Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелері – Сауран ауданындағы А.Усенов атындағы орта мектеп ұжымымен кездесті. Оған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Б.Сүлейменов, Amanat партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы С.Асылбеков, аудандық мәслихат депутаттары С.Рысбеков, С.Оразбеков, білім саласы өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Б.Сүлейменов өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауының мән-маңызына тоқталды. Елдегі ақша және несие саясаты, салық жүйесі және ауылшаруашылығы саласындағы қаржының игерілуі туралы ойын ортаға салды. Дамыған елдерге қарағанда Қазақстанда қаржы ұйымдарының табысы қомақты екенін, сөйте тұра шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде мән беретін мәселе аз еместігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақстанда АЭС салуды заман талап етіп отырғанын жеткізді.
- Өздеріңіз білесіздер, бізде электр энергиясы өте қымбат әрі тапшы. Ел экономикасының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді кез келген саласында электр қуатынсыз жұмыс жүрмейді. Ал электр энергиясын молынан өндірудің бірден-бір жолы – атом электр стансасын салу. Рас, кейінгі жылдары облысымызда желден, күннен, судан қуат алатын баламалы электр стансаларын салу қарқын алды. Бірақ ондай стансаларды салу қымбатқа түсуде. Өйткені оған қажетті құрылғылар сырттан келеді. Су электр стансасын салу үшін су тапшылығы болмауы керек. Бізге қарағанда судың басында отырған Қырғыз Республикасы секілді мемлекеттердің су стансасын салуға мүмкіншілігі жоғары. Әсіресе ауызсу тапшылығы электр энергиясынан кейін екінші орында тұр. Халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін де электр энергиясы керек. Ал күннен қуат алатын электр стансасын салатын болсақ, оған мыңдаған гектар жер қажет.
Қазіргі таңда әлемнің дамыған мемлекеттерінде 400-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Одан бөлек жаңадан салынып жатқан атом электр стансалары да аз емес. Егер біз де атом электр стансасын салатын болсақ, өз-өзімізді электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқа сату арқылы пайда табуға да болады. АЭС көмірмен жылытылатын стансаларға қарағанда экологиялық жағынан зиянсыз. Атом саласының маманы емеспін, бірақ өзім ізденіп оқыған нақты ақпараттарды сіздермен бөлісіп отырмын,- деді Б.Сүлейменов.
Сондай-ақ кездесу барысында штаб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында атап өтілген әрбір бағытқа талдаулар жасады. Штаб мүшелері Жолдаудың басты бағыттары мен 6 қазан күні өтетін референдум бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді. Штаб мүшесі Баймахан Тоймаханұлы Жолдаудың әр бағытына жеке-жеке тоқталды. Жолдаудың негізгі мақсаттары мен бағдарламалары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Әсіресе «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» бағдарламалары мен жобалары аясында ауқымды жұмыстардың қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатқанын тілге тиек етті.
Кездесуде штаб төрағасы С.Асылбеков 6 қазан күні өтетін атом электр станциясы салу жөніндегі референдумдың маңыздылығын атап өтіп, ұжымды белсенді қатысуға шақырды. Ол АЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ екенін, бұл жобаның экологиялық тұрғыдан қауіпсіз екендігін түсіндірді.
Аудандық мәслихат депутаттары С.Рысбеков Чернобыль мен Фукусима стансаларында орын алған апаттар жайлы білгенімен бөлісті. Ондағы жарылыстың бірі қызметкердің қателігінен болса, екіншісіне зілзала себеп болғаны, десе де әлемде қазір реакторлардың төртінші буыны пайдаланылып жатқаны жайлы деректер келтірді.
Ал С.Оразбеков еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының тапшылығы жыл сайын орта есеппен 3 пайызға өсіп жатқанын, атом электр стансасының құрылысы мұны еңсеруге айтарлықтай көмегін тигізетінін жеткізді.
Штаб мүшелері білім қызметкерлерін 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз қөзқарастары бойынша дауыс беруге шақырды. Жиын соңында ұжым мүшелері АЭС салуға қанша қаржы жұмсалатыны, атом қалдығын жою мәселесі, радияцияның тірі организмге зияны секілді сұрақтарын қойып, тұшымды жауапқа қанықты.