Телефонмен сөйлесу әдебі
Телефонға шақырған кісіңізбен әңгіме бастамас бұрын ол кісінің ісіне кедергі келтірген жоқсыз ба, сізбен сөйлесуге уақыты бар ма соны анықтап алыңыз.
Телефонмен сөйлесу мүмкіндігінше қысқа болуы керек. Құрбыңызбен немесе сөйлесіп тұрған кісіңізбен асықпай әңгімелесіп тұрғаныңызда, сізге немесе ол кісіге аса маңызды мәселемен хабарласа алмай қалуы мүмкін екенін есіңізден шығармаңыз. Оның үстіне ұзақ сөйлесу желінің жүгін арттырады. Мысалы өзіңіз біреуге хабарласқанда алғашқы 2-3 санды тергеннен-ақ жиі соғылған гуілді естіген кезіңіз болған болар. Міне бұл желінің жүгі артуының бірден-бір белгісі.
Телефонмен бос әңгімелесудің қажеті жоқ. Егер кеңірек отырып сыр бөліскіңіз келсе, ол кісімен кездесіп, көзбе-көз сөйлескеніңіз дұрыс.
Таныстарыңызға тым кеш немесе тым ерте телефон соғуға болмайды. Мысалы: жұмыс күндері таңертеңгі сағат 8-ге, демалыс күндері таңертеңгі 10-ға дейін не кешкі 22.00-ден кейін телефон соғу әдепсіздік болып саналады (егер өте жақын туыстарыңыз болмаса). Егер телефон соққаныңызда 5-6 рет қоңырау барғанда жауап бермесе телефонды қойыңыз және бұл нөмірге енді хабарласпаңыз.
Егер біреу қателесіп сіздің телефоныңызға хабарласса дөрекілік көрсетпей сыпайы ғана «кешіріңіз, сіз нөмірден қателесіп кеттіңіз» деп жауап берген дұрыс.
Кейде телефонды таныстарыңызға хабарласпай баруға болмайтыны үшін ойлап тапқанын да естен шығармау керек.
Телефон соқпастан бұрын ойланып алыңыз:
Телефон соққаныңыз ол кісіге жаға ма?
Телефон соққан кісіңізді мазаламайсыз ба?
Телефон соққалы тұрғалы мәселеңіз жұртты мазалауға тұра ма?
Телефон арқылы қайғылы жағдайға ұшыраған кісіге көңіл білдіру дұрыс емес. Мұндай жағдайда өзіңіз келіп, ол кісінің қайғысына ортақтығыңызды білдіріп, қолдауыңыз керек. Егер тек өзіңіз науқастанып жатсаңыз немесе өзіңізге көмек керек жағдайда ғана телефонмен көңіл білдіру сөкеттікке саналмайды.
Телефонмен сөйлескенде шектен тыс сыпайылық мына жағдайларда ерсі болып саналады:
Телефон арқылы анықтама алғанда немесе телефонистпен сөйлескенде. Мұндайда тек қана нақты қажетті ақпаратты ғана сұрау керек. Айталық анықтама алғанда «менің кішкентай өтінішімді орындаудан бас тартпайсыз ба», «хабарлап жіберсеңіз қайтеді» сияқты ұзақ сонар кіріспе жасау орынсыз. Әрине «өтінемін», «рахмет» сияқты сыпайылық қажет ақ.
Төтенше немесе шұғыл жағдайларда да телефонсыз болмайды, бұл кезде де басы артық орағытусыз істің барысын нақты баяндаңыз. Оның үстіне төтенше жағдайда кез келген телефоны бар кісі шұғыл сөйлесу үшін өз телефонын пайдалануға беруі тиіс.
Маңызсыз мәселемен көршіңіздің үйінен телефон соғудың қажеті жоқ. Олар сыпайы кісі болғандықтан сіздің қоңырау соғуыңызға рұқсат бергенімен, сіздің мезгілсіз мазалағаныңыз отбасына ыңғайсыздың туғызуы мүмкін. Оның үстіне сіздің әңгімеңізді қалған кісілердің естуі тіпті де дұрыс емес. Сондықтан үйіңізде телефон болмаса, телефон автоматтан немесе ұялы телефонмен хабарласқаныңыз дұрыс.
