Жұмыспен қамтылған жан көп
Қазақстанда «Еңбек адамы» тұжырымдамасы қалыптасқалы бері көптеген жобалар іске асырылғаны анық. Осы орайда «AMANAT» партиясы да қарапайым еңбек адамының қызметі еленіп, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуге білек сыбана кіріскен. Жалпы республикада бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Еңбек адамы мәртебесі жеткілікті деңгейде бағаланып жатқанын да айта кету керек.
Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайтыны анық. Адамзаттан асып туған дарыны болмаса да, талпынысымен кәсібін жоқтан жасап, бүкіл әлемге байлығымен танымал болғандарды естіп те, көріп те жүрміз. Ен байлықтың үстінде кедейшілік хал кешкен кімге ұнай қойсын?! «Кедейлік психологиясы» деген термин бар екен. Бұл – жоқшылыққа етің әбден үйреніп, сүйекке сіңер болса, ол ген арқылы бала-шағаңа берілмек. Яғни, қазір кедейлікке бой ұсынсаңыз, бүкіл ұрпағыңыздың тағдырының талайына жоқшылықты жазып кеткеніңіз. Әрине, бұл психологиялық болжам ғана. Дегенмен, «әрекет түбі – берекет» демекші, тынымсыз еңбек пен талпыныс қана адамға азық. Бүгінде нәсібін кәсіптен тауып еңбектеніп жүргендерге мемлекет тарапынан қолдау да, қорғау да бар.
2021 жылдың қазан айында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қазақстан Республикасы Үкіметі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» бекіткен болатын. Аталған ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, оның өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты - кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, оның ішінде халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту. Жауапты мекемелер мен орталықтар осындай маңызды міндеттерді алға қойып, жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мысалы, Түркістан облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің Созақ аудандық Мансап орталығы осы жылы Ұлттық жобамен төрт мыңға жуық адамды қамту жоспарланған. Жыл басынан бері тамыз айына дейін 2826 адам қамтылған. Демек, жылдық жоспарларының сексен пайызы орындалған. Аудандағы жұмыссыздар, өздігінше жұмыспен қамтылғандар жоспарға сәйкес жұмыспен қамтылуда.
Аталған орталықтың директоры Елдос Орынбасарұлының айтуынша, Ұлттық жобаның бірінші жобасы - «Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту» шеңберінде жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес оқу орнында жұмыссыздарды оқытуға 15 адам, жұмыс орнында оқытуға 9 адам жоспарланып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында оқуға жолданған. Ал, Ұлттық жобаның екінші жобасы - «Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау» аясында қоғамдық жұмысқа 500 адам жоспарланса, тамыз айына дейін 835 адам қамтылған. Әлеуметтік жұмыс орнына байланысты жоспар да толығымен орындалған. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары бойынша да жоспарға сәйкес қарқынды қызметтер атқарылуда.
Ұлттық жобаның үшінші жобасы - «Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау» аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға жыл басынан бері отыз екі адамға комиссия шешімімен мемлекеттік қайтарымсыз грант беріліп, қолдау көрсетілген.
Айта кетейік, жұмыссыз азаматтарды қолдау мақсатында халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жыл сайын субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырады.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардан қабылданады. Бағдарламаға бір жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, тұрақты түрде салық және басқа да әлеуметтік төлемдер жүргізетін, еңбекақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер қатыса алады.
Субсидияланатын жұмыс орындары:
- Қоғамдық жұмыстар;
- Әлеуметтік жұмыс орындары;
- Жастар практикасы;
- Алғашқы жұмыс орны» жобасы;
- «Ұрпақ сабақтастығы» жобасын қамтиды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған; 29 жастан аспаған және жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. Бірінші жыл ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 20 АЕК-ке дейін.
«Ұрпақ сабақтастығы» жобасы да жастарға арналған, онда жас маман зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шыққан маманды алмастыруға дайындалады. Алты ай ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 20 АЕК-ке дейін.
«Жастар практикасы» бағдарламасы ол үш жыл бұрын диплом алған, жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарының түлектері арасында жүзеге асырылады. Өту ұзақтығы – еңбекақыны 25 АЕК-ке дейін субсидиялай отырып, алты ай.
«Қоғамдық жұмыстар» – халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын, қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, 1 ЕТЖ-дан төмен емес еңбекақыы субсидиялай отырып, 12 айдан аспайтын кезеңге әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрі.
«Әлеуметтік жұмыс орны» жұмыс беруші тарапынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құрылады, олардың арасында тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдар басымдыққа ие. Бұл ретте еңбекақыны мемлекет субсидиялайды (35%-ға дейін).
