Шымкентте биылғы жылдың 10 айында экономиканың негізгі салаларында өсім байқалды
Шымкент қаласына - 2018 жылы Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қала статусы берілген болатын. Бұл тарихи шешім қаламыздың орталық Азиядағы ірі мегаполистермен терезесін тең алып жүруге жол ашты, экономикалық дербестік берді.
Қаламыздың 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы, 2023 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары әзірленіп, бекітілді. Төрт жылда қалада көптеген оң өзгерістер болып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсарды. Мәселен, қаланың даму параметрлеріне қарайтын болсақ, өткен төрт жылда экономиканың өсім динамикасын байқауға болады.
Мамандардың мәліметінше Шымкент қаласында биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында экономиканың барлық негізгі салаларында өсім байқалды. Атап айтқанда, қала әкімдігінің ресми деректері бойынша, биылғы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 750,3 миллиард теңгеге жеткен. Саладағы нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан. Мұндай өсімге негізінен мұнай өңдеу (22,3 пайыз), химия өнеркәсібі (29 пайыз) және фармацевтика (10,5 пайыз) секторларындағы өсімнің нәтижесінде қол жеткізілген.
Сонымен қатар Шымкент қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 150 миллиард теңгені (өсім 38,6 пайыз) құраған. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 599 мың шаршы метрге (өсім 26,2 пайыз) жеткен. Ал, шаһардағы сауда көлемі биылғы жылдың 10 айында 1 триллион 578,3 миллиард теңге болған. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың аталған кезеңіндегіден14,8 пайызға артып отыр.
Ресми деректер аталған кезеңде Шымкент қаласының экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 403,2 миллиард теңге болғанын көрсетеді. Яғни, бұл көрсеткіш те өткен жылдың тиісті кезеңіндегіден 18,3 пайызға артқан. Инвестицияның көбеюіне көп қабатты тұрғын үй құрылысы, құрал-жабдық сатып алу, ғимараттарды күрделі жөндеу және өндірісті кеңейтуге бағытталған қаржы мөлшерінің артуы себеп болыпты.