Ауыл тұрғындарының табысын арттырған - «Ауыл аманаты»

Oinet.kz 20-11-2024 178

image.png

Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтініш жолдаған. Облыс  бойынша алғаш несие алған азаматтар арасында Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов бар.

Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы саласы бойынша 8,6 миллион  теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтініш жолдаған. Нәтижесінде облыстық комиссияның оң шешімімен 8 миллион теңгеге қол жеткізген.

Кәсіпкер алған қаржысына Ақмола облысынан 16 сауын сиыр әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, оны «Натур Продукт» ЖШС-не өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Сайрам ауданы бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылға пилоттық жобаға қатысу үшін арнайы скриниг жүргізіліп, нәтижесімен Манкент, Қарамұрт, Қарасу және Арыс ауылдық округтері ұсынылған болатын.

 Олардың бекітілген бағыттары бар. Яғни, Манкент ауылында «Таза Өнім 2024» атауымен (балық, құс және тұрғындардың өз кәсібін ашу), Арыс ауылында «Арыс Бизнес Агро» (өсімдік, мақсары майын шығару, балық шаруашылығын дамыту), Қарамұрт ауылында «Қарамұрт Жаныс Агро» (сүтті қайта өңдеу, балық шаруашылығын дамыту), Қарасу ауылында «Аят-Агро Соm» (өсімдік, консерві өнімдерін дайындау, балық шаруашылығын дамыту) кооперативтері құрылған.

Аталған төрт ауылдық округі бойынша жоба аясында жалпы 266 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 234 азаматтың 1,2 миллиард теңгені құрайтын жобалары дайындалып, «Ырыс» МҚҰ-на ұсынылған. Соның 189 жоба (1,1 миллиард теңге) мақұлданып, оның 132 жобасы (757,6 миллион теңге) нақты қаржыландырылды.

Солардың бірі Көлкент ауылының кәсіпкері Темірхан Сәрсенов ұлттық жоба аясында 5 миллион 600 мың теңге көлемінде 2.5 пайызбен несие алған. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер 80 бас ірі қара мал сатып алып, қой санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Аталған жоба тек ауылшаруашылығын ғана демеп отырған жоқ. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына да көңіл бөліп отыр.  Көлкенттік тіс дәрігері Маружон Имамов кәсіпкерлік бағытта 7 100 000 теңге көлемінде ұлттық жобая аясында несие рәсімдеген. Кәсіпкер қаржыға стоматология жабдықтарын қосымша кеңейту мақсатында алып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты − ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бағдарлама басталғалы ауыл-аймақтарда мыңдаған шаруа мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашып, шаруашылығын дамытты. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылғы өндірілген өнім көлемі жағынан Түркістан облысы 13,3% көрсеткішпен республикада көш бастады. Өткен жылы Республикалық бюджеттен аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 миллиард теңге бөлініп, жалпы 3 256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3 413 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында өткен жылы шаруалар — 1 триллион 158,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында кооперативтер негізінде дамуға басымдық берілмек.

Кооперативтерге 992 миллион теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтар сатып алынды. Биыл бағдарлама аясында республикалық бюджеттен өңірге 10,6 миллиард теңге бөлініп, егін, мал, құс және балық шаруашылығына, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтауға бағыттау көзделіп отыр. Жобаның бұл жылғы ерекшелігі — кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу мақсатында өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі жұмыс іске қосылды.

Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Ал несиенің шарттары мынадай: пайыздық мөлшерлемесі – 2.5  пайыз. Мерзімі – 5-7 жыл. Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге. Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. 

 «Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. 2100-ден астам жоба ауыл шаруашылығы қызметінің осы түрімен байланысты.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.

Сонымен қатар ауданда  жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік грант өз нәтижесін беріп жатыр. Осы орайда, Сайрам ауданындағы Ақсукент тұрғыны, көпбалалы ана Ақжан Әзімбай  «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған.

Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа кондитер өнімдерін ашуға өтінішін білдірген. Жоба қолдау тауып, мүмкіндігі шектеулі бала қараушы және көпбалалы ана санаты бойынша қаржыландырылған.

Кәсіпкер мемлекеттен алған қаржысына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібін бастады. Пеш, қамыр араластырғыш және тағы да басқа жиһаздарын сатып алған.

— Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осындай көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек, — дейді грант иегері.

  Мемлекеттен берілетін қайрамысыз грант алу үшін алдымен өтінім беру қажет. Ол үшін: порталда тіркелу; грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу; өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою. Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады: тіркелген жұмыссыздар; жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін). Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері; көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы); мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру. Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады. Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Ауыл шаруашылығы өрге жүзген аудан
Жылыжайы жайқалған Сайрам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу