Несие - кәсіпке бастама

Oinet.kz 03-11-2023 199

image.png

Жаңа  кәсіп  бастау,   өзінің  сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман. Десе де көп жағдайда арманның соңынан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат пен білімнің жетіспеуі де адамға дұрыс бағыт таңдауға қиындық келтіреді. Осы ретте өз кәсібімді ашам деушілерге мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек.

Бүгінде Созақ ауданында халықтың табысын арттыруға септігін тигізіп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған азаматтардың саны арту үстінде. Соның бірі — Созақ ауылының тұрғыны Жамила Айдарбекқызы. «Елжан цехы» Жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 2,5%-бен 5 200 000 теңге несиеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауи үлгідегі тігін құралдарын алып, кәсібін ұлғайтып отыр.

— Ең алғаш бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға тарта басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан, жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын, — дейді кәсіп иесі.

Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Күніне 750-800 дейін күлше пісереміз дейді. Мұнда бес адам еңбекпен қамтылған.   «Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі, жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін. Қазіргі таңда 10 дүкенге өткіземіз. Тәтті күлшенің 6 түрін және пәтір нан пісіреміз. Бұдан да үлкейтсек дейміз. Өзіміздің таза өнімді тек осы ауылды емес, сыртқа көрші совхоздарға шығарсақ дейміз»,- дейді  Шолаққорған ауылының тұрғыны.

  Өткен жылы Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген.  Маржан Ысқақова,:  «Биылғы жылға 65 азамат жоспарда бар. Оның бүгінгі күнге 16-сы қамтылды. 2-легіне құжат қабылдануда. Еңбекке қабілетті мүгедектер, көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, жұмыссыздар, тек сол санатқа жататын азаматтар ғана өтінім бере алады»,- дейді  Созақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы. 

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 миллион теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Биыл Түркістан облысында өз жобасын ұсынып, кәсіпкерлікті дамытамын деген 3 мыңға жуық азаматқа қайтарымсыз гарнт беріледі деп жоспарлануда. 

Кәсіпті ас атасы – нанмен бастаған
Қауіпсіздік шаралары түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу