Дәрігерлер пациентті құтқара ма, өлтіріп ала ма?

Oinet.kz 22-12-2017 1160

Қайбір жылы  «Қазақстандағы медициналық қызметтердің сапасын қалай жақсартсақ болады?» деген тақырыпта арнайы сауалнама жүргізілді. Сонда респонденттердің тең жартысы (50,8 пайызы) «медициналық жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықты жою» деп жауап берген екен. Сауалнамаға қатысушылардың 23  пайызы медиктердің жалақысын көтеруді ұсынса, 12 пайызы денсаулық сақтау саласына инвестицияларды молынан құю қажеттігін білдірген.   Осыдан-ақ білім беру сапасының әсіресе медицина саласындағы маңыздылығын аңғаруға болады. 

Медициналық кадрлардың сапасы – елімізде бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Отандық медициналық білім беру саласында өзгерістер жүргізу тақырыбында біраз ойлар мен ұсыныстар айтылған. Әйткенмен, халықаралық стандарттарға сай болу бір-екі жылда тынатын тірлік емес.   

Screenshot_4.jpg

Әуелі ресми статистикаға тоқталайық. Қазақстан денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамту деңгейі бойынша 10-шы орында екен.   Соған қарамастан, елде сапалы медицина қызметкерлерінің тапшылығы сезіліп тұрғаны жасырын емес. Жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындары шамамен 3 мың студент  шығарады екен. Бұдан өзге, республикадағы 60-тан астам медициналық колледж медбикелерді даярлаумен шұғылданады.  

Сапалы кадр даярлау мәселесі бұған дейін де қозғалып келеді. Қайбір жылы денсаулық сақтау министрлігіндегілер «оқу бағдарламасындағы практикалық сағаттардың санын көбейткенімізбен, нәтиже шықпады. Жұмыс орындарына келген түлектер бәрібір қосымша дайындықтан өтуді қажет етеді» деп шарасыздығын танытқан еді. 

Алқалы жиындардың бірінде еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласындағы парақорлық мәселесіне арнайы тоқталып, бүкіл жүйенің осы қоғамдық дертке ұшырағанына қынжылды.  

Шетелдік тәжірибеге назар аударайық. Мәселен, Оңтүстік Кореядағы медициналық жоғары оқу орындарына мектеп оқушыларының тек 0,3 пайызы түседі екен. Олардың барлығы дерлік үздік оқушылар. Осының өзінде, ресми дерек бойынша, Кореядағы медициналық факультеттердің бірінші курс студенттерінің тек 0,5 пайызы ғана дәрігерлік қызметке қол жеткізе алады екен. Яғни, талап өте жоғары, медициналық білімді меңгеруге тіпті жақсы оқыған жастардың да шамасы жетпейді.  Біздегі жағдай мүлдем керісінше,  медициналық жоғары оқу орнынан ұшып кету өте қиын. Анығын айтқанда, ол үшін жаға ұстатарлық бұзақылық жасау керек, немесе сабаққа жарты жылдап келмеуің қажет. Ал дұрыстап сабақ оқымағаның үшін оқу орнынан шығып кетуің неғайбыл. Содан болар, студенттердің барлығы дерлік медициналық университеттер, академиялар мен институттарымызды   еш қиналмастан аяқтап жатады. Осы мәселеге қатысты министр Е.Біртанов «жоғары оқу орындарымызда жақсы баға алу үшін оқытушыларға заңсыз сый-сияпат беру дамып келеді. Біз болашақ әріптестерімізді алғашқы күннен осындай әрекетке баулып жатырмыз", деп те пікірін білдірген болатын.  

«Болашақ дәрігерлердің 90 пайызы науқасты о дүниеге аттандырар еді»

Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесі   Ресейдікіне ұқсас екенін ескере отырып, көршілес елде орын алған мына жайт жайлы атап өтпеске болмайды. Жуырда Ресейдегі Обыр профилактикасы қорының сарапшылары Онкологияның жоғарғы мектебі жобасына үміткерлерді іріктеу барысында жаға ұстатарлық нәтижелерге жеткенін мәлімдеді. Н.Петров атындағы Онкология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға медициналық жоғары оқу орындарын тәмімдаған түлектер шақыртылды. Іріктеуге қатысқандардың   тек 8,5 пайызы медициналық көмек көрсету мен пациенттің өмірін сақтап қалу бойынша қарапайым міндеттерді дұрыс шеше алған. Бір айдан кейін дәрігер болатындар.  

- «Онкологияның жоғарғы мектебі» - дамытуды мақсат еткен  жоба, оған сәйкес медициналық жоғары оқу орындары, интернатуралар мен ординатуралардың үздік түлектерін іріктеуден өткізіп, оларды онкология саласындағы ең мықты мамандар және көшбасшылар ретінде тәрбиелеп шығу мақсат етіледі.  Биыл осы жобаға 350 өтінім келіп түссе, жоба жетекшілері бар-жоғы 9 адамды іріктеп алуға тиіс болатын. Бір орынға 38 адам  таласқан жобаның маңыздылығы осыдан-ақ байқалып тұр, - дейді Қордың атқарушы директоры Илья Фоминцев.   

