттің алдын алу үшін арнайы мобильді топ құрылған. Топ суицид тіркелген мектептерге барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Ата-аналармен кездесіп, мектеп психологтарымен тәжірибе алмасқан. 

Жиынға қатысқан мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің суицидтке баруының 100-ден астам себептері бар. Оларды өз-өзіне көңіл толмаушылық, айналасындағы адамдармен конфликтіге бару және психикалық бұзылулар деп үш топқа бөліп қарастыруға болады. Баланың суицидке ұмтылуын дер кезінде байқап, алдын алуда мектеп психологтарына көп жауапкершілік жүктелген. Олардың міндетіне әртүрлі әдістер арқылы баланың бойындағы суицидке деген ұмтылысты анықтап, оны тәжірибелі мамандардың назарына ұсыну кіреді. Ал егер балада психикалық ауытқышулықтар болса онда психиатор мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Мұндай жағдайда ата-ананың келісімімен баланы сауықтыру шаралары жүргізіледі. 

Бұл жерде де шешілмеген біраз мәселе бар. Облыстағы мектеп психологтарының 70 пайызы өз мамандықтарын сырттай бітірген. Алайда оқуын сырттай бітірген мамандардың бәрі сапасыз деуге болмайды. Мектеп психологтарының білімін жетілдіру, біліктілігі көтеру қазір Шымкент қаласынан бастау алып отыр. 

Инсульт дегеніміз не?
Лишний жир на животе даже при нормальном весе опаснее ожирения
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу