Маңғыстау облысында халық сеніміне ие болған екі әкім жаңадан сайланды

Oinet.kz 19-11-2024 9

Маңғыстау облысында 15 қыркүйекке белгіленген аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің сайлауы өңірдің 2 ауданда ұйымшылдықпен өтті. 

Screenshot_7.jpg

Атап айтқанда, Бейнеу ауданының Тұрыш ауылы мен Қарақия ауданының Жетыбай ауылдық округі әкімдерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты әкім сайлаулары тағайындалған болатын. 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жармағанбет Айтуаровтың айтуынша, қос ауылдық округ әкімі лауазымына барлығы 7 кандидат тіркелген. Оның бірін Amanat партиясы ұсынған болса, 6 кандидат өзін-өзі ұсынған. 

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау Маңғыстау облысының аудандарында бүгінгі күнге дейін ұйымшылдықпен өткізілуде. Мәселен 15 қыркүйекте Бейнеу ауданының Тұрыш ауылының әкімі лауазымына кандидат ретінде 3 азамат тіркелген еді. Оның екеуі өзін-өзі ұсынса, біреуі саяси партия атынан қатысты. Өзін-өзі ұсынғанның бірі – 27 жастағы Бейнеу ауданы әкімі аппаратының терроризмге қарсы іс-қимыл, жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бөлім басшысы Рахымжан Исембайұлы Жұмағазиев. Екіншісі – 31 жастағы Бейнеу ауылы әкімі аппаратының бөлім басшысы Нұрмухан Адилханұлы Копжурсинов. Ал Amanat партиясы ұсынған 43 жастағы Тұрыш ауылы әкімі апаратының бас маманы Женис Жолдиевич Утеулиев. 

Бейнеу аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 113-10-бабына сәйкес, Бейнеу ауданы, Тұрыш ауылы әкімін сайлау нәтижесі туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындысы жарияланды. Яғни, Тұрыш ауылы бойынша сайлаушылар тізіміне енген 314 азаматтың 287-сі дауыс беруге қатысты, - дейді комиссия төрағасының орынбасары. 

Ал сайлау қорытындысына қарайтын болсақ, бұл сайлау округінде 4 бюллетень жарамсыз деп танылса, 3 азамат бәріне қарсымын жолына белгі соққан. Сонымен, сайлау нәтижесі бойынша Жұмағазиева Рахымжана Исембайұлы сайлаушылардың 21, Копжурсинов Нурмухан Адилханулы 18, ал Утеулиев Женис Жолдиевич 241 дауысын жинаған. Сөйтіп, Тұрыш ауылының әкімі болып 1981 жылы туған, Тұрыш ауылы әкімі аппаратының бас маман, Amanat партиясы ұсынған Утеулиев Женис Жолдиевич сайланды.

Енді, осы күні өткен Қарақия ауданының Жетыбай ауылдық округі әкімінің сайлауына тоқталар болсақ, округ әкімі лауазымына 25 тамызда 4 кандидат тіркелген. Барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Жеке деректеріне тоқталсақ, кандидаттың бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Қарақия аудандық бөлімшесінің бас маманы Талғат Бекқалиұлы Кошкинов. Екіншісі – «Маңғыстау облысының еңбек мобильді орталығы» КММ-нің «Қарақия аудандық мансап орталығы» филиалының директоры, 33 жастағы Нұрбол Қонарбайұлы Қонарбаев. Үшіншісі – Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы 29 жастағы Айдын Смағұлұлы Смағұлов. Төртіншісі – З.Бекарыстанұлы атындағы №3 орта мектептің бас есепшісі, 56 жастағы Агзам Рзагалиевич Туреханов. 

- Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Осы талаптың жауапкершілігін сезіне білген Маңғыстау облысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау заң шеңберінде әділ өткізіліп келеді. 15 қыркүйекте өткен Қарақия ауданы Жетібай ауылы әкімінің сайлауы жоғары денгейде ұйымшылдықпен өткенін көрдік. Сонымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының Қарақия ауданы Жетібай ауылы әкімінің сайлауы нәтижелері туралы хаттамалары негізінде Қарақия ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын шығарды. 

Онда сайлаушылар тізіміне енген 7542 азаматтың 3316-сы дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Мұнда жарамсыз бюллетеньдер саны - 53, «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны – 40 болды. Әрбір кандидат үшін берілген дауыстар санына қарайтын болсақ, Кошкинов Талгат Беккалиұлы сайлаушылардың 2540, Смағұлов Айдын Смағұлұлына 272, ал Туреханов Агзам Рзагалиевичке 411 дауысын жинай алды. 

Сайлау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылының әкімі болып Кошкинов Талгат Беккалиевич сайланды, 1974 жылы туған, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Қарақия аудандық Жетібай ауылы секторы, бас маман, Жетібай ауылының тұрғыны. Ол өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған. Бүгінгі қос ауданның ауылдық округінде жаңа сайланған әкімдер тіркеліп, тікелей қызметтеріне кірісіп кетті, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жармағанбет Айтуаров.

Жетісу облысында жаңа сайланған әкімдер ел сенімін ақтауда
Шығыс Қазақстан облысында Amanat партиясы ұсынған 3 кандидат ауыл әкімі болып сайланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу