Жылына 120 мың киім тігеді
Сайрам ауданының Қарабұлақ елді мекенінде «RaiINTEX» компаниясының тігін филиалы жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 120 000 арнайы форма (ІІМ) тігуге қауқарлы. Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 80 миллион теңгені құрайды.
Аталған инвестициялық жоба барысында 110 жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын 30-дан аса маманды жұмыспен қамтамасыз етіп үлгерді. «RaiINTEX» ЖШС-і Сайрам ауданына өндірістік қуаттарын кеңейтуде үлкен әлеуетке ие. Себебі Сайрам ауданы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша көш бастап тұр. Ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша екінші, халық саны бойынша 226,2 мың адамды құрап 1-ші орында.
Алдағы уақытта аталған компания Көлкент ауылдық округінде тағы бір тігін филиалын іске қосуды көздеп отыр. Жобаны іске қосу өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді.
Жалпы Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, Сайрам ауданында ағымдағы жылғы 1-қазанға ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 23 416 бірлікті немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 1232 бірлікке артқан немесе 105,6 пайызды құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 20 147 бірлікті құрады. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 28387 адам. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің өндірген өнім көлемі 169,3 миллиард теңгені құрады, 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда өсім 121,5 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы («Бизнестің жол картасы 2025»/Ұлттық жобаның 2-ші бағыты) кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіруді арттыру бойынша биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында 55 жоба 5871,8 миллион теңгеге нақты қаржыланды.