Сүйел және алдын алу шаралары

Oinet.kz 20-05-2020 4055

Статистикалық деректерге қарағанда сүйел жер бетіндегі адамдардың 10-12 пайызында кездеседі екен. Бала күнімізден таныс бет, қол-аяқ терісіне шығатын сүйелдің денсаулыққа аса зияны болмаса да сырт келбетімізге сызат түсіретіні анық. Әсіресе бет және қол саусақтарында кездесетін сүйелдің көзге оғаш көрінетіні тағы бар. Ғаламторды ашып қарасаңыз, сүйелді кетірудің 1001 айласын табуға болады. Оның ішінде, әсіресе, ел ішінде көп қолданатыны ырым, наным-сенімнен туған «процедуралар» көп. Ел ішінде сүйелді қызғандыру керек деген ұғым бар. Яғни, жаңа туған айға сүйелді көрсетіп тұрып «Менде сүйел бар, сенде сүйел жоқ» деп айтылады. Ел арасында сүйелді санауға болмайды деген нанымға да мән беріледі. Себебі, сүйелді санаса, оның көбейіп кетуі әбден мүмкін деседі. Сондай-ақ сүйелді бүгінде хирургиялық жолмен де алып тастауға болады. Ал кішігірім отаның зияны бар ма және ол қаншалықты тиімді?

unnamed (3).jpg

Сүйелді тудыратын вирус

Сүйел теріге және шырышты қабаттарға әсер етіп, зақымдайтын папиллома-вирусының салдарынан туындайды. Вирустың 150-ден асатын көптеген түрлері бар. Әрқайсысы дененің түрлі бөліктерінде сүйелдің әр түрлі түрлерінің пайда болуына әкеледі. Қарапайым сүйел дененің кез-келген бөлігіне шығады, бірақ бәрінен де саусаққа, алақанға, тізе мен шынтаққа жиі шығады. Себебі бұлар үнемі жарақаттанатын жерлер. Сүйелдің ішінде ұрық деп аталатын қара дақтар болуы мүмкін. Бұл – тығындалған кішігірім қан тамырлары. Қарапайым сүйел балалар мен жастарға, сондай-ақ жұмыс кезінде жиі шикі етпен байланыста болатын адамдарға шығады. Сондай-ақ, экзема, псориаз сияқты созылмалы тері ауруларына шалдыққан адамдар немесе иммундық жүйесі әлсіздерге де шығуы мүмкін. Және ол гигиена сақтамаған адамдарға да шыққыш келеді. Сүйел – жұқпалы. Ол тері үйкелгенде, жанасқанда жұғады. Сондай-ақ олардың тез тарауына жарақаттар да ықпал етеді.

Еріту, булау, күйдіру...

Сүйелге тері қабатына шығатын қабыну әсерінен болатын кең тараған косметикалық кемшілік деп қараған дұрыс. Сүйелді елемеуге болмайды. Себебі ол «балалап» терінің өзге аймақтарына жайылып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде ауру сезімін тудырады және өзге де тері ауруларына әкеп соғады. Сондықтан теріңізге сүйел шықса, бірінші кезекте дәрігерге қаралған жөн. Сондай-ақ дәрігерге мынадай жағдайда міндетті түрде жүгініңіз: егер сүйелдің түсі әркелкі болса, көлемі үлкейсе, бірнеше жерге қайталап шықса, ауырса, қанаса. Мамандар сізге терідегінің сүйел немесе басқа нәрсе екенін анықтауға көмектеседі.

Медицинада сүйелді кетірудің бірнеше хирургиялық әдісі дамыған. Олардың ішінде кең қолданылатыны криотерапия (сұйық азотпен еріту). Сұйық азот улы емес, иіссіз, жарылғыш қасиеті жоқ. Медицинада бұл элемент еріткіш және тіндерді ыдырату мақсатында қолданылады. Сол секілді ол сүйелді алуға да қатыса алады. Бұл процедура қарапайым, ауырсынусыз өтетін емдік шара. Қолайлылығы сол, «кіші отаға» аса дайындықтың қажеті шамалы, процедура тез әрі жеңіл өтеді. Азот салқын болғандықтан ешқандай ауыруды сезбейсіз (себебі салқындық анальгетикалық қасиетке ие), қан жоғалтпайсыз, сәтті жасалса денеде тыртық, іздер қалмайды.

Процедураны суыққа төзімсіздікте, ангиоспазм, гипертония, эпилепсияда жасауға болмайды. Егер пациенттің дене қызуы көтерілсе, жедел инфекциялық немесе вирустық аурулармен ауырып тұрса және сүйел шыққан тері аймақтары бөрткен болса емдік шараны кейінге қалдырған жөн.

Алдымен сүйел шыққан тері аймағы спиртпен сүртіледі. Арнайы аппараттың ұшымен сүйелге нитроген (сұйық азот) жағылады. Тері мұздай бастағанда сүйел бозарып қатаяды. Бұл кішкене ауыртады. Бірнеше минуттан кейін сүйел қызарып, ісінеді, бірнеше сағаттан кейін орны шар тәрізді үрленеді. Процедура тез аяқталғанымен жараның орны үш аптадан кейін жазылады. Бұл уақыт аралығында жараны тесуге, зәр тигізуге болмайды.

 Жараның қабығы ашылып кеткен жағдайда күн сайын екі рет бриллиантты жасыл дәрімен (зеленка), марганцовка немесе салицилді спиртпен сүртіп отыру қажет. Ескерте кететін жәйт – егер сүйелдің көлемі үлкен болса процедцураны қайталауға тура келеді.

Сүйелден лазердің көмегімен де құтылуға болады. Пациенттердің басым бөлігі осы әдісті қалайды. Себебі көшірқышқылды лазер теріні зақымдамай сыртқы бөлігіне ғана әсер етеді. Дәрігер сүйелді көмірқышқылды лазермен бірнеше күн булайды. Лазерлі сәуле паталогиялық тіндегі сұйықтықты буға айналдырады. Нәтижесінде сүйел кішірейіп, жоқ болып кетеді. Әйтседе жараның орны уақыт өте келе қалпына келеді. Лазерлі емнің жақсы жағы теріде ешқандай тыртық қалмайды және дененің кез-келген аумағына істей беруге болады. Мамандар булау тәсілі балаларға да қауіпсіз екенін айтады.

Электрокоагуляция – электрокоагулятордың көмегімен жасалатын процедура. Аты айтып тұрғандай, электрмен емдеу. Алдымен тері антисептикпен сүртіліп, жергілікті анестезия жасалды. Құрылғының ілмегін сүйелге басқан соң жоғары жиілікті ток беріледі. Ыстыққа сүйел ішіндегі зақымдалған тіндер күйіп, біртіндеп жансыздана бастайды. Токпен емдеудің аса зияны болмағандықтан бір мезетте бірнеше сүйелді кетіруге болады. Әдетте бір сеанстың өзі жеткілікті. Процедура алдында темір әшекей, заттарды денеден алып тастаған дұрыс. Әйтпесе күйіп қаласыз. Жараның орны шамамен 10 күннен кейін жазылады. Кейде коагуляциядан кейін жараның орны қышып, дызылдатып ауыруы мүмкін. Дәрігерлер мұны терінің тым сезімталдығымен, ал кейде маманның қандайда бір қателік жібергенімен түсіндіреді.

Сүйел шықса бірден хирургияға жүгінуге асықпаңыз. Себебі жоғарыда аталған процедуралар кейбір адамдарға қарсы көрсетілімі болады. Олар – қаны жиі ұйып қалатындар, онкологиялық аурумен ауыратындар, тері дерті герпестің және түрлі созылмалы аурулардың асқынған түріне шалдыққандар. Есіңізде болсын: сүйелі бар адамдарға массаж, парафин маскаларын жасауға болмайды.

 Не істеуге болмайды?

Сүйелді кесуге болмайды. Себебі оған инфекция түсіріп, жарақаттап алуыңыз мүмкін және ақыр соңында сүйелдің орны тыртық болып қалады. Оның үстіне өздігінен кесу сүйелдің таралу қаупін арттырады. Сондықтан сүйелді жарақаттамаған дұрыс. Себебі, дәрігер тағайындамаған кез-келген ем аллергия тудыруы мүмкін. Егер тері қызарып, қышыса ол дәріні қолдануды тоқтатып, бұл туралы дәрігерге айтқаныңыз жөн. Ал жүкті және бала емізетін әйелдер дәрігермен кеңесуі керек. Себебі жергілікті препараттар тері арқылы қанға сіңіп, бала жолдасының тосқауылы арқылы өтуі немесе сүтке түсуі мүмкін. Бұлардың бәрі балалар үшін қауіпсіз емес.

Сүйел өздігінен жоқ болып кетуі мүмкін бе?

Иә, мүмкін. Иммундық жүйе жақсы жұмыс істегенде сүйел өздігінен жоғалып кетеді. Адамдардың шамамен 20 пайызында сүйел екі-үш ай аралығында, ал кейбір науқастарда екі жыл ішінде жазылады. Сондықтан тек иммундық жүйені нығайту жеткілікті. Ол үшін дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, жақсы ұйықтау керек. Бұл ең жақсы үй медицинасы.

Сүйелден мәңгіге құтылуға бола ма?

Өкінішке орай, олар қайталанады және сүйелдің тағы шығатынын немесе шықпайтынын ғалымдар мен ақ халаттылар әлі дөп басып айтқан емес.

А.НҰР

Дұрыс тамақтану-денсаулық кепілі
Диабетпен күрескен ғалым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу