МӘМС қоры Қаржы министрлігіне өтеді: Президент шешімді дұрыс деп атады
Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімі орынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

Президенттің сөзінше, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеру барысында көптеген заң бұзушылық пен қаржыны теріс пайдалану деректері анықталған. Атап айтқанда, қызмет көлемін қолдан ұлғайтып көрсету, сондай-ақ мемлекеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқыру мақсатында құжаттарды әдейі қолдан жасау фактілері тіркелген. Экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және денсаулық сақтау саласын дамыту үшін ел бойынша қомақты ресурс жұмылдырылып отырған кезеңде әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың ашық түрде талан-таражға салынуы мүлде жол беруге болмайтыны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет 7,8 трлн теңге бөлген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық схемалары арқылы пайда тапқан барлық тұлғаны толық анықтауды тапсырды. Президент Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің құзырына беру жөніндегі шешімін қолдайтынын білдіріп, Қорда қалыптасқан жағдайды әлеуметтік сала басшыларының кәсіби жауапкершілігінің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге немқұрайлы қараудың салдары деп бағалады.