Телефонмен сөйлесуді қалай бастау керек:
Телефон соққан кісі жауап берген кісімен сәлемдесіп, өзінің кім екенін таныстыруы керек. Мысалы: «Сәлеметсіз бе, мен Әсемнің құрбысы Маржанмын. Әселді телефонға шақыруға бола ма екен?» егер сол нөмірге түскеніңе күмандансаң «бұл Мәулетовтердің пәтері (үйі) ме екен?» деп сұрап алған жөн.
Телефон соққан кісі өзіне керек кісіні шақыруын сұрайды. Бұл өтінішті сыпайы сөздермен жеткізгені дұрыс. Мысалы: «Меруерт Нұржанқызын шақыруға бола ма екен», «рақым етіңіз, Назымды телефонға шақыруға бола ма», «қиын болмаса Айманды шақырып жібересіз бе», «Жұлдызаймен сөйлесуге бола ма екен» т.б.
Егер нөмірден шатысып кеткен болсаңыз себебін анықтауға тырысыңыз. Бірақ телефонға жауап берген кісіден бұл қандай нөмір деп сұрау әбестік болады. Ол кісі сізге өзі туралы ақпарат беруге міндетті емес. Керісінше өзіңізге керек нөмірді айтып «бұл осы нөмір ме» деп сұраған жөн. Мысалы: «кешіріңіз, бұл 28-47-12 нөмір ме екен?» Егер сізге «жоқ» деп жауап берсе, онда өзіңіз нөмірді тергенде қате жібердіңіз немесе байланыс дұрыс болмағаны. Ал егер «иә» деп жауап берсе, онда өзіңіз нөмірді қате жазып алғансыз. Мұндай жағдайда ол нөмірге қайта телефон соғып жұртты мазаламағаныңыз дұрыс болады.
Телефонға жауап берген кісі:
Телефонға «тыңдап тұрмын!» немесе «алло!» деп жауап берген дұрыс.
Сәлемдесуге жауап берген соң, телефон соққан адамның өтінішін орындау керек. Мысалы: «сәлеметсіз бе, бір минут…».
Егер сұраған адам үйде болмаса, телефон соққан кісіге жоқ екені айтып қана қоймай, ол кісінің шамамен қашан келетінін, қай уақытта телефон соққаны дұрыс болатиынын түсіндіргеніңіз жөн. Мысалы: «ол кісі қазір үйде жоқ, екі сағаттан кейін қайта телефон соқсаңыз болады».
Егер сұраған кісі үйде болғанымен телефонға жауап бере алмайтын болса, мысалы жуынып жатса не т.б. телефон соққан кісіге мұны айтудың қажеті жоқ. «Ол қазір сөйлесе алмайды, жарты сағаттан соң қоңырау шаларсыз» дегеніңіз орынды.
Сұраған кісінің үйде болмаған жағдайда телефонға жауап берген кісі телефон шалушыға өз көмегін ұсынғаны жөн. Мысалы: «оған бірдеңе айтасыз ба, ол өзі сізге хабарласса бола ма», т.б.
Егер телефон соққан кісі хабарлама қалдырғысы келсе оны жазып алып, ұмытпай жеткізу керек.
Мынадай әрекеттер әдепсіздік болып саналады:
Сізге жауап берген бала сияқты болып көрінсе де таныс емес кісіге телефоннан «сен» деп сөйлеу. Әсеріңіз алдамшы болуы мүмкін. Тек жақын достар ғана бір-біріне «сен» деп сөйлей алады.
«Апай», «ағай», «бикеш», «атай», «әжей» деген сияқты сөздерді қолданудан аулақ болыңыз, өйткені сіз телефонға кім жауап бергенін көріп тұрған жоқсыз, ал дауыстың алдамшы болуы мүмкін. Одан да бейтарап түрде «айтып жібермес пе екенсіз», «кешіріңіз», «айтып жіберіңізші» деген орынды болады.
Телефонда ұзақ отырып, достарыңыз бен туыстарыңызды адақтап соңғы жаңалықтарды айтып отыру.
Өзіңізге телефон соқпаса, телефон соққан кісіден «бұл кім» деп сұрау.
Біреуге телефон соғып, кім екеніңізді айтпастан «бұл кім?» деп сұрау дұрыс емес, мұндай жағдайда «сізге кім керек» деген қарсы жауап аларыңыз сөзсіз. Телефонға жауап берген кісі өзін сізге таныстыруға міндетті емес, себебі телефонды ол емес сіз соғып, жұртты мазалап тұрсыз. Ал егер телефон нөмірінен шатысып кеткен болсаңыз ше? Сондықтан телефонға кім жауап бергенін төгендеп тұрғанша, өзіңізге кім керек екенін айтыңыз.
Ұялы телефонмен қоғамдық орында қатты дауыстап сөйлесуге болмайды. Өйткені айналаңыздағы кісілерге кедергі келтіресіз, әрі сіздің біреумен әңгімеңіздің жұртқа не керегі бар. Мысалы: Жапонияда метрода ұялы телефонмен сөйлесіп, айналасындағыларға кедергі келтірген адамды қалған жолаушылардың сабап тастауы сияқты жағдайлар да кездескен. Олар бұл кісінің телефонмен сөйлесуін мылжыңдық және өздерін кемтсіту деп таныған.
Мейрамхана, шаштараз, кинотеатр мен театр, кинода отырып ұялы телефонмен сөйлесу әдепсіздік болып саналады. Өйткені қасыңыздағы кісілердің мұны жаратпай қалуы мүмкін.
Жеңіл әзіл, еріккеннен мазақ қылу үшін біреуге телефон соғу – нағыз әдепсіздік. Біреуге қоңырау соғып, аузыңа келгенді айта салу немесе әзілдегенде тұрған не бар деп ойлайтындар да болар, сіз үшін әрине онда тұрған ештеңе болмауы да мүмкін. Ал сіз телефон соққан кісіге қалай әсер етерін ойладыңыз ба? Мүмкін ол кісі аса маңызды қоңырау күтіп немесе өзіне бір жерге телефон шалу керек болар. Тіпті болмаса ол кісі демалып ұйықтап жатқан шығар. Сіздің орынсыз әзіліңіз бұған кедергі боларын ойладыңыз ба?! Егер өзіңізді түннің бір уағында осындай әзілкеш оятса қайтер едіңіз? Сонда өзіңіздің орынсыз әзіліңіздің қандай боларын түсінер едіңіз.
Телефон арқылы орынсыз әзілдің бір түрі «жедел жәрдемге», «өрт сөндірушілерге», «төтенше жағдай қызметіне» жалған шақыру жасау. Бұл барып тұрған өрескелдік. Себебі бұл қызметтер шақырылған жерге бару, құтқаруды ұйымдастыру үшін қанша қаражат жұмсайды. «Телефон тентектерін» оңай құрықтауға болатынын ұмытпа. Ол үшін үйге анықтағышы бар телефон аппаратын орнату жеткілікті. «Телефондағы тентектіктің», яғни жалған шақырудың артында үлкен жаза тұрғанын ұмытпаған жөн.
Әдетте телефон арқылы кештерге, мерекелерге, туған күн т.б. жағдайларда қонаққа шақырып жатамыз. Бірақ автоқабылдағышқа қонаққа шақырған хабарлама қалдыру сөкеттік. Кейде тіпті бұл хабаралма пайдасыз да болады. Өйткені сіз шақыруыңызды ол кісі қабыл алды ма, жоқ па, қонақтығыңызды қанша кісіге есептеу керек екенін де білмейсіз. Сондықтан қонаққа өзіңіз жеке сөйлесіп шақырғаныңыз дұрыс.