Кәсіпті ас атасы – нанмен бастаған

Oinet.kz 02-11-2023 266

 image.png

Еңбек адамы — әлеуметтік құрылымдардың ең басты да маңызды бөлшегі. Қарапайым еңбекқордың мәртебесін көтеруге, оларды ел арасында насихаттауға басымдық беру жайлы жиі айтып жүрміз. Бұл да Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең ұнамды тұжырымдамасы болды. 

«Нан бар жерде ән бар» дейді қазақ халқы. Елді ас атасымен тойдырып жүрген жандар қашанда құрметке лайықты болған. Себебі ол – еңбек адамы. Созақтық наубайханашы Аманқыз Орынбасарқызы да ел ішінде сый-құрметке ие. Оның наубайханасында піскен нанды Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылының тұрғындары сүйсініп жейді. Әрбір естіген жақсы лебізге балаша қуанатын Аманқызды жұрт кең пейіл, елгезек, ашық-жарқын адам деп таниды.

Оның нан пісіру кәсібін нәсібіне айналдырғанына да көп бола қойған жоқ. 2018 жылдан бастап нан жабу ісін қолға алған. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш тағы да басқа тәтті нан өнімдерін шығара бастады. Бүгінгі таңда фастфуд өнімдерін де қолға алып, нәсібін ұлғайтуда. 

«Бар берекенің бастауын осы кәсіппен айналысқалы көріп келем. Жалпы өзім үй шаруасындағы анамын. Ең алғаш кәсібімді 2018 жылы нан жабу ісімен бастадым. Уақыт өте келе түрлі тәтті нан өнімдерін шығарып, жұмысыма деген қызығушылығым арта түсті.  Осылайша бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, чикен, котлет, балық және лаваш, фастфуд өнімдерін де қолға алдым. Ауылым аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын», - дейді кәсіп иесі. Сонымен қатар, қазіргі таңда той, жиындар да жиі өткізілетіндіктен қосымша тағамдарға да сұраныс түсіп отыратынын айтып өтті. 

Нәлібек Аманқыз Орынбасарқызы бүгінде 49 жастағы 5 қыздың анасы. Мамандығы – есепші-экономист. Жолдасы Балағазы Қыстаубаев та нағыз еңбек адамы, зауытта жүргізуші болып жұмыс істейді. Келін болғанына биыл жиырма сегіз жыл толған кейіпкеріміздің қайын атасы I топтағы мүгедек еді. Кәсібін бастамай тұрып үй шаруасымен айналысқан Аманқыз атасының да жағдайын жасап, қыздарының тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлуге де үлгеретін. Атасы дүниеден озған соң «Оңтүстік жарық» энергетикалық ұйымында есепші болып бір жыл қызмет атқарған. Одан кейін, он жыл мемлекеттік балабақшада  шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жұмысымен қатар нан пісіріп сатуды әдетке айналдырып жүрген. Ел ішін індет жайлаған карантин уақытында наубайхана ісін толығымен қолға алып нан өнімдерінің бірнеше түрлерін шығара бастады. Қыздары қолғабыс болып көмектескеннен кейін нанмен қоса түрлі тағам түрлеріне де тапсырыс қабылдайтын болған. 

«Көршілес ауылдардан да көптеп тапсырыс түсіп жатады. Тұрақты клиенттерім бар. Нанды қолмен ашытамын, барлық жұмысты қолмен істеймін. Ауылдағылардың көбісі «сенің қолыңнан шыққан нан тәтті болады» деп шабыттандырып қояды. Мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламалар аясындағы қайтарымсыз грантқа үміткер ретінде өтінім білдіргенмін.  Алайда, грантқа статусым сәйкес келмей ала алмадым. Егер қаржылай көмек болса әлі көптеген жаңа идеяларым бар. Жартылай фабрикаттар шығарғым келеді. Өнімдеріме манты, пельмен котлет қосқым келеді.  Қасыма көмекші алсам деймін. Әрине, алдағы уақытқа жоспар көп. Халқымыз «ас атасы – нан» дейді. Нанды қастерлеп, қадір тұтқан. Бала кезден нанды жерге тастамасын, тапталмасын деп үйреткен. Нан – қадірлі, қасиетті ас. Нанмен жұмыс істеуде адалдық қажет. Сол адалдықпен Алла бұйыртса барлық мақсаттарыма жетіп, кәсібімді дамытамын деп ойлаймын. Қазіргі таңда, елімізде кәсіпкерлерді қолдау жақсы жүзеге асып жатыр. Мұның пайдасы тек кәсіпкерге ғана емес, жұмыссыздарға да тиімділігі бар. Жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – кәсіпкерлерді қолдау. Себебі, адамдарды жұмыспен қамтитындар сол, кәсіпкерлер» дейді Аманқыз Орынбасарқызы.

Жалпы, аудандарда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілетін қолдау көп. Бастысы, тұрғындардың еңбекке деген ұмтылысы жоғары. Берекелі істен несібесін айырып жүрген жуантөбелік кәсіпкер Аманқыз Нәлібек те кәсібінің кең көлемде дамып кетуіне сенімді.

Кәсіпті ас атасы – нанмен байланыстырған Аманқыз шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол екеніне сенеді. Бұл туралы «Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екендігінің белгісі. «Дастарханымыздан нан үзілмесін» деген ниетпен наубайхана бизнесімен айналысуға бел будым. Ісім оңға басып келеді. Қуаныштымын», – дейді ол. 

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – наубайханасын кеңейтіп, жұмысшылар алып, аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Қазір ол өнімдерін аудандағы бірнеше дүкендерге өткізеді. Тірлігі қызу  наубайхананың есігі жабылмайды, кісі аяғы арылмайды. «Адамның атын еңбек шығарады» деп білетін кәсіпкермен әңгімеде оның наубайхана кәсібінен бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлетінін  білдік. Аманқыз  жөнін білсең, жұмыстың жаманы жоқ екенін, еңбек еткенге бақыт та басын иетінін түсінеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады деп біледі.

Тұтынушылар тарапынан нан өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Бұларсыз күнделікті астан бастап, үлкен жиындарға дейін дастарқан мәзірінің сәні кірмейтіні баршамызға аян. Оның үстіне ас атасы кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінде табылуы тиіс.

“Еңбек еткен адамның еңсесі биік” дегендей, Аманқыз Орынбасарқызы мұндай сұранысты толық қанағаттандырып, дәмді өнімдерін аудан нарығына саудаға шығарып созақтықтардың алғысына бөленуде. Көпбалалы ана отбасылық кәсіпті дамытып, тіпті, қыздарына мұра етіп қалдыруды жөн санайды. Еңбектің нанын жеп, кәсіпкерліктің көзін тапқан ол дөңгеленген шаруасын әрі қарай үлкейтуді қолға алуда. Болашаққа сеніммен қараған Аманқыз әлі де бағындырар белестердің көп екеніне сенеді. Бүгінгі нарық кәсіпорыннан заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Өндірістің көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы әрдайым бақылауда. Тұтынушы үшін ең бастысы – нанның дәмдік қасиеттері мен жоғары сапасы. Ол мұны жете түсінеді.

Ауданның экономикалық әлеуетін барынша арттыру мақсатында халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан өнімі өтімді, жұмысы жүйелі наубайхана әр қазақтың дастарханын нанға толтыра берсін демекпіз.

Жұмыспен қамтылған жан көп
Несие - кәсіпке бастама
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу