Шардара 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылады
Балығымен талайды тамсандырған Шардара ауданының тұрғындары енді көгілдір отыннан таршылық көрмейтін болды. Себебі өңірде №18 газ тарату станциясы салынып жатыр. Жоба іске қосылғанда Шардара қаласы мен 11 елдімекен көгілдір отынның қызығын көретін болады. Жақында Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ауданға пресс-тур ұйымдастырды. БАҚ өкілдеріне аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Каратунов құрылыстың жұмыс кестесіне сай, сапалы түрде атқарылып жатқанын жеткізді.
"Халықты газбен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Достық, Сүткент, Қызылқұм, Ақалтын, Егізқұм ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстарын бастадық. Мұндағы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қазір салынып жатқан станцияда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы 2023 жылға қарай ауданда газ мәселесі 100 пайызға шешілетін болады", - деді Еркебұлан Каратунов.
№18 газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған. Жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. 912 млн. 634 мың теңге қаралған. Ал жалпы қазіргі таңда ауданда әзірге 3 елдімекен толығымен табиғи газбен қамтылған. Бұл ауылдарға №17 газ тарату станциясы арқылы көгілдір отыр жеткізіліп отыр.