Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі
Еgov.kz арқылы меданықтама алуға болады
Биыл көктем мезгілінен бастап қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын еgov.kz арқылы ала алатын болады. Бұл туралы аптаның алғашқы жұмыс күнінде Парламент Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
– Бірінші тоқсанның соңына қарай электронды үкімет порталы арқылы уақытша жұмысқа қабілетсіздік парағын, сонымен қатар туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтаманы алу жолға қойылады, – деді Елжан Біртанов.
Дегенмен, ведомство басшысына сенсек, қазірдің өзінде пациенттердің рецепті электронды түрде алуға мүмкіндігі бар. Диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін тегін рецептер бүгінде электронды формада беріледі. Рецепті қағаз түрінде ЖСН-нің көмегімен аталған дәрі-дәрмекті беруге келісімшарты бар дәріханалар порталы арқылы да алуға болады. Таңдау – пациентте. Бірақ, тұрғындардың көпшілігі, әсіресе қарт адамдар бұрын мұндайды көрмеген соң ба, үйрене алмай жүр ме, әйтеуір әзірге электрондық нұсқаға сеніңкіремейтін сияқты. Сосын амалсыз медицина ұйымдары рецепті қағаз түрінде басып шығарып беруге мәжбүр.
Министр ағымдағы жылдың ақпан айында көрсетілген медициналық қызметтер туралы халыққа СМС-хабарландыру қызметі іске қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар, 2018 жылдың маусым айында Қазақстанда электронды денсаулық паспорты пилоттық жоба ретінде іске қосылмақшы.
Қазақстан 16-шы мемлекет...
Біртанов Қазақстан денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізетін әлемдегі 16-шы мемлекет болады деп мәлімдеді. Ол жасанды интеллект қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді.
Еліміздің бас дәрігерігінің айтуынша, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен ІВМ компаниясы арасында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. 2005 жылдан бастап бүгінге дейін министрліктің ақпараттық жүйесіне 14 терабайт мәліметтер жинақталған. Бұл 5,8 млрд бет мәтінмен пара-пар. Бұл өте көп көлем. Оны Big-data технологиясы мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып өңдеу қажет. Аталған технология денсаулық сақтау саласының проблемалары мен қажеттіліктеріне терең сараптама жасай алады.
– Мұндай технологияларға «Ватсон» жасанды интеллект жұмысы мысал бола алады. Бүгінде бұл жүйеге онкологиялық есепте тұрған, аты-жөндері көрсетілмеген аурулардың 100 мың жазбасы берілді. Ақпан айында ІВМ-нен аталған пацентті емдеу бойынша ұсыныс алатын боламыз. «Ватсон» аталған медициналық мәліметтерді, кітаптарды, ғылыми жарияланымдарды, барлық дерлік клиникалық хаттамаларды сараптайды және бір минуттың ішінде емдеуде басымдыққа ие ұсыныс береді. Яғни, дәрігерге қандай технологиялар бар екендігі, барынша тиімді жолдары және ғылыми жарияланымдарға сілтеме беріледі, – деді министр.
Интернетті тек жұмысқа пайдалану керек
Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізу өте ұзаққа созылатындығына алаңдаушылығын білдірді. Ол мұның себебін қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің оқытылмауынан немесе интернеттің тұрақты түрде «қатып қалуынан» көреді екен. Құрманова министрге жолдаған депутаттық сауалында бұдан да қиын жағдайдың орын алғанын жеткізді.
– Деректер ақпараттық жүйеде жоғалып қалған жағдайлар да болған. Сол себепті кезек күткен емделушілердің наразылығы да туындап отыр. Бір емделушінің тексерілуіне уақыт нормативтері бар. Осыған байланысты нормативтер қайта қарала ма және ақпараттық жүйелердегі «тұрып қалуына» байланысты техникалық проблемалар қалай шешілетін болады? – деп сұрады ол министрден.
– Қазіргі күні біз пайдаланып жүрген бүкіл стандарттар қағаз түрінде жұмыс жасауға арналған. Сол үшін біз ең алдымен толықтай электрондық форматқа көшуіміз қажет. Ағымдағы жылдан бастап Қарағанды облысының автоматтандыру жүйесін жүргізетін компаниясымен келісіп, хранометраждық зерттеу өткізіп, жаңа стандарттарды әзірлеп, талқылап, одан кейін бекітуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды, – деген министр интернеттің баяу істейтінін жоққа шығарған жоқ.
Біртанов медициналық ұйымдардағы интернеттің «тұрып қалуы» қызметкерлердің кино көруінен болып отыр деп есептейді. Сонымен қатар ол медициналық мекемелердегі интернеттің дұрыс жұмыс істеуі ақпараттық технологияларға байланысты екендігін баса айтты.
– Әрбір медициналық ұйымның басшысы бұл мәселеге жан-жақты дайыналуы керек. Себебі көп жағдайда дәрігерлер және басқа қызметкерлер интернетті тек жұмысына ғана пайдаланбай басқа мақсаттарда, мәселен интернет қарап, кино көруге пайдаланады. Сондықтан интернет тоқтап қалады. Мұны менджмент қарап отыруы тиіс, – деді Елжан Біртанов.
Маман тапшылығын жоюдың жолы...
Болашақ дәрігерлерді ауылдарда жұмыс істеуге міндеттейтін заң жоқ. Сондықтан мемлекет тегін оқу үшін гранттарды жеткілікті деңгейде бөліп отырғанымен білім алғандарға жауапкершілік жүктелмегендіктен олардың барлығы үлкен қалаларда, облыс орталықтарында қалып, жұмыс істеуге ұмтылады. Мұндай проблемаларды болдырмаудың жолы – Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу керек деп есептейді Денсаулық сақтау министрі. Мұнан бөлек, ол Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірленіп жатқандығын атап өтті.
– Бұл мәселені жаңа кодекс аясында талқылауға шығарамыз. Денсаулық сақтау саласында өткенге оралу мәселесін көтермекпіз. Яғни, егер адам мемлекет қолдауымен білім алатын болса, онда ол белгілі бір уақыт мемлекеттік комиссия кадр тапшылығын жою үшін қайда жіберсе, сонда жұмыс істеуі тиіс, – деді Елжан Амантайұлы.
Біртановтың бұл пікірі шағын қалаларды медициналық кадрлармен қамтамасыз етудегі проблеманы көтерген Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовке берген жауабы болатын. Мәжілісменнің айтуынша, соңғы уақыттарда жас мамандарда өздерінің пациенттерінен де қорқатын тенденция байқалады. Ауыл түгілі шағын қалаға да барғысы келмейтін мамандар проблемасын шешуге арналған Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері қандай жоспары бар?
Біртанов аталған мәселе бойынша былтыр ауылдық елді мекендердің емханаларына тапшы мамандықтарды жедел оқытуға бағытталған бірқатар шараның өткен жылы қабылданғанын айтады.
– Жалпы тәжірибе дәрігерлерін міндетті түрде үш жылдық резидентурадан өту қажеттілігін алып тастадық. Яғни, олар интернатурадан кейін бірден жұмыс істей алады. Осындай бірқатар мамандық бойынша жедел қайта дайындықтан өту мүмкіндігін бердік, – деді ол.
Дәріні үйіне апарып береді...
Қазпошта пациенттің үйіне дәрі-дәрмекті рецептпен жеткізіп береді.
– Қозғалуы қиын пациенттердің белгілі бір санаты бар. Біз Қазпоштамен келісіп, пилоттық жоба әзірлейтін боламыз. Оны ағымдағы жылы Қарағанды облысынан бастамақпыз. Дәрігер рецепті тағайындап берсе, жеткілікті. Қазпошта оны пациенттің үйіне, оның ішінде ауылдық жерлерге де жеткізіп береді. Оларда барлық инфрақұрылым бар. Толықтай алғанда бұл жоба үнемді. Егер жоба жүйелі іске асып кетсе, басқа өңірлерге де таратылады. Ең бірінші кезекте жағдайы ауыр сырқаттар үшін енгізбекпіз, – деді Елжан Амантайұлы.
Дәрігердің де қателесуге құқығы бар
Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін қаумалаған журналистердің ортасында қалған Біртанов дәрігерлік қателікті қылмысқа жатқызуға болмайды деп мәлімдеді. Оның ойынша, дәрігердің де қателесуге құқы бар.
– Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды! Мұны біз нық сеніммен айта аламыз. Өйткені дәрігердің де қателесуге құқығы бар. Еш уақытта да 100 пайыз қай диагноз, қандай емдеу жолы сенімді екендігін білу мүмкін емес және де денсаулық сақтау жүйесі дамыған көптеген елдердің тәжірибесі аталған қателіктерді анықтауға бағытталған. Олар декларацияланады, қарастырылады және қызметкерлерді оқыту үшін шаралар қабылдайды. Бірақ, жазалау үшін емес, – деді Елжан Біртанов.
Министрдің пайымынша, дәрігерді жазалау денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандардың кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан да дәрігердің дұрыс медициналық көмек көрсетуге мүмкіншілігі болғанымен, оны қаламағандықтан салғырттыққа жол бергендігін бөле қарастыру қажет. «Ал ол медициналық көмек көрсету барысында қателесуі мүмкін. Меніңше, ол кезде ешқандай да қылмыстық жауапкершілік болмауы тиіс», - деді ведомство басшысы.