Жылыжайы жайқалған Сайрам

Oinet.kz 22-11-2024 226

image.png

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және азық-түлік саласында импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Жыл өткен сайын облысымыздағы жылыжайлардың көлемі артуда. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысыныңүлесінде. облыста 1640 гектар жылыжай бар, оның ішінде 634 гектары – көмірмен жылытылады. Бүгінде жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба» шеңберінде мемлекеттік грант алып, өңірлерде кәсібін бастағандар саны күн сайын артып келеді. 

   Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы нағыз ауыл шаруашылығы қайнаған аудан. Мұнда жеміс жидектің неше атасы өсіріледі. Тіпті цитрустық жемістердің біраз түрі осында жайқалып тұр. Алма бауының басым бөлігі де осында. Ал жылыжай шаруашылығын дамытуда аудан кәсіпкерлерінің алдына түсері жоқ. 2021 жылы Қарасу ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында ЖК «Валиев» жылыжайы ашылған болатын. Басшысы Валиев Селимхан. Мұнда қызанақ және қияр өсіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, 5 гектар аумақты ұзақ мерзімді пайдалану құқығымен алып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Осы жердің 60 соттық бөлігі жылыжай, қалған 2,5 гектары ашық суармалы жер. Жерлеріне көкөністің дақылдарын егіп, көшеттерін өсіріп, өнімін шығарады. Өнімнің тұқымына да баса мән беріледі. Егер жоғары сұрыпты жақсы тұқым болса өнім де мол болмақ. Оған қоса баптауында да көп еңбек бар. Жылыжайда бірінші айналымында қиярдың «Семеренко» сортын еккен. Екінші айналымында «Умагна» голландиялық сортынан 13 мың түп қызанақ егіпті. Ал, ашық суармалы жеріне жаз айларында картоп, қияр, қызанақтың бірнеше сорттары, болгар бұрышы, жүгері, бақша өнімдерінен қарбыз өсіреді. Өнімді өсіру бар да, оны сақтайтын қойма әлбетте болуы керек. Көп кәсіпкерлер осы жағына мән бермейді. Қойма болса өнімді ұзақ уақыт сақтауға болады. Кәсіпкер шаруашылығын дамытуға 120 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Осы қомақты қаражатқа жылыжай және қойманың құрылыстары жүргізілген. Заманауи жылжыайда барлық жағдай жасалынған. Электр жарығы тартылған. Самаладай жарқырап тұр. Қыс маусымында жылыжайды көмірмен жылытады. Оны да алдын ала қамдап алу керек. Маусым кезінде қатты отынның бағасы да қымбаттап кетеді. Сондықтан да жаз айларында көмірді сатып алып қояды. Жылуды бірқалыпты ұстау үшін тәулігіне 2-2,5 тонна көмір жағады. Сонымен қатар, су ұңғымасы орнатылған. Жылыжайдың жеріне тамшылатып суару әдісін қолданады. Бұл өте тиімді әдіс.  Жақсы күтімнің арқасында қияр дегенің салып кеп берді. Жалпы 40 тоннаға жуық қияр өнімі терілген. Оны сатып алушылардың да қатары көп. Өндірілген өнімдері облыстан бөлек, Қарағанды және Астана қалаларына сауда орындарына шығарылады. Жергілікті көкөністі қайта өңдейтін консерві цехтарынан да сұраныстар көп. Яғни, банкаға жауып пайда табатындар ақ сауданы өкіртеді. Көкөністі түрлі зиянкестер мен аурудан қорғайтын, өсімін жақсартатын «Ягуар» тыңайтқышы, кальций, магний, жапырақтардың күтіміне арналған бірнеше дәрумендер беріледі. Еккен өнімнің бабын тапсаң, бағы жанады. Суғаруын да, тыңайтқышы да, дәрумендерді де қалай беру қажеттігін білу қажет. Сонда ғана өнім мол болмақ. Жылыжай шаруашылығында 25 адам жұмыспен қамтылған. Жылыжайдың жұмысшыларына 3 мезгіл, ал ашық далалы жердің жұмысшыларына 1 мезгіл тамақтандыру мәселесі және тасымалдау қызметі қарастырылған. Түскі асқа үйіне барып уақыт жоғалтпайды. Жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ыңғайлы.  

Кәсіпкер шаруашылығын дамытуға 120 миллион жуық қаржы жұмсаған. «Бұл жер негізінен мемлекеттен 49 жылға жалға алынған. Мен сол жалға алған адамнан сатып алдым. Алғашқы жылды жылыжайдың құрылысын жүргізіп, жерді өндеуге арнадық», – дейді диқан. 

Диқан жылыжайдан бөлек, егістік алқапқа да түрлі көкөністер еккен. Бір қызығы араларында жүгері еккен. «Қызанақ пен қиярдың ыстыққа төзімді немесе керісінше аптап ыстыққа шыдамайтын түрлері болады. Соған қарай оларды саралай отырып ерте көктемде және жазда егеміз. Дегенмен, көкөністердің барлығы шілденің шіліңгір ыстығында күнге күйіп кетуі мүмкін. Сол себепті жүгеріні күн сәулесін ұстап, қиярға көлеңке түсіріп тұру үшін егемін. Әрі біз одан өнім аламыз», -- дейді жеке кәсіпкер. 

«Жылыжайда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Бізде бұл жүйе толық автоматтандырылған. Жылыжай жанынан қора салмақпыз. Онда 60 сиыр ұстап, сүтін зауыттарға өткіземіз. Осылайша, біз ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп отырмыз, –дейді диқан. 

Селим Валиев 17 жыл Нұр-Сұлтан қаласында жаттықтырушы болып жұмыс істеген екен. Оңтүстікке келгеніне 8 жыл болыпты. Алғашқы жылы егістікті Төлеби ауданындағы жеріне еккен. Бұл өңір тауға жақын болғандықтан, көкөністер мерзімінен кешеуілдеп пісіпті. Оның үстіне, оларды қалаға әкеліп өткізу де оңайға соқпаған сияқты. Сондықтан ол Сайрам ауданынан жер алуды ұйғарған. Әрі мұнда көкөністерді жүк көліктеріне тиеп, өзге өңірлерге алып кететіндер көп. 

Шаруа алдағы уақытта жылыжай көлемін 2 гектарға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл кезде 25-30 адамға тұрақты жұмыс береді. 

Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауыл шаруашылығы дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды. Осы ретте айта кету керек, әлем бойынша жылыжай салу жөнінен Қытай алдыңғы орында тұр. Бұл елдің жылыжай алқабы шамамен 1,5 млн. гектарды құрайды. Бұл салада  АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де жетекші мемлекеттер болып табылады.

Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та  өте тиімді. Шағын жылыжай бір отбасыны ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.

2024 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 747,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 76,7 миллард  теңгеге артты. Өңірлер арасында облыс республика бойынша 1-орынға шықты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортында да жақсы көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, $230,1 миллионға 680 мың тонна өнім экспортталып, тиісті кезеңнен 103,1 пайызға ұлғайды.

Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде: жаздық дақылдар – 493 мың га, күздік егіс – 202 мың гектар, ескі жоңышқа – 175 мың гектар.

Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар – 9,1 мың гектарға (283 мың га), мал азықтық дақылдар – 6,1 мың гектарға (230 мың га), көкөніс, картоп, бақша дақылдары – 4,4 мың гектарға (131 мың гектар) артығымен орналастырылды.

Дәнді дақылдар 123 мың тоннаға артып, 929 мың тонна өнім; көкөніс-бақша дақылдары 130 мың тонна артып, 3,5 миллион тонна өнім; жеміс, жүзім 14,2 мың оннаға артып, 192 мың тонна өнім жиналды. Мал азығы 100 пайыз  немесе 5,5 миллион тонна дайындалды.

Мақтаны жиын-терім жұмыстары жүргізілуде, 28 центнерден 300 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Осы жылы тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта 1,9 мың гектарға егілді. Технологияның тиімділігі суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. 2030 жылға қарай мақта дақылы жаңа технологиямен 63 мың гектарға егіліп, облыстың орташа өнімділігі 45 центнерден 765 мың тонна өнім алынатын болады.

Баршаға мәлім, облыстың климаттық ерекшелігі қарқынды бау және жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Өңірде қарқынды баудың көлемі 5,7 мың гектарды құрайды. Өнімділік дәстүрлі бауларға қарағанда 5 есеге жоғары немесе 300-350 центнерге дейін өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. 150 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігінің 42%-ын қамтамасыз етеді.

Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, 264,8 миллиард  теңгеге 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан 6 150 жұмыс орны құрылады. Соның нәтижесінде жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім өндіріліп, республика халқы маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады.

Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биыл жылыжай шаруашылықтарынан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон өндірілді.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесі Үкіметте қаралып, нәтижесінде жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа 2023 жылы 500 млн теңге бөлінді.  Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау мәселесі келісілді. Сонымен қатар нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 380 жұмыс орнымен 45 жобаны іске асыру жоспарланған болса, оның 13 жобасы іске қосылып, 136 жұмыс орны құрылды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттырған - «Ауыл аманаты»
Сайрам ауданындағы ауылдарға газ жеткізуші құбырлары іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу