Бізге ертеңгі күнге деген сенімді арттыратын тұрақты және қауіпсіз энергия көзі қажет

Oinet.kz 08-09-2024 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының төртінші бағытында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттілігін басты назарда екендігін айтты. 

Screenshot_8.jpg

Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі – энергия өндіретін жаңа нысандар салу арқылы энергия тапшылығын азайту, тұтынушыларға арналған тарифтың орынсыз өсуіне жол бермеу. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері қажет екендігіне баса назар аударып, еліміздің энергия сұранысын қанағаттандыра алатын атом энергиясы керек екендігін айтты. Ал, мемлекет өміріндегі әрбір маңызды мәселелер халықтың келісімімен жасалуға тиіс. Осыған байланысты Президент АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумды 6 қазанға белгіледі.

Осыған орай елімізде АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабтың мүшелері еліміздің түкпір-түкпірін аралап, насихат жұмысын жүргізуде. Мәселен, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Павлодар облысының Ақсу ауданы мен Павлодар қалаларында болып, энергетикалық корпорацияның ұжымымен, сондай-ақ, металлургия саласында еңбек ететін мамандармен кездесті. Штаб мүшелері сарапшылар қауымдастығымен және белсенді жастармен де жүздесті. Іс-шаралар барысында АЭС салу мәселесіне қатысты референдумның маңызы мен мәні талқыланды.

АЭС-тің маңызы мен өзектілігі жайлы мәселе туындағанда дамыған елдердің осы саладағы тәжірибесіне жүгінген дұрыс. Мысалы, Франция халқы тұтынатын электр қуатының 80 пайызы АЭС-ке тиесілі, ал бұл көрсеткіш Швецияда 75, Белгияда 65 пайызға жетеді. Дүниежүзіндегі қуаты жағынан ең мықты, әрі үлкен атом станциясы Оңтүстік Кореяда орналасқан. Бүгінде бұл ел тұрақты, кепілдендірілген, әрі қолжетімді энергия көзінің арқасында қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта әлемнің отыздан астам елінде 200-ге жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Әлемдегі дамыған және дамушы мемлекеттердің тәжірибелерінен атом энергетикасы сұранысты қамтамасыз етіп отырғандығын көруге болады.

Еуразиялық энергетикалық корпорациясының және Қазақстан алюминийі компаниясының ұжымдарымен кездесулерде Штаб мүшелері энергетика саласындағы маңызды проблемаларға, нақты айтқанда, оның тапшылығына және электр стансаларының тозуы мен импортқа тәуелділік мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Сенат Төрағасы атап өткендей, Қазақстан жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы орайда елімізде көміртегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл ретте елдегі энергия тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар бар. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған көмір стансаларының тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жетті. Әрине, еліміз табиғи ресурстарға бай. Дегенмен, олардың көпшілігі қайта қалпына келмейтін ресурстар екенін ескеруіміз керек. Яғни олардың қоры шексіз емес. Сондықтан елдің жарқын болашағын қамтамасыз ететін, ертеңгі күнге деген сенімді арттыратын тұрақты және қауіпсіз энергия көзі қажет. Бұл ретте дәл осы атом электр стансасы ұзақ жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ететін әлеуетке ие, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Сенат Төрағасы жас буынды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін тілге тиек етіп, осы саладағы реформалардың мәніне назар аударды. Палата Спикері ел болашағына ықпал ететін мәселе күн тәртібіне шығарылған референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды рөл атқаратынын айтты.

Штаб мүшелері өңірдегі сарапшылар қауымдастығымен кездесуде жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие екеніне тоқталып өтті. Сұхбат кезінде АЭС-тің елге берер игілігін халыққа сапалы әрі жан-жақты түсіндірудің маңызды екені де айтылды.

«Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолында өз атом электр стансасын салу мәселесі өте өзекті. Мұндай жоба мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің электр энергиясының импортына тәуелділікті азайту бағытына да мультипликативті әсер етеді. Мұндай қадам жоғары білікті мамандар даярлауға, Қазақстан экономикасының инновация мен ғылымды қажет етуін арттыруға да тың серпін беретіні анық», – деп, Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысының АЭС салу туралы бастамасын қолдауға, сол арқылы елдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

АЭС салуды елде қолдауға шақырды
Медицина мамандарын референдумға қатысуға шақырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу