Өнерін еліне арнаған әнші
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету.», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ия, мемлекет басшысы айтқандай қоғамда өз ісіне адал, кәсіби маман, халыққа қызмет етіп жүрген, қарапайым еңбек адамдары көп-ақ. Олар өз ортасына сыйлы, абыройлы екені анық. Алайда еңбек адамдарына жалпы қоғам болып құрмет көрсетуге дағдылануымыз қажет. Бүгінгі кейіпкеріміз теріскейлік жас өнерпаз, әнші Айдос Әлқуат нағыз еңбекқор әрі патриот азамат. Себебі ол үлкен өнер ордасын тәмамдап келсе де, елмен бірге еңбек етуге туған жеріне оралды. Үлкен шаһар немесе шетелдерге ұмтылмады. Әйтпесе оның түрлі байқаулардан жеңіп алған жүлделі орындары да жетерлік. Бұл оның туған жеріне деген ыстық ықыласы деп білеміз. Қазір Айдос Созақ аудандық Мыңжылқы мәдениет сарайында қызмет етеді.
Мен осында қазыналы қарт Қаратаудың баурайында жатқан сырлы да шежірелі Созақ жерінде дүниеге келдім, кіндік қаным тамған жер Созақ өлкесі. Басқа қалаларда да қызмет етуімен болар еді. Бірақ мен өз ауылыма қатуға мақсат еттім. Еңбек жолымды 2014-2016 жылдар аралығында Созақ ауданы әкімдігіне қарасты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында жұмыс істеуден бастадым. 2016 жылы білімімді одан әрі жетілдіру үшін Алматы қаласындағы Қазақ өнерінің қа¬рବ¬¬ шаңырағы кәсіби өнер майталмандарын дайындайтын, көптің қолы жете бермейтін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. 2020 жылы аталған оқу орнын «Эстрада солист-вокалисі және эстрадалық вокал оқытушысы» мамандығы бойынша үздік тәмамдадым. Осы оқу орнында жүргенде аға оқытушы, өнер магистрі, кәсіби вокал маманы, әнші Меруерт Жақсыбекқызының көп қолдауын көрдім. 2018-2020 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қайрат Нұртас өнер мектебінде вокал оқытушысы, сонымен қатар Алматы технологиялық университетінің «ATU music» вокал үйірмесінде студенттерге өзім студент болсам да вокалдан сабақ бере жүріп, білімімді шыңдай түстім. Сондай үлкен оқу орнын бітірген соң бәріміз үлкен мегаполистерде қала берсек не болады? Мына шалғайдағы біздің ауданымыздың оның ішінде ауылымыздың да мәдениеті мен өнерін дамытатын адамдар керек қой. Біздің ауданымыз киелі жер. Жазушы М.Әуезов атамыздың өзі «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп айтып кеткен. Созақ жерінен қаншама күйшілер, дарынды композиторлар, әншілер шыққан. Сол аға-апаларымыздың жолын жалғап, осында өзім туып-өскен елдің мәдениеті мен өнеріне титтей де болсын үлесімді қоссам деп келдім, сондай арманым болғандықтан, оқуды бітіре сала осында келдім. Оның үстіне аудан басшылығынан да ұсыныстар болды. «Осы өңірдің азаматысың, ауылды көркейтуге еңбек етсең» деген еді, сол ұсыныстарды қабыл алып, бүгінде Созақ аудандық «Мыңжылқы» Мәдениет сарайында қызмет етіп жатырмын»,- дейді Айдос.
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Созақ халық театры жұмыс істейді. Түрлі қойылымдар қойылады. Жыл сайын облыста өтетін театр фестивальдеріне қатысады, бірнеше рет арнайы алғыс хаттармен марапатталған. Сахнасы 550 орындық. Айдос сол Созақ халық театрының мүшесі. Мұнда түрлі концерттік іс-шаралар, аудандық байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе қазіргі кезде ауыл мәдениетін көтеру үшін түрлі жаңаша байқаулар ұйымдастырылуда. Айталық, жанды дауыстағы концерттер. Міне, осындай шаралардың бәріне кейіпкеріміз белсене қатысып келеді. Сондай-ақ өз кезегінде ауданнан жас талант иелерін анықтап, оларды қолдау мақсатында аудандық, облыстық және республикалық байқаулар мен концерттерге қатысуына ықпал етіп, көмек көрсетуде.
«Былтыр Қызылорда облысында өткен Роза Бағланова апамыздың 100 жылдығына орай өткізілген «Ақмаңдайлым» республикалық конкурсына қатыстым. Жалпы, ауданның ғана емес, Түркістанның да намысын қорғап жүрміз. Өнер адамдары лайықты бағасын алып жүр деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, жоғары басшылықтан өнер адамына қажет қошемет пен ықыласқа бөленіп жатырмыз. Мереке сайын өнер және мәдениет қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталып жатыр»,- дейді жас әнші.
Мамандығына деген құрмет пен адалдықты ұстанған маман иелерінің жұмысының астарында үлкен еңбек жатыр.
Өнер иелерінің көбісі өзін-өзін дамыту үшін, өсу үшін үлкен қалаларға ұмтылатыны жасырын емес. Алайда Айдос ауылда жүріп-ақ жетістікке жетуге болатынын, армандарға жетуге болатынын дәлелдеп отыр. Нағыз еңбек адамы осындай қасиеттерге ие болса керек!