Қызылша ауруы жайлы не білеміз?
Қызылша – ауа – тамшы механизмі арқылы берілетін, клиникасы циклді ағымымен, қызбамен, интоксикация, катаральді белгілермен, макулопапулезді бөртпемен және ерекше энантемамен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Қызылша – жаппай таралған ауру. Бұрын ауырмаған және қызылшаға қарсы егілмегендер ауруға өте қабілетті, сондықтан олар кез келген жаста ауыруы мүмкін. Қызылшаға қарсы егу жүргізгенге дейін, 95% балалар 16 жасына дейін ауырған. Ал вакцинация жұмыстары кең жүргізілгеннен кейін ауру едәуір төмендеген. Бірақ қызылша ауруы сақталған және соңғы жылдары оның өсуі байқалады.
Қоздырғышы – парамиксовирус. Ауру көзі – науқас адам. Ол жасырын кезеңнің соңғы 2 күнінде, бөртпе шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін сыртқы ортаға қызылша вирусын бөледі. Бөртпенің 5 күнінен бастап аурудың жұғу қаупі жойылады.
Клиникасы – инкубациялық кезең 9-11 күн, иммуноглобулинмен алдын алу шараларын жүргізу барысында оның 15-21 күнге созылуы мүмкін. Клиникасы циклді түрде өтеді. Кезеңдері – катаральды, бөртпе шығу кезеңі, пигментация кезеңі. Катаральді кезең-дене қызуының 38-39 дейін көтерілуі, шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі, құрғақ жөтел, коньюктивит, склерит, жарықтан қорқу белгілері пайда болады. Сонымен қатар ауыз қуысында ұсақ қызыл дақты энантемалар (Бельский-Филатов-Коплик дақтары) пайда болады. Оның сыртқы түрі ұнтақ жармасына ұқсайды. Бөртпе пайда болысымен олар жойылады. Бөрту кезеңінде денеде макулопапулезді бөртпелер сатылы түрде пайда болады: 1-ші күні – бетте, мойнында, 2-ші күні – кеудеде, қолда, жамбаста, 3-ші күні – аяқ пен табанда. Бөртпе қай жерден басталса, сол жерден бастап қайтады. Пигментация кезеңінде бөртпелер ағарып, орнында пигментация пайда болады.
Аурудың алдын алудың ең тиімдісі – вакцинация. Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жас пен 6 жаста жоспарлы түрде жасалады. Егуі жоқ, толық вакцинация алмаған 30 жасқа дейінгі қызылша ауруымен қатынаста болғандарға алғашқы 72 сағат ішінде эпидемиологиялық көрсетулер бойынша қызылшаға қарсы егу жасалады.