Бағдарламаларға қатысу үшін жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталықтарына өтінім, заңды тұлға және (немесе) жеке кәсіпкерліктің мемлекеттік тіркеуі (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе куәліктің көшірмесі, сондай-ақ заңды тұлға жарғысының көшірмесін беруі тиіс.
«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21 мен 35 жасқа дейінгі жастарға шағын несиемен біршама азаматтардың құжаттары жинақталып Агронесие корпорациясына өтініштері қабылданған. Комиссия қарауына өткен он төрт адамның он бірі комиссияның оң қорытындысын алған. Мұның өзі – нәтижелі жұмыс.
Орталықтың директоры Елдос Даулетбаев: «Бүгінде ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Әсіресе жастардың көбі өздерінің кәсіптерін ашуға ден қойған. Бұрынғыдай «жұмыс жоқ, кәсіп бастауға акша жоқ» деп сабылып жүрген адамды сирек кездестіруге болады. Себебі, кәсіпке ден қойған адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Аудан көлемінде кәсіпкерлерді қолдау, жаңадан бизнес ашықысы келетіндерге бағыт беру бойынша бірқатар жұмыстар атқарып келеміз. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасына сәйкес 501 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жылы 550 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жеті жүзге жуық адам бос жұмыс орындарына орналастырылды. Алдағы уақытта да тиісті жұмыстарды атқарып, нәтиже көрсетуге тырысамыз. Бір қуантарлығы, жұмыс іздеп, кәсібін дамытқысы, бизнес ашқысы келетіндердің басым бөлігі – жастар. Қазіргі таңда біздің елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген мәселелер қарастырылып жатыр. Елімізде жұмыссыздық мәселесі көбінесе жастардың әлеуметтік әл-ауқатына ерекше әсер ететін мәселелердің бірі. Себебі, Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Жастар – ел болашағы. Ал, болашақ бағдарсыз болмайды. Біздің негізгі мақсатымыз осы Жаңа Қазақстанның жастарына қолдау көрсету. Орталық қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаларға, қайтарымсыз гранттар мен несиелерге байланысты түсіндірме жұмыстарымен де жиі айналысады. Жаһанды жайлаған жұмыссыздықпен күресу үшін біз осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Президентіміздің тапсырмасы да соны меңзейді. Қазіргі таңда, кәсібін дамыта алмай жүргендерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Сондықтан да, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, халықты жұмыспен қамтуға, еңбектенуге, кәсібін ары қарай дөңгелетуге көмек беруіміз қажет. Әр өңірлерде осы бағыттағы жұмыстар қарқынды қолға алынып келеді. Оң нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Қазір қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Мүмкіндік көп. Айтуға оңай. Айлықтан айлыққа, немесе «мамандығым жоқ екен» деп, өлместің күнін кешіп, күн көруге де болады. Өлмейін де, қалмайын. Жаман емес, ешкімге кіріптар емессің, ешкімнен нан да сұрамайсың. Бір қалыпты өмір. Бірақ, мемлекет тарапынан жасалатын, атап айтқанда, шағын және орта бизнесті дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несие алып, өз кәсібіңді бастасаң, ешкім қолыңнан тартып алмайды. Әрекет етіп, кәсіп етемін десең, білгеніңді қыл деп те жатқан жоқ. Керісінше, ұшқыр ойың мен талпынысың болса – құба-құп. Ойға да, іске де еркіндік берілген кезде өзіңді ғана емес, өзгенің де жұмыс жасап, күнелтуіне қол ұшын берсең, дұрысы – сол. Кәсіпкерлерді қолдау арқылы отандық өнімнің сапасын арттырып, шет мемлекеттерге өз өнімдеріміз арқылы таныламыз. Сондықтан да әрдайым кәсіпкерлерді қолдауға, түсіндірме жұмыситарын жиі жүргізуге, олардың мәселелерін шешуге ат салысуға әзірміз. Мемлекеттік бағдарламалардың игілін көру үшін аудан тұрғындарымен тығыз байланыстамыз. Алдағы уақытта да кез-келген тұрғынның мәселесіне құлақ түріп, кеңес береміз», - деді.
Иә, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар жұмысыздық деңгейін азайтып, шағын және орта кәсіпкерлік санын арттыру, халықты өз өнімін өндіруге үндеу. Бірақ бұл сұрауы жоқ дүние емес. Әр нәрсенің жөні бар. Ең басты талап – мемлекет қаржысы желге ұшпай, шын мұқтаждар діттеген мақсатына жетсе деген пейіл ғана.