Сайрамдық кәсіпкерлер Түркия мемлекетіне іссапармен барды
Түркістан өңіріне инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен, «Turkistan Invest» ЖШС ұйымдастыруымен Түркістан қаласы, Ордабасы және Сайрам аудандарынан бір топ кәсіпкерден құралған Түркістан облысының делегациясы Түркия мемлекетіне іссапармен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу. Іссапар Ыстамбул қаласындағы кәсіпорындарды аралаудан басталды.
Онда ғимараттар мен жолдарға арналған бояуларды өндіретін кәсіпорынмен жұмыс жүргізу мақсатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы меморандумға қол қойды.
Алғашқы күндері Түркия мемлекетіндегі Ыстамбул, Коджаели қаласының бизнес өкілдерімен арнайы кәсіпорындарда іскерлік кездесулер өтті.
Делегация Коджаели қаласында ораласқан кондитер, желатин өнімдерін шығаратын кәсіпорнын және трансформатор құрылғыларын өндіретін фабрикалаларды аралап көрді. Аталған компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында Ордабасы ауданының әкімімен меморандумға қол қойылды.
Мекеме басшылары алдағы уақытта Түркістан қаласына іссапармен келуге ниетті екенін айтты. Одан бөлек, «Түркі мемлекеттер Одағы» бас хатшысының орынбасары Мерей Мукажанның қабылдауында болды.
Бүгінде әлемдік деңгейдегі өндіріс орындарын аралап, 2 үлкен тұрмыстық-санитарлық өнімдерді шығаратын зауытпен және кілем фабрикасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар келесі жылдың наурыз айына Қазақ-Түрік инвестициялық бизнес форумын ұйымдастыру жоспары талқыланды.
Делегация Гебзе қаласында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда алдыңғы орындағы зауыттардың жұмысымен танысып, қоймаларында болды. Олардың қатарында жұмысын толық жасанды интеллект арқылы жүйелендірген зауыт жүйесін көрді. Түркияның ең көп қолданыстағы танымал платформасымен танысты.
Кездесулердің нәтижесінде нақты келісімдерге қол жеткізілген жобалар келер жылдан бастап іске асырыла бастайды. Ал бұл сапар Түркістан мен Түркия арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің дамуына серпін беретін бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға негіз болмақ.
Сайрам ауданы - облысымыздағы экономикалық әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған ірі аудандардың бірі. Аудан аумағы 114 761 гектарды құрайды, 11 ауылдық округ, 42 елді мекеннен тұрады. Ауданда 239 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының 11 пайызын құрайды. 2024 жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сәйкес орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, бюджеттің кірістер бөлігін ұлғайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы 203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (былтырғы жылдың 9 айында 170,4 миллиард теңге). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының үлесінде.
Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемі индексі 129,8 пайызға артып отыр. Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында ауданымыз Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан 1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.
Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар жерге картоп). Жыл басынан 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілді.
Аудан аграрлы аймақ болғандықтан ағын су мәселесі өзекті. Коммуналдық меншікте 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы (70 пайыз) жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы 96 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Облыстық бюджеттен 527,7 миллион теңгеге «Ақбай-Қарасу» каналының 4,8 шақырымына бетондау жұмыстары жүргізілді (2023 жылы-131,8 миллион теңге, 2024 жылы–376,2 миллион теңге). Нәтижесінде 230 гектар егістік жердің су жеткізу қабілеті жақсарды. Сонымен қатар, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық құжаттамалар әзірленуде. (Аламан,Жоғарғы Аққала,Төменгі Аққала,Бауарық,Әсіл,Теспе,Сай, Закира). Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Ауданда 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі 693,4 мың гектарды құрайды (Мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың.гектар. Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 гектар). Аудан бойынша барлығы 9971 гектар жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 гектар жер учаскесі (2022 жылы-722 гектар, 2023 жылы- 4184 гектар, 2024 жылы 358 гектар) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 гектар жайылымды қайтаруға сотқа дейінгі келісім рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Биыл 500 гектар жайылымды ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, жыл басынан 358 гектар жер қайтарылды. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда.
Өнеркәсіп саласында 41,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген. Шағын кәсіпкерлікте 20 147 белсенді субъектілерімен 115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. 2024 жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында 55 кәсіпкерге 5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам). Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестицияның
38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артуда. Ағымдағы жылға өзіндік кірістер жоспары 11,2 миллиард теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлік нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, мүлікті қайта бағалау және басқада атқарылған іс шаралардың нәтижесінде 3 жылда өзіндік кірістер көлемі 5,5 миллиард теңгеге, яғни 2 есеге ұлғайып отыр. Өз кезегінде кірістердің ұлғаюы ауданның әрі қарай дамуына септігін тигізуде.
Ағымдағы жылға арналған аудан бюджетінің кірістер көлемі 21,8 миллиард теңгені құрады, оның 11,2 миллиард теңгесі өзіндік кірістер болса, 10,5 миллиард теңгесі трансферттер сомасы.