«Ауыл аманаты» - шарапатты бағдарлама

Oinet.kz 07-11-2023 284

image.png

Жұмыссыздық қашанда қоғамды тығырыққа тірейді. Ал бұл тығырықтан шыға алмасаң тұңғиыққа батып кетесің. Сол себепті қай мемлекет болсын ең алдымен өз азаматтарын жұмыспен қамтудың әрекетін жасайды. Бұл тұрғындан алғанда Қазақстан өзге елдерге үлгі. Себебі елімізде тұрғындарды жұмыспен қамтудың түрлі шаралары атқарылып, талай жобалар ұйымдастырылып,  жемісін беруде. Қазіргі біздің  мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Қазір ғана емес, елдің тұрмысын түзеу қай кезде де қоғамдағы ең өзекті мәселе екендігі анық. Осы орайда елімізде кәсіп ашуға ниет азаматтарды қолдау, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, қосымша кірісті молайту бағытында көптеген бастамалар қолға алынуда. Соның бірі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы.

Созақ  ауданының әкімі өткен аптада Мұхит Тұрысбеков аталған жоба аясында Құмкент ауылдық округі тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді. Онда ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиенің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті.  Шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, сала мамандары тарапынан толықтай жауап берілді. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша Созақ және Құмкент ауылдық округтарынан 70 азамат құжат тапсырып үлгерді. Оның ішінде Құмкент ауылдық округынан 9 азамат 35 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, 17 азаматтың құжаттары 69 млн теңгеге мақұлданды. Дәл осылай Созақ ауылдық округында 12 азамат 55,500 миллион теңге несие алып, 36 азаматтың құжаты 158, 250 миллион теңгеге мақұлданып отыр. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтары ұсынылды. Бүгінде Жартытөбе ауылдық округынан «Сенбек-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамына 64 азамат тіркелген. Шолаққорған ауылдық округі бойынша «Созақ Агро өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 70 адам тіркелді. Кооператив мүшелерін тіркеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Тіркелген азаматтардың бірқатары құжаттарын тапсырып үлгерген.

Жалпы, Созақ өңірінде өзінің кәсібін бастап, бүгінде соның жемісін көріп жүрген тұрғындар көп. Солардың бірі –  Жуантөбе ауылының тұрғыны, 49 жастағы Аманқыз Орынбасарқызы 2018 жылдан бастап нан жабу ісін қолға алған. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш тағы басқа да  тәтті нан өнімдері түрлерін шығара бастады. Бүгінгі таңда фасфуд өнімдерін де қолға алып, нәсібін ұлғайтуда.

– «Ас атасы – нан» демекші, бар берекенің бастауын осы кәсіппен айналысқалы көріп келемін. Жалпы өзім үй шаруасындағы анамын. Ең алғаш кәсібімді 2018 жылы нан жабу ісімен бастадым. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш, тәтті нан өнімдері түрлерін шығарып, жұмысыма деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, чикен, котлет, балық және лаваш сияқты фасфуд өнімдерін де қолға алдым. Ауылым аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын,– дейді кәсіп иесі. Сонымен қатар, кәсіпкер қазіргі таңда той, жиындар да жиі өткізілетіндіктен қосымша тағамдарға да сұраныс түсіп отыратынын тілге тиек етті.

Теріскейде шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпорындар да аз емес. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жақында  осындай шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Сапар барысында «Бабата-1» ЖШС-ы егістігінде болып, онда мал азығының бағасы, жерді тиімді пайдалану, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, жұмыс жүргізетін азаматтарға беру жайы талқыланды. «Бабата-1» ЖШС төрайымы Сәуле Қалдыбекованың айтуынша, биылғы жылы 120 гектарға бидай өнімі, 595 гектар алқапқа жоңышқа егілген. 

Бұдан соң аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы арнайы «Бірлік» шаруа қожалығына барды. Онда жүріп жатқан күзгі дала жұмыстарымен танысып, өнім көлемі мен сапасын назарға алды. Сондай-ақ биыл ауданда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармайға ниет білдіруші ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 240 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінгенін айтып өтті. Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа арпа дақылдарын егіп, ору науқанын бастап кеткен. «Биыл астық ору науқанын өткен жылмен салыстырғанда 10-15 күн ерте бастадық. 3 комбайн жұмыс істеді»,– дейді жұмыс басында жүрген шаруалар. 

Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар ерте көктемнен бастап көктемгі егістік жұмыстарына белсене кірісіп, бүгінгі таңда 14302 гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде: бидай – 320 гектар, арпа – 1125 гектар, жүгері – 817 гектар, картоп –494 гектар, мақсары –100 гектар, көкөніс пен бақша дақылдары 964 гектар аумаққа егілді. Сонымен қатар, жаңа жоңышқа 2246 гектарды құраса, өткен жылмен қосқанда 9217 гектарға жетіп отыр. Аудан көлемінде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 368 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 160 трактор, 5 комбайн, 70 тіркемелер және 133 басқа да қосымша техникалар бар.

Сондай-ақ, аудан әкімі теріскей өңірінде уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты компания басшыларымен кездесті. Халық алдындағы жауапкершілікті бірге саралап, алда атқарылар жұмыстарды жан-жақты талқылады. Ауылдық округтар мен кенттерде демеушілік арқылы жасалатын көше жарықтандыру, аяқ жолдар, балалар ойын алаңшасы сынды бірқатар жобалар пысықталды. Сондай-ақ аудан басшысы алдағы қыс мезгілінде аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Айта кетері, биыл жыл басында аудан басшысы Астана қаласына арнайы іс-сапармен барып, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Ержан Мұқановпен кездескен болатын. Кездесуде мемлекет ұстанған саясатты бірлесіп жүзеге асыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру мақсатында іске асатын бірқатар жобалар ұсынылды. 

Биыл «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты еншілес компаниялардың демеушілігімен Шолаққорған ауылынан 5 көше, Таукент кентінен 3 көше, Шу ауылдық округының 2 көшесі мен Қылти елді мекеніне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ балалар ойын алаңшасы, аяқ жолдар, Шу ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктіне күрделі жөндеу, Тасты және Қаратау ауылынан «Ту тұғыры» алаңын салу сынды бірқатар жұмыстар қоса қамтылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма беріп, 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қайған болатын. Міне осы Жарлыққа сәйкес, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа¬жет¬ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.Бүгінде өңірлерде  аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие берілуде. Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 миллиард теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85 пайызы мал шаруашылығы саласына (35,8 миллиард теңге), 7 пайызы өсімдік шаруашылығына (2,8 миллиард теңге), 5 пайызы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6 пайызы басқа бағыттарға (1,1 миллиард теңге) берілген.

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы.  Облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард  теңге қаржы бөлінді.  Бүгінде мақұлданған жобалар нәтижесі бойынша  оңтүстік өңірі елімізде көш бастап тұр. 

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін¬дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор¬ган¬дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пай¬далануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң¬гелетіп отырған шаруасы бар көп¬теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.

Адал еңбегімен аты шыққан Нұрбол
Тұрмысын түзеген Жәмилә
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу