Оқушылар санын қолдан көбейткен. Министрлік жекеменшік мектептерде заңбұзушылықтарды анықтады
Үкімет бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтуде. Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Oinet.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда жекеменшік мектептерде оқитын балалар саны 53 мыңнан 322 мыңға дейін көбейіп, ал осы салаға бөлінген бюджет қаражаты 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін артқан. Бұл – 20 еселік өсім.
Алайда 2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігі бақылаусыз қалған. Соның салдарынан аудит барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, кейбір білім беру ұйымдары оқушылар санын қолдан көбейтіп, мектеп ғимараттарының нақты сыйымдылығын ескермей, орын санын үш еседен артық көрсеткен.
Сонымен қатар жекеменшік мектептердің бір бөлігі бюджеттен қаржы алып отырып, салық органдарына табысын төмендетіп көрсеткен, ал күрделі жөндеу жүргізудің орнына жобалық-сметалық құжатсыз косметикалық жөндеумен шектелген.
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жекелеген жағдайларда мемлекеттік қаржыландыру білім сапасын арттыру құралы емес, табыс көзіне айналған. Мұндай заңбұзушылықтарға мемлекеттік органдардағы жауапты тұлғалардың немқұрайдылығы немесе қатысы болуы мүмкін.
Қазір тексеру шаралары жалғасуда. Аудит қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау және бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар дайындайды.