Осы 350 адамның 55 пайызы алтыншы курсты аяқтап жатқан студенттер, бір айдан кейін  дәрігерлік дипломын алатын жастар болса, 45 пайызы ординатура мен интернатураны аяқтап жатқан мамандар екен. Үміткерлерге айтарлықтай күрделі емес, жедел жәрдем мен дәрігерлік практикада күнделікті кездесетін сұрақтар қойылды.  Пациентке дұрыс диагноз қоюға байланысты 5 есепті шешуге бір сағат уақыт берілді.  Тіпті үміткерлерге дұрыс жауап табу үшін Google жүйесін пайдалануға да рұқсат етілді. Бұл әйгілі американдық USMLE (The United States Medical Licensing Examination – ол жүйе жайлы материалды газеттің 8-бетінен оқи аласыз) емтихан жүйесінің өте жеңіл пародиясы болғанын сарапшылардың өздері де айтып отыр. Шетелдегі тестілеу бұдан әлдеқайда қиын да күрделі. 

Осы емтиханда қойылған сұрақтардың бірі мынадай: «Жедел медициналық жәрдемнің дәрігері тұрғын үйге келгенде пациент подезде есінен танып жатыр екен. Мұздай тер,   цианоз, минутына 28-ге дейін демігу, әлсіз тамыр соғуы, жүректің жиырылу жиілігі минутына 110 құрайтыны, артериалдық қысымы сынап бағанасының 70/40 милиметрін құрайтыны, іштің пальпациясына аздап ауырсынаты байқалды». 

Осы пациентке қойылған диагноздардың алуан түрлілігінен сарапшылардың төбе шашы тік тұрыпты. Мәселен, үміткерлердің бірі тығындалушы эндартериит (қан тамырлары  қабырғаларының тығындалуы) деген диагноз қойып, соған сәйкес ем-дом шараларын жазып берген. Яғни, қан кетудің классикалық клиникалық үлгісіне ЭКГ, асқазанды шаю мен пенициллинді жазып берген. 

 Диагноздың дұрыс қойылмағаны өз алдына, тіпті болашақ дәрігер өзі қойған диагнозға да дұрыстап ем бере алмай отыр. Тығындалушы эндартериитті асқазанды шаю арқылы емдеуді ұсынуының өзі неге тұрады. Емтихан барысында осы секілді «тамаша» диагноздар мен емдік шаралар көптеп кездесіпті. 

Фоминцев  емтиханда берілген жауаптардан тағы бір мысалды келтіреді. «Қабылдауға келген адамның ЭКГ түсіре бастаған кезде ол кенет қайтыс болды. Клиникалық өлім. Бірер аптадан соң дәрігер атанатындар не істеді дейсіз бе? Олар клиникалық өлім жағдайындағы адамға қан талдауын жүргізе бастайды. «Әлде олар кино көрмей ме? Дәл осындай сәттерде сериалдағы «Біз оны жоғалтып жатырмыз», «Разряд!» деп айғайлайтын тұс осы емес пе? «Не істеу керек еді?» деп ойлануға бір секунд та уақыт жоқ, жансақтау бойынша шұғыл әрекет жасау қажет. Оның ұйқы күретамырындағы пульс анықталмайды, қан айналымы тоқтаған. Сонда қандай талдау жасамақшы?», - деп таңданысын жасырмайды Ресейдің обыр профилактикасы қорының атқарушы директоры.     

Жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жартысынан астамы өтті. Олардың ішінде жедел жәрдем бойынша келіп түскен бес пациентке тиісті көмек көрсетіп, өлімнен құтқарып қала алғандары тек 8,5 пайыз болып шықты. Ойлаңызшы, 168 адамның 8,5 пайызы ғана! Қалғандары бір немесе бірнеше пациентін «өлтіріп» алды. Әрине, мұның барлығы гипотезалық тұрғыдағы тест сұрақтары ғой. Әйткенмен, шынайы жағдайда да болашақ медиктер дәл осы әрекеттерін қайталар еді. Назар аударыңыз, бұл оқуын меңгере алмай жүрген студенттер емес, оқу орындардың үздік түлектері деп таныстырылған жастардың нәтижесі.  

Клиникалық тапсырмаларды дұрыс орындау бойынша жобаға қатысқандар келесідей нәтиже көрсетті: емтиханға қатысқандар 168 үміткердің 34 пайызы барлық бес пациентін де өлтіріп алған. 31 пайызында 3-4 пациент көз жұмған, 27 пайызында  1-2 пациент мерт болды. Тек 8,5 пайызы ғана барлық 5 пациентті құтқара білді. 

«Менің ойымша, мұндай сұмдық көрсеткіштердің болуына үміткерлер кінәлі емес. Кінә - медициналық білім беру жүйесінде. Бұл студенттерге ешнәрсе үйретпеген. Олар күні ертең дәрігердің дипломын алғанымен, әлі дәрігер еместігін жақсы біледі. Нағыз дәрігер болу үшін көп ізденіп, ұзақ жылдар бойы еңбектену керек.   Медициналық оқу орындарында шынайы өмірге ешқандай қатысы жоқ білім беретін секілді. Сонда бұл білім беру жүйесіне салсақ, диплом иегері болса да, ол дәрігер ретінде тек жұмыс орнына барып қалыптасуы керек екен.   Техникалық тұрғыда дәрігер болып табылмайтын адамды пациентке жолатудың өзі қылмыс қой. «Мен дәрігермін» дегендердің 90 пайызы пациенттерін шынайы жағдайда өлтіріп алар еді. Бұл комедия кімге керек?», деп қынжылыс білдіреді Фоминцев. 

Жоба жетекшілері ординатура проблемасын да атап өтті.  Шын мәнінде ординаторлардың басым бөлігі, айталық хирургтер, ординатура кезінде бірде-бір операция жасамайды. Яғни, ординатура бітірсе де оның қолынан түк келмейді деген сөз.    

Менторлар қажет

Әлгінде айтқанымыздай, Ресей мен Қазақстанда медицина мамандарын даярлау жүйесінде ұқсастықтар көп. Демек, бұл мәселе бізде де өзекті тақырып болып тұр. Кім біледі, біздегі бітіруші түлектерді тексере қалсаң да осы тектес нәтижелер алуымыз бек мүмкін. Адам емдеудің орнына абайсызда өлтіріп алатын жас мамандардың саны қанша екенін шамалап та айта алмаймыз, себебі ондай зерттеу жұмыстары бізде жүргізілмеген. Әлбетте, жүргізілуі керек еді. 

 Отандық медицинаны дамытудың бірден-бір жолы – халықаралық үздік тәжірибелерді үйрену. Оған кешегі студенттер түгілі білікті дәрігерлердің өздері де жете алмай жүргені де жасырын емес. Рас, жағдайды өзгертуге байланысты талпыныстар жасалып жатыр.  Мәселен, осыдан бірер ай бұрын еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық жоғары оқу орындарында оқытудың бастапқы кезеңінде-ақ студенттерді жаппай іріктеу жұмысын қолға алу қажеттігін айтқан болатын. Медициналық сапалы білім алуға қызығушылығы да, қабілеті де жоқтарға уақыт жоғалтудың қажеті жоқтығын алға тартқан министрліктің өкілдері биылдан бастап  медицина мамандықтары бойынша білім алып жүрген жастардың білімін қатаң тексеру шараларын қолға алатынын мәлімдеді.  

- Біз медицина түлектерінің білімін жоғары оқу орнын бітірген кезде ғана емес, оқу кезінде де қатаң бақылауды көздейміз. Қазір біз осы мәселені қарастырып жатырмыз. Оқудың басында, сосын бірінші-екінші курстан кейін болашақ дәрігерлерді жақсылап тұрып іріктеп отыру қажет. Бұл - xалықаралық тәжірибе. Себебі білімі жоқ мамандарға бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан ондай студенттерді дер кезінде анықтау қажет. Әйтпесе, өздері оқуды бітіргенде диплом ала алмай, қиналып жүреді, - деді  Елжан Біртанов. 

Сала министрінің тағы бір маңызды мәлімдемесі  отандық медициналық ЖОО-ларға шетелден арнайы мамандарды шақыртуға байланысты. «ЖОО-лардағы медициналық оқыту сапасын едәуір арттыру мақсатында шетелдік профессор-оқытушылар құрамы тартылатын болады. Бүгінгі таңда екі ЖОО-ға топ-менеджмент деңгейіндегі мамандар тартылған. Алдағы уақытта да дәрігерлерді дайындау бағдарламасын жетілдіру үшін шетелдік мамандарды тартуды жалғастыру көзделіп отыр», - деді Е. Біртанов. 

Бұл – менторлық, яғни жетекшілік бағдарламасы, мұнда елімізге шақыртылған профессорлар өзіміздің медициналық оқу орындарындағы оқытушылармен қатар жұмыс істеп, оларға оқытудың заманауи бағдарламасын енгізуге көмек көрсетеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік мамандар жұмыс істейтін Назарбаев Университетінің медициналық мектебінде сәтті жүзеге асырылған. Бәлкім, осындай маңызды қадамдар отандық медициналық кадрларды даярлау жүйесін ретке келтіріп, сапасын арттыра түсер деген сенімдеміз. 

Саусақ қытырлату зиян ба?
USMLE: американдық емтиханның ерекшеліктері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу