Ауыл шаруашылығы өрге жүзген аудан

Oinet.kz 15-11-2024 9

image.png

Сайрам – облысымыздағы ауыл шаруашылығы өркендеген ең іргелі аудандардың бірі. Өңірде өндірілетін өнімдермен өзімізді ғана қамтып отырғанымыз жоқ, өзге аймақтарға да жіберілуде. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту бірегей жолға қойылған. 

2011 жылы ашылған «Хаят» шаруа қожалығы да осы саланың тіс қаққан шеберлері қатарында. Мал бордақылаумен айналысатын қожалық Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан. Мекемеге Аликулов Зиятулла иелік етеді. Қазіргі таңда жоба құны 400 миллион  теңгеге бағаланып отыр. Мұнда өндірілетін өнім көлемі жылына 350 тоннаға жеткен. Ел көлемінде танымал шаруа қожалығы етті бағытта мал бордақылау алаңына айналған. Бүгінгі күні бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтып, 600 бас ірі қара мал ұстап отыр.

Сансыз баптар мекені атанған Сайрам ауданының халқы еңбекқорлығымен, жаңалықты жатырқамай қабылдайтын жаңашылдығымен, қай іске болса да бейімділігімен көпке үлгі. 

Елімізде жылыжай өнімдерін өсіру мен тамшылатып суғару әдісін алғашқылардың бірі болып тәжірибеге енгізген де солар десек қателеспейміз. Өз жұмысын 2020 жылы бастаған «Малике» шаруа қожалығы бүгінде өңірімізбен қатар еліміздің бірқатар облыстары мен қалаларын көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Жылыжай агрономы Рүстем Садықов мұнда  3 гектар жерге   голландиялық қызанақ тұқымын  еккен екен. 

– Біздің жылыжай жыл бойы өнім алуға бағытталған. Алғашқыда қызанақ пен қиярды қатар еккен болатынбыз. Қазір бар назарымызды голландиялық қызанаққа аударудамыз. Оңтүстік аймақтың ауа-райына осы тұқым қолайлы, – дейді жылыжай агрономы Рүстем Садықов. 

Жылыжайда 25 жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған. Маусымдық жұмыстар кезінде олардың қатары екі есеге көбейеді екен. Рүстем Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде агроном мамандығы бойынша білім алған. Кейіпкеріміз алғашқыда бұл кәсіпті іс жүзінде игеріп алып кету оңайға соқпағанын айтады. «Жетістіктің барлығы тынымсыз ізденіспен келеді. Өз кәсібіне сүйіспеншілікпен қараған, кездескен қиындықтардан қашпасаң адам ғана мақсатына жетеді» дейді.

Шаруа қожалығы 3 гектар жерге 2020 жылдың соңында түркиялық агрономдармен бірігіп, бірінші рет қияр еккен екен. «Малике» шаруа қожалығының қиярлары тек Оңтүстік өңірлерге емес, Қырғызстан Республикасына да жөнелтілген.

Сайрам ауданы – ауылшаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Аталған салада жыл басынан бері 103,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыста көш бастап тұр. Сонымен қатар, аудандағы жылыжай шаруашылығы да биылғы жылдың 9 айында жоспарды асыра орындап, нәтижесінде аймақтағы жылыжай көлемі 75,7 гектарға жеткен. Сондай-ақ, мал шаруашылығындағы оң нәтижелер бар. Ауыл шаруашылығы өнімінің 57 пайызы мал шаруашылығында өндірілді. Сайрам ауданы еліміздегі ең ірі мал сою орындары бар өңір. Сондықтан мұнда бұл салаға байланысты біршама үлкен жобалар қолға алынуда. 2024-2025 жылдары мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу жоспарланып отыр. 

Аудан аумағында асыл тұқымды ірі қара мал  басын арттыруға бағытталған іс-шаралар негізінде   Қарабұлақ ауыл округіндегі орналасқан «Зафар» шаруа қожалығы және ЖК «Раимкулов»  шаруашылықтары  шет мемлекеттен 212 бас асыл тұқымды аналық мал басын сатып алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 

Сондай-ақ ауданда   құрғақ жем шығаратын цех жұмыс істейді. жеке кәсіпкер «ЖК АБДУКАДИРОВ» зауытының бүгінде ісі жолға қойылған. Жоба құны жылына 80 мың тонна. Өнім Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек аудандарына және Жамбыл, Солтүстік Қазақстанға жіберіледі.

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округіндегі "Жавланбек Ата" шаруа қожалығы директоры Қаратаев Насриддинның бастамасымен – 50 бастық жанұялық сүт фермасын құрды.  Мұнда 50 бас сиырдан 180 тонна сүт өндіріледі. Аталған жоба, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландыру есебінен жүзеге асырылып отыр.

Сайрам ауданында  жұмыссыздарды жұмыспен қамту шараларына сәйкес Ұлттық жобалар бойынша 2024 жылға 4194 жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 9 айда 3667 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, жылдық жоспар 87,4 пайызға  орындалды. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бастамасымен жаңа жұмыс орындарын ашу іс-шарасында 1935 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса,  9 айда 1781 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында биыл 9 айда  жұмыспен қамту шараларына 10 877 азамат тартылып, жылдық жоспар 95 пайызға орындалды (жоспар 11 497 адам). Оның ішінде 1038 адам жастар практикасына, 1400 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 427 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 168 адам алғашқы жұмыс орындарына,    194 адам «Күміс жас» жобасына тартылып, 9 айдың жоспары орындалды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздықұрады.

Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы  203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (былтырғы жылдың 9 айында 170,4 миллиард теңге). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының  үлесінде.

Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда нақты көлемі индексі  129,8  пайызға артып отыр. Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында ауданымыз Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан  1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.

Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар  жерге картоп). Жыл басынан 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілді.

Аудан аграрлы аймақ болғандықтан ағын су  мәселесі өзекті. Коммуналдық меншікте 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы (70 пайыз) жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы 96 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Облыстық бюджеттен 527,7 миллион теңгеге «Ақбай-Қарасу» каналының 4,8 шақырымына бетондау жұмыстары жүргізілді (2023 жылы-131,8 миллион теңге, 2024 жылы–376,2 миллион теңге). Нәтижесінде 230 гектар егістік жердің су жеткізу қабілеті жақсарды. Сонымен қатар, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық құжаттамалар әзірленуде. (Аламан,Жоғарғы Аққала,Төменгі Аққала,Бауарық,Әсіл,Теспе,Сай, Закира).  Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Ауданда 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі  693,4 мың гектарды құрайды (Мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың.гектар.  Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 гектар). Аудан бойынша барлығы 9971 гектар жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 гектар жер учаскесі (2022 жылы-722 гектар, 2023 жылы- 4184 гектар, 2024 жылы 358 гектар) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 гектар  жайылымды қайтаруға сотқа  дейінгі келісім  рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Биыл 500 гектар жайылымды ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, жыл басынан 358 гектар жер қайтарылды. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда. 

 Өнеркәсіп  саласында 41,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген.  Шағын кәсіпкерлікте  20 147 белсенді субъектілерімен  115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. 2024 жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында  55 кәсіпкерге  5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. 

Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға  155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам). Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестицияның 

38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Аудан бюджетінің  өзіндік кірістері артуда. Ағымдағы  жылға өзіндік кірістер жоспары  11,2 миллиард теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлік нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, мүлікті қайта бағалау және басқада атқарылған іс шаралардың нәтижесінде 3 жылда өзіндік кірістер көлемі 5,5 миллиард теңгеге, яғни 2 есеге ұлғайып отыр. Өз кезегінде кірістердің ұлғаюы ауданның әрі қарай дамуына септігін тигізуде. Ағымдағы  жылға арналған аудан  бюджетінің кірістер көлемі  21,8 миллиард  теңгені құрады, оның 11,2 миллиард теңгесі өзіндік кірістер болса, 10,5 миллиард теңгесі трансферттер сомасы.

Ұн да май да шығарады
Ауыл тұрғындарының табысын арттырған - «Ауыл аманаты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